Есбергеновке ескерткіш орнатылды

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 3015
Бөлім: РУХАНИЯТ

Нұра ауылындағы көзайым жаңалық баршамызды қуантты. Аталған ауылдың негізін қалаушы, сол өңірдің өркендеуіне үлес қосқан ардагер Сағыныш Есбергеновке ауылдастары ескерткіш орнатты.

Мәдениет үйінің алдындағы тас мүсін – ағайын-туыс, ел-жұрттың өз перзентіне деген ерек құрметінің белгісі. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ ағамыздың өткеніне шолу жасап, өмірбаянына тоқталды. Шелек өңірінің тумасы Сағыныш Есбергенов қай істі қолға алса да өзінің жігерімен, қайратымен елге мәшһүр, сыйлы болды. Ауылшаруашылығы бойынша жоғары білім алған азамат туған жерге туын тікті. 
Білікті маманның дарыны мен қарымы мемлекеттің жоғары билігінің назарынан тыс қалмады. Мәселен, 1964 жылы мал шаруашылығын одан әрі өркендетуге бет бұрған Қазақ ССР Министрлер кеңесі Шелек өңірінен жаңа шаруашылық ашуды жоспарлағанда Сағыныш Есбергеновті жетекші етіп тағайындады. Төсіне із түспеген Сөгетінің аңызақ даласына қысқа уақытта ауыл орнату оңай емес. Кеңшардың жас директоры айналасындағылармен тез тіл табысып, өз ортасында сыйлы болды. Алғашында шаруашылық мәжілістері далаға тігілген шатырда өткізілді. Ешнәрсені қалт жібермейтін басшы әр істі жіті бақылап, қадағалап отырды. 1964 жылдың алғашқы кезінде-ақ ақшаңқан үйлер бой көтеріп, көрікті көшелер пайда бола бастады.  Осындай зор еңбектің арқасында  Нұра ауылы деген іргелі елді мекен пайда болды. Сағыныш Есбергеновтің еңбегі еленді. Сол кездегі мемлекеттің ең үлкен марапаттары – Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерін кеудесіне тақты. Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Ең бастысы, елдің ілтипатына бөленді. Артындағы ел-жұрты қазірдің өзінде-ақ жүрек қалауымен Нұраны – Сағыныш ауылы деп те атап жүргені сондықтан. 
– Ардагер ағаның өмір жолы ұрпақ үшін де, үлкенге де өнеге. Еліміз рухани жаңғыруға бет бұрған кезеңде өткен күндердің айтулы азаматтарын, тұлғаларын еске алып, оларды ардақ тұту бір ғанибет. Бүгін сондай бір оқиғаның куәсі болып отырмыз. Туған жеріне ту тігудің үлгісін көрсеткен Есбергенов мектебінен үйренеріміз көп, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Одан кейінгі сөз кезегін алған мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев Сағыныш Есбергеновтің елге арнаған қызметін тебірене еске алды. Сол тұста Кеңес ағаның өзі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген. Өмірдің заңдылығы сондай, батыр – майданда, тұлпар – бәйгеде сыналады. Сондай сынақтар Сағыныш Есбергеновтің пешенесіне жазылған кезде ол өмірдің емтихандарынан сүрінбей өтті. Артына көсегелі ауыл мен көшелі жұртты қалдырды. Кеңес Аухадиевтың мазмұнды әңгімесі нұралықтарды бір тербеп тастады. 
    Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі ең үлкен құрмет – халық құрметі екенін тілге тиек етті. Осы ауылдың түлегі, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Сүлеймен Мәмет Сағыныш ағаның рухына өлең арнап, жырдан шашу шашты. Сол сияқты Өмірғали Кенжебек, Аян Дәуітқұлов та жүрекжарды лебіздерін білдірді. 
Нұраның Сағыныш ауылы болып өзгергенін қалайтын ауыл тұрғындарының тілегі де жақында орындалып қалар деген үміт бар.  Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ардагердің жары Әйкен апа мен ұлы Ұлан жиналғандарға ризашылығын білдіріп, әулет атынан алғыс айтты. Шара концерттік бағдарламаға ұласты. Ал той салтанаты қаз-қатар тізілген киіз үйлерде жалғасты. Сағыныш атаның рухына құран бағышталып, үлкен ас берілді. 

Болат МӘЖИТ.
Еңбекшіқазақ ауданы.