Қайнар Олжай: "Мемлекеттік идеологияны қазақ журналистикасы нығайтады"

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 2217
Бөлім: РУХАНИЯТ

 

Қайнар Олжайды танымайтын оқырман да, көрерменде жоқ шығар. Жазғаны қоғам дертін тамыршыдай дөп бас қан қаламгер жуырда ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК басшылығының мұрындық болуымен жеті өзеннен нәр алған өңір журналистеріне дәріс берген еді. Сол сәтті пайдаланып, бүгінде тіл тазалығы үшін қажырлы еңбек етіп жүрген сала ақсақалымен әңгімелескенбіз

– Қайнар Қалиақпарұлы, сұхбатымызды көпті толғантқан сауалдан бастайын. Қазір газеттің дәурені өтті дейтіндер көбейді. Шынында мына заманда «Газет – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» болудан қап бара ма?

– Газет қазір де, болашақта да керек. Соңғы уақытта көптеген газет шығуын доғарып, сайтқа айналуда. Мәселен, «Алаш айнасы», «Экспресс» газеттері оқырманға онлайн қызмет көрсетуге көшті. Кейін «Экспресс» мүлдем ақпарат таратуын тоқтатты. Елімізде газет атаулы шықпай қалғанның өзінде, менің ойымша, жалпы ұлтқа бір басылым керек. Ол ұлтқа қызмет етуі қажет. Бұл басылымның атауы «Egemen Qazaqstan» бола ма, әлде басқалай атала ма, әйтеуір қазаққа бір газет керек. Өйткені әлем газеттен бас тартқан жоқ. Ғылым қарыштап дамыған Жапонияда да, Ұлыбританияда да, АҚШ-та да газет әлі шығып жатыр. Таңертең біз шай ішсек, олар кофе ішеді. Сол бір саптыаяқ кофесін қолына алмас бұрын жапон да, ағылшын да газет парақтайды. Газет оқу өркениеттің бір болмысы. Бұрын Абдулхамит Марқабаев пен Марат Барманқұловтың бірлесіп жазған «Жерге оралыңдаршы» атты повесі бар. Фантастикалық шығарма ғой. Туынды желісінде ғарышта ұшып жүрген кеменің жанармайы таусылып қалады. Жұлдыздар әлемінде қозғалыссыз тұрған кемеге бөгдеғаламшарлықтар жақындайды. Содан 2 тарап тілдесіп, адамдар жанармай таусылғанын жеткізеді. Өзге кемедегілер бұл қажеттілікті өтейтінін, бірақ орнына басқа зат беруін талап етеді. Не керек, жер тұрғындарының ұсынғандары бөгдеғаламшарлықтарға ұнай қоймайды. Содан қозғалыссыз тұрған кемедегі космонавтардың бірінің жастығының астындағы умаждалған кітапты көреді де, жанармайға айырбастауды сұрайды. Міне, кітаптың құны деген осы. Кез келген фантастикалық әңгіме уақыты келгенде ақиқатқа айналды. Барлығы. ХХ ғасырдың басында Францияда ХХІ ғасырдағы автокөлік қандай болатыны жөнінде бәйге болған. Әр суретші маркаға әртүрлі сурет салған. Сол кездегі қиялдан туған суреттер қазіргі машиналарға, электромобильдерге айналды. Фантастиканың ақиқатқа айналуына тағы бір дәлел бұл. Қазір Алматының маңайында сусын шығаратын зауыт көп. Олар күнделікті шығарған 1000 пластик бөтелкенің 900-ін қайтарып отырса, қоршаған орта ластанбаушы еді. Әрі шикізатпен де қамтылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Газет турасында менің ойым, Қазақстандағы қағаз басылым атаулы шығуын тоқтатқан кезде біреуі шығуы тиіс. Оны мемлекет шығаруы қажет. Жалпыұлттық басылымның кітапханаға, мұрағатқа барған данасы қалуы керек те, жеке оқырманға барған даналары инвестиция секілді кері қайтарылуы керек. 10 пайызы тиісті құрылымдарда қалса, 90 пайызы газеттің келесі нөмірін шығаруға пайдаланылады. Қазіргі жағдайға қарсақ, газеттер шығуын уақыты келгенде доғарады. Өйткені, шығынын ешкім көтермейді, жазылушысы күн санап азаюда. Сондықтан, қайталап айтайын, жалпыұлттық бір газет тұрақты шығып тұруы керек.

 – Аға буын журналистер қазіргі БАҚ-қа көп сын артады. Кемшілігін тергіштеп жүргендер де бар. Журналистиканың бұрыны мен бүгінін де айырмашылық бар ма?

 – Айырмашылық бар. Жақсылық жағынан да, кемшілік жағынан да. Бұрынғы журналистикада қате кетпейтін. Себебі, қатеге журналист басымен жауап беретін. Әріптік қатені былай қойғанда, адамның аты-жөнінің, мекеме атауының дұрыс жазылуы қадағаланатын. Қазіргі журналистиканың кемшін тұсы – жауапсыздық. Газетте, журналда болмаса сайтта қате кетсе ешкім жауап бермейді. Бұл өте үлкен айырмашылық. Екінші айырмашылық, бұрынғы журналистикада белгілі тақырыптар жазылмайтын. Оның екі себебі бар: бірі – цензура болса, екіншісі – адамдар арасын бүлдіретін, ұлттық мүддеге қайшы келетін дүниелерді жазудан моральдық тұрғыда бас тарту. Қазір бұл жоқ. Бүгінде үш журналистің басы қосылса сайт ашады да, ойға не келсе, соны жазады. Мәселен, белгілі, мойындалған адамдардың «көрпесінің астынан» бәле, тырнақ астынан кір іздеу басым. Цензураның жоғы жақсы, бірақ журналистің ішкі цензурасы болуы керек. Жалпы, адам кемшіліксіз болмайды. Ал адамның кемшілігі қоғамға залал келтірмейтін болса, оны алақайлап жазудың, жар салудың керегі жоқ.

 – Қайнар аға, бұл ретте мида бір ой қылаң береді. Батыста әншілер, актерлар, байлар турасында көп қалам тербейді ғой. Бұл жаһандану дәуірінде қалыпты үрдіске айналған. Бәлки, біздікі еліктеу болар?

 – Еліктеу бар, әрине. Жаһандану дәуірінде, интеграция бар кезде бір-біріне еліктемейтіндер жоқ шығар. Бірақ біздікі шектен тыс. Біздің еліктеу ұлттық ерекшелігімізді ығыстырып тастауға ұласуда. Бір ғана мысал, жапондар еліктемейді емес. Олар жаһандық үрдістен қажетін ғана алады. Мына тұрған Қытай да еліктеуден ада емес. Бірақ олар да ұлттық мүддені бірінші орынға қояды. Қазір ұлттық ерекшелігімізді жоюға ұмтылған «Қалаулым» деген бағдарлама бар. Мыңдаған жыл бойы қалыптасқан отбасылық, мәдениеттік қасиеттерімізге шабуыл жасап келеді. Одан басқа көптеген сайт Абай Құнанбайұлын, Әлихан Бөкейханұлын қаралап, ұлы тұлғалар арқылы ұлтқа қастық жасалуда. Мұның бәрін өзіміздің қаракөз журналистеріміз жасап жүр. Жасыр, жасырма бізге сырттан ақша келеді. Алайда бұл зерделеніп жатқан жоқ. Билік өзіне қауіп төндірер дүние болса, зерттеп, тексереді. Ал ұлттық кеңістікке төнер қауіп зерттелмейді. «Қалаулым» билікке «тиісіп», билікті сынап жатқан жоқ. Сондықтан оған билік көз жұмып қарайды.

 – Жуырда Nege.kz сайтында «Қазақ тілін құртқан – журналистер» деп сұхбат беріпсіз. Шынымен, қазіргі журналистер тілбұзарға айналғаны ма?

 – Бүгінде тұтас мәтіннен бірақ сөйлем «жұлып алу» бәлеге айналды. Бір ойды жеткізу үшін түрлі мысал келтіресің. Мәселені түсіндіресің. Алғашқы сөйлемсіз одан кейінгісі тұрпайы, айқайлап тұрады. Дәрі бірнеше шөптен жасалады. Сол шөптердің ішінде біреуі – улы. Бірақ басқа қоспа шөптердің негізінде дәріге айналады. Пайдалы болады. Coca-Cola-ны көп адам ішеді. Бірақ, оның құрамында бір улы зат бар. Адам сол затты ғана пайдаланса, бітті дей беріңіз. Бірнеше қоспадан кейін у ішуге жарамды сусынға айналды. Сол сықылды тұтас мәтіндегі «улы» сөзді алып, тақырып ету соңғы жылдарда журналистикада қалыптасқан өте керіағар, өте зиянды құбылыс. Ақын, журналист, жазушы тілге ғана тәуелді әлеуметтік топ. Тіл құрыса да, етікші жоғалмайды. Кеме жасаушы тіл болмаса да қызметін жалғастыра береді. Тіл құрыса – сол тілде жазатын журналист, ақын-жазушы да болмайды. Сондықтан журналистер тіл тазалығы үшін жұмыс істеуі керек. Міне, осыны айтпақ болғанбыз.

 – Қай заманда да журналистің көксегені ұлттың, елдің, мемлекеттің мүддесі. Елімізде «мемлекетіміз құриды не құлайды» деген БАҚ өкілі жоқ. Ешқашан тілшілер болашаққа қара бұлт үйірмейді. Бірақ, мемлекеттік қызметшіде, мұғалімде бар мәртебе журналисте жоқ. Дәрігерлердің де мәртебесін қорғайтын заң қабылданады. Бұл қалай болғаны?

 – Қазақстан егемендігін алғаннан бері қаузалып келе жатқан мәселе ғой. Қуаныш Сұлтанов Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі болып тұрған кезде де, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданғанда да осы түйткіл көпті алаңдатты. Сол заң бірнеше өзгертуге ұшырады. Бірақ, ол ешқашан журналистердің мүддесін қорғаған емес, керісінше биліктің сойылын соғуға арналды. «Масс-медиа туралы» Заң екі айға жуық қоғамдық талқыға салынды. Алайда қазақ журналистері сол заңды талқылауда белсенді болмады. Біз ылғи дауыл тұрарға дейін емес, дауыл тұрғаннан кейін шулайтын әдетіміз бар. Жел тұрғанда оны бірер адам дауылға ұласатынын ескертті ғой. Бұрын талқылау ауқымды жүретін еді. 1995 жылға дейін қоғам БАҚ бетінде талқыланатын. Мәселен, «Семей полигонын жабу туралы», «Ядролық қарудан бас тарту туралы» талқылау қызу жүрді. Қазір бізде осындай белсенділік жоқ. Қабылданғалы жатқан заңға ұсыныс беріп жүрген журналисті көрмедім. Сырттан грант не қаржы алып жүрген журналистік ұйымдар ғана белсенді. Ал «қара журналист» бейғам жүр. Тіпті, енжар. Журналистік мәртебенің жоқтығын айтқанмен, оның қандай болу керегін айтатын әріптесіміз жоқ. Қызық жайт, жерді жалға беру туралы мәселе қаузалғанда халық өре түрегелді. Үкіметке бұл тақырыпты қайта қарауға мәжбүрледі. Көгілдір отын жайы да солай. Демек, журналистерге өз мәртебесі үшін үн шығару керек. Талабын жеткізу қажет. Қазақ журналистеріне белсенділік жетіспейді. Ал, Қазақстан Журналистер одағының шынайы жұмысы жоқ. Есесіне Жазушылар одағының дауысы өктем шығады. Жуырда ғана бұл одақтың кезекті съезі ауқымды өтті. Ал Журналистер одағының съезі қалай және қашан өткенін ешкім білмейді.

 – Қоғамда блогерлердің табаны жерге тимей жүр. Әкімді жағалаған блогерді емес, блогерді жағалаған әкім-қараны да көз көрді. Осы әлеуметтік желіде белсенділер журналистердің «нанын» жеп жүрген жоқ па?

– Алдымен бір нәрсені түйсінген дұрыс. Журналист қолында дипломы бар маман. Болмаса бір жапырақ қағазы болмаса да БАҚ-та жұмыс істеп жүрген жауапты адам. Бұл – журналистің өлшемі. Ал блогерлікте өлшеу жоқ. Ешқандай мамандығың болмаса да әлеуметтік желіде белсенді бола аласың. Айта кетейік, журналистердің кейбірі блогер болып жүр. Айырма осы. Негізі блогерлерді билік күшейтті. Егер тізгін тартқандар оларға ақша бермегенде, сұраныс болмаушы еді. Мынаны түйсінген абзал, блогер қызметі үшін бір мәрте ғана ақша алады, журналистке жыл он екі ай жалақы төленеді. Блогер мақтап ақша табады. Билік сол мақтау есту үшін қосымша ақша қарастырады. Атқамінерлер қармаққа салған дән не құрт сияқты блогерлерді ұстап отыр. Солай ақша тауып беріп отыр. Бұл – журналистің «наны» емес.

– Соңғы уақытта, соңғы демейік, тәуелсіздік алғалы бері отандық журналистика шетелдік ақпараттық тасқынға төтеп бере алмай жүргені айтылуда. Бұл тасқынға қарсы қандай қарекет керек?

 – Егемендік алған жылдары шетелдік ақпараттық тасқынның арыны қатты болды. Қазіргісі оған қарағанда әлсіз. Бұрын орыс тілді ақпаратқа иланатындар көп еді, қазір қазақ тілдіге құлақ түретіндер көбейді. Мұны түсінген шетелдік азғындаушылар қазақ тілді БАҚ-қа ауыз сала бастады. Қазір олар қазақ тілді блогерлерге, сайттарға, ақпарат құралдарына қаржы салуда. Бұл – аса қауіпті. Бірінші майдан орыс тілді насихат еді, оны жеңдік. Жеңбесек те бетін қайтардық. Отандастарымызды қазақ тілді БАҚ-қа бет бұрғыздық. Олар да айласыз емес. Идеологиясын қазақ тілді ақпарат құралдарында жүргізуге көшті. Осы майданда жеңілмеуіміз керек.

 – Мемлекет басшысы Ақпараттық доктринамызды бекітті. Атаулы құжат осы майданда қалқан бола ала ма?

– Елімізде бағдарлама да, бастама да, доктрина да толып жатыр. Бәрі басында айқайлатып, жалаулатып басталады да, түпкі мақсатына жетпейді. Жалған ұран басым. Үрлеп қойған шар секілді. Ине тисе, тарс жарылады. Бізге нақты қадамдар, нық істер қажет. Доктрина қабылданғалы қарекет басталғанын естімедім. Бірақ, құр ұранмен шектелмесе, онда қалқан болады.

Баспасөз парағы – қазіргі БАҚ-тағы жалғыз жанр

– Қайнар аға, осы жанр «тірілту» дегенді жиі айтасыз. Қазіргі аудиторияға қандай жанр керек? Әлеуметтік желі жұртты қысқа әрі нұсқа дүниеге әбден үйретіп тастады. Мәселен, Tik-tok адамды он-он бес секундтық «әсерленуге» дағдыландырды. Ал осындай сәтте аудитория көлдей көлемі бар әртүрлі жанрдағы шығарманы қабылдай қояр ма екен?

– Tik-tok-тың өзі бір жанр. Ақпаратты қысқартып видео форматында ұсынады. Әлеуметтік желідегі ақпаратты беру формасының бәрі жанр. Егер мықты фельетон жазылса, ол қабылданады, өз аудиториясын табады. «Алматыдан Астанаға сапар» деп әлеуметтік желіге жазба салғанмын. Соның аудио жазбасын желіге бәз біреу жүктеп қойыпты. Авторы көрсетілген. Міне, қай жанр да қоғамда сұранысқа ие. Украина мен Ресей арасындағы соғыс туралы памфлет жазуға болады. Оны ертең-ақ аудио түрінде желіге жүктелгенін аңғарасың. Екінші дүниежүзілік соғыста немістің Геббельсі жанында памфлет жазатын адамдар тобын ұстапты. Кеңес үкіметінде «Правда» газетіне осы жанрда қалам тербейтін көптеген журналист болған. Олар майданға барып репортаж жазбаған, Гитлерді әшкерелеп, памфлет жазған. Қазіргі журналистердің дені әкімнің іссапарын жазумен шектеледі. Қазір қазақ журналистикасында бір ғана жанр бар. Баспасөз релизі. Әкім-қараның сапарын суреттеме, корреспонденция етіп жазуға болады. Бүгіндегі газеттің 1-2-ші беті баспасөз релизі. Егер журналист көргені мен әсерін жазса, жақсы репортаж шығар еді. Онысы оқылар еді. Мықты репортаж – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» дер едім. Жанр дегеніміз – қару. Памфлет – атом бомбасы, фельетон – пулемет, тағысын тағы. Қазір көп журналист рогатка пайдаланады. Рогатка – баспасөз релизі. Жалпы, еліміздегі журналистика мамандарын даярлайтын білім ордаларында жанрларды оқыту кемшін. Жоғары оқу орнында фельетон жанрын түсіндіру үшін Сақтапберген Әлжіковтік туындыларын, Асқар Тоқмағамбетовтың өлеңмен жазған фельетондарын талдау керек. Ал оқытушылар мұны жете түсінбейді. Журналист маман даярлауда жанрлар жете оқытылуы керек.

 – Оқыту жайлы айтып қалдыңыз. Қазір еліміздегі кез келген оқу орны журналист даярлап жүр. Санның көптігі сапаға әсер етпей ме?

– Меніңше, Қазақстан бойынша ең көп дегенде үш жерде ғана журналистиканы оқыту қажет. Оның бірінші себебі, журналисті маман даярлауы керек. Профессор, ғалым дегендей. Кей оқу орнында мұндай маман жоқ. Екіншіден қазіргі БАҚ-та тілдік бөлініс байқала бастады. Қазақстанның орталығы мен шығысында бір тіл бар, Шымкентте бөлек, Қызылордада басқа тіл, Батыста өзгеше тілдік қолданыс байқалуда. Қазақ тілі ортақ болғанымен, әр облыстың тілдік ерекшелігі бар. Диалекті ғой. Әр өңірде орналасқан жоғары оқу орны сол өңірдің тіліне баулып жүр. Бұрын орыс тілді, қазақ тілді болып бөлінуші едік, қазір аймақтық тілдік қолданысқа бөлініп жүрміз. Қазір «жатқан» деген сөзді кей журналист «жатырған» деп оқып, жазып жүр. «Ол жақ, бұл жақ» сөзін «ояқ, бұяқ» деп оқитын дикторлар да бар арамызда. Бұл бір ғана мысал. «Еуразия» университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқыту бағдарламасы екі түрлі. Сондықтан ортақ қазақы тілмен оқыту үшін аймақтардағы журналистика факультеттері жабылып, үш жерден ғана маман даярлану керек.

 – Қайнар Қалиақпарұлы, соңғы сауалымыз, Қазақ журналистикасының болашағын қалай бағамдайсыз?

Ең алғашқы журналистика – Күлтегіннің тасқа басылған жазбасы. Әлеуметтік желі қолданушы мықты жазғанмен, ол журналист бола алмайды. Журналистиканың болашағы бар. Қазір сапасыз, сұрқай журналистер қаптап кетті. Бізге керегі – сапалы мамандар. Өз міндетін білетін, саланың қыр-сырын меңгерген, сауатты жазатын, елдік мүддені жоғары қоятын, жекелеген адамға қызмет етпейтін, ар-ұяты бар журналист керек. Бізге кешегі Жұмабек Кенжалин сынды мықтылар қажет. Сонда ғана Қазақ журналистикасының болашағы жарқын болады.

 – Ой-пікіріңізге рахмет. Жазарыңыз таусылмасын, Қайнар аға!

Сұхбаттасқан Дастанбек САДЫҚ