Ұғым мен мағына, сөз төркіні

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 1477
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемдегі ең бай, көркем тілдің алдыңғы орында тұратын Құран түскен, әуезді, мақамға салуға қолайлы, бір сөзінің өзі сан түрлі ұғымға жетелейтін, әр алуан мағына беретін араб тілі екен. Сол алғашқылар тізбегіне ғалымдар мыңжылдықтан тамыр тартқан, мақамға да, әуезге де сұранып тұратын, бір сөзінің өзі бірнеше мағына беретін қазақ тілін де жатқызады. Күллі түркі жұртының негізгі асыл өзегі болған, атажұртын дәуірлер бойы иемденіп келе жатқан қазақ халқының ана тілінің бай екенін, тіпті өзге мемлекеттің атағы түрдей ғалымдары  мен ғұлама жазушылары қайталай мойындаған.

Кешегі заманда Шәкәрім қажыдан ұлы ұстаным жайлы тәлім алған, өзара пікірлескен Лев Толстойдың өзі қазақылыққа жақын тіркес-пайым түйіп, біздің руханиятқа іңкәр болмап па еді?! 13 жасында тағдыр айдауымен Қазан қаласына көшіп барып, сол жерде шығыс ғұламаларынан да дәріс алған. Кейіннен мұсылман руханиятына ортақ тұлғалар жайлы кесек-кесек шығарма қалдырды. Сол секілді әлемге өркениет таратқан бабаларымыздың ұстанымын, оның тілдік құнары мен ділмарлығын, ғажайып сөздерін жіпке тізіп, оған таңданыс білдірген бірегейлерді санамаласақ толымды ғылыми еңбек жазуға болар. Ал біз жыл басындағы жобамыз бойынша Қасымхан Бегіманның «Этнографпен әңгіме» туындысындағы құндылықтарды құнттай отырып, оқырманға ұмытылып бара жатқан жақұтымызды қайталай ұсынып келеміз.

Шыны керек, қанша бай тіл десек те бүгінгі таңда сөздік қолданыстан қалып бара жатқан атау-тіркестер, жекелей сөздер баршылық. Тіпті, анда-санда тілге ілінер сөз-маржандарымыздың толыққанды мағынасын білмей, тарқатып айта алмай жататынымыз жасырын емес. Осыған байланысты жайлау көшіп, қоңыр күзеп, қыс қыстап тірлік кешкен қазақтың дәстүрлі өмірінен шет қалып бара жатқан тауға қатысты дүниелерге ойсып, олардың атауын тізбелеп, арасындағы түсініксіз деп танылған сөздердің мағынасын ашуды ойлап отырмыз. Бұл тұрғыдан этнограф Жағда Бабалықұлы «Тау қомдары» тақырыбында былай деп талдайды: «Азиядағы негізгі тау қомдары – Орал, Сарыарқа, Тарбағатай, Сауыр, Алтай, Баргүзі, Америкадағы Кардиллер таулары бір қомда тұр. Кавказ, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Вьетнам, Сингапур тауларының бұтақтары – қырғыз таулары, Алатау, Ерентау, Жоңғар Алатауы», – дей келе «Ая» сөзінің мағынасын ашады. «Ая – белгілі бір көлемдегі кеңістік. Ая, жер аясы – тау, адыр, дала, бәрі кіреді. Жер аясы тар, жер аясы кең, аядай ғана жерде отыр екен деп те айтады», – дейді этнограф.

Осы орайда біз де тау итарқаларын атап өтейік. Олар: ұлы тау итарқалары, биік таулар итарқалары, орта тау итарқалары, аласа тау итарқалары, жал, қыр, бел итарқалары және ит арқасы қиянда. Одан бөлек су: су бойы, өзен бойы, қабырға, жар, беткей, тепсең, тектұр, нұра, түрме, жылға, қия, бұлақ, бастау, құдық, шыңырау, терең құдық, жайдақ құдық, тасбастау, тасқұдық, өзек, суат, жаға, арна, сала, тастақ. Міне, мұның бәрі қазаққа керек ұлтымыздың сөз қоржынындағы дүниелер. Бұл сәтте жайлауда өсетін шөптерді де санамалап өтейік. Олар: Сірік (қызыл сірік), бетеге, ақ шөп, балдырған, қара қурай, саумалдық, қымыздық, түйетабан, теңгежапырақ, уқорғасын, жылан, қияқ, қара бас шылғын, қарандыз, қара жапырақ, ермен, шыралжыр, ошаған, шоңайна, кәрі қыз, ақ мия, қызыл мия, есек мия, қылша, бірсалар, тасжарған, рауғаш, шұғынық, тартымақ, таспа қу, шырыш, сиыр жоңышқа, көшті бос, қаргүл, апиынгүл, мысқұйрық, күреңсе, қойжуа, ақ жуа, мекре жуа, арқар жусан, бұйра жусан, түйе жапырақ, томар жалған, шоқа тікен, құтырған. Міне, бұлар тауды манатқа малындыратын шөп атаулары. Осының арасынан күнделікті сөз арасына қолданылып жүрген, тұрақты сөз тірексі ретінде атаулар да бар. Мәселен, қылша деген жіңішке шөпке байланысты қазақ «қылша мойын талша болып» деген тұрақты сөз тіркесін қолданады. Ал қымыздық пен саумалдықты Қамбарата төлін баққан әрбір қазақ жақсы біледі. Бұл орайда біз «тартымақ» шөбіне мағына беріп кеткіміз келеді. Негізінен тартымақ – мал тісіне әрең ілінетін тықыр шөп. Көктемде ауыл төңірегінде қылтиып шығып, ал аузына іліне қоймай, оны тастап кетуге малдың «көңілі қимай», теріп жеп жатады. Осындай шөпті «тартымақ» дейді. Сонымен қатар, шырыш дейдін шөп бар. Шырыш – желімді өсімдік. Қурай текті. Оны талқандап, жылы суға бір қайнатып бұқтырған соң  қағаз, шүберек, мата, тері желімдеуге болады. Бұл шөп Алатауда молынан өседі.

Қарап отырсаңыз, табиғаттың тілін білген, әрбір өсімдікті дәрі ретінде, малға азық ретінде пайдаланған қазақтың сөз қоржынына ілікпеген, атау болып түспеген дүние жоқ. Дегенмен, мың жерден мақтанышпен айтсақ та оның бәрін түпкілікті талдап, мағынасын ашып берген ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Сондықтан да біз этнографтың әрбір айтқан сөзін, келтірген мысалын өзіміз жақтан сөйлетіп отырмыз.

Бұл орайда осынау қыруар дүниені хатқа түсіріп, әрбіріне мағына берген, жүйелі зерттеу жүргізген Жағда Бабалықұлына бүгінгі ұрпақ, біздер қарыздармыз. Этнограф бір естелігінде «Түлкішек» деген сөздің мағынасын 40 жыл іздеп әрең тапқанын айтады. Оның өзін қазақтан емес, якуттан тауыпты. «Бұл сөз «түлкіге ұстау» дегенді білдіреді. Қазақтың балалары ойнайтұғын бір ойын бар. Асықты иіреді, алшы түсе ол хан болады, тәйке түссе – уәзір, бүге түссе сопы болады. Ал кімдікі шіге түссе ол ұры атанады. Ұры болған балаға жаза қолданылуы қажет. Жазаның ойын барысында қолданылатын көптеген түрі бар. Басынан шертеді, жүгіртеді, тағысын-тағы дегендей. Соның ішінде «түлкішек» деген жаза бар. Түлкішек десе, бала орнынан тұрады да  қос аяғын кеңірек ашып, қолын артына ұстап, еңейіп жердегі омпа тұрған асықты аузымен іліп алу керек. Көп бала етбетімен түсіп тұмсығы қанап жатады. Жазаның ең ауыр түрі осы. Осы «түлікшек» сөзінің мағынасын қырық жылдай іздедім, бала кезде білуші едім. Есімнен шығып кеткен ғой», – дейді ділмар дәстүрші.

Міне, осындай дүниелерді ой елегінен өткеріп отырып қазақтың кешегі танымында, өмір салтында, ұстанымында кездескен дүниелерді қайталай жаңғыртып қою керек екенін мойындаймыз. «Түлкішек» жазасы сипаттауына қарағанда баланың ғана емес, үлкен адамның да қолынан келе бермейтін дүние екені анық. Ал оны достар арасындағы бәс тіккен, жеңілгеннің орындауы тиіс шарасына неге қоспасқа? Біз құндылық қазынасындағы әрбір атауды тірілтіп, ең жағымды деген дүниелерін суырып алып бүгінгі өмірге сіңісті қылып жіберсек кешегі дәстүрдің ертеңге керуен тартқанындай болатыны анық. Сонымен қата, әлемдегі ең бай тіл санатындағы, түркінің түбір сөзін ана тілінің арнасынан алыстатпаған қазақтың тіл байлығы тіптен кемелдене түсері де анық-ау. Ендеше, мақаланың келесі санында біз жер бедерінің географиялық атаулары мен сол атауларға қатысты тіркестерге тоқталатын боламыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: көрнекілік үшін