Ақсу ауданында Мәдениет күні тойланды

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 749
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақсу ауданында «Жер жаннаты – Жетісу» атты ауданның Мәдениет күні тойланды.  Өңір – ән мен жырдың кеніші.  Мерекелік шарада   рухани байлық, жер тарихы паш етіліп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі  айшықталды. Өнер, қолөнер, әлеуметтік-экономикалық жетістіктер көрмесі  ұйымдастырылды. Ақсу халық театры ұйымдастырған  «Ақсуым – өнер ордасы», «Сара саңлақ», «Ақсудан шыққан ақын-жазушылар», «Ел іші – өнер кеніші» атты  көрмелер мол жәдігерімен көпшілікті тәнті етті. 

Шараны аудан әкімі Берік Тынышбаев ашты.
– Ұлтымыздың небір ұлы тұлғаларын сыйлаған,  қасиетті өлкенің мақтанышына айналған Ілияс  Жансүгіровті дүниеге әкелген құнарлы топырақ  талай саңлақтың өнер-білімдегі тұсауын кесіп, болашағына қанат бітіргені анық. Солардың ішінде жарқыраған жарық жұлдыз Сараның шоқтығы биік, – деп сөзін бастаған аудан басшысы ары қарай өңірдегі мәдени жаңалықтарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде аудан халқына  22 Мәдениет үйі мен клуб, 22 кітапхана, 2 мұражай қызмет көрсетеді. Ауданда барлығы 101 Мәдениет үйі, 41 кітапхана бар.  «Ақсу сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Ақсу халық театры, «Сағабүйен сазы» ұлт-аспаптар ансамблі  көпті рухтандыруға барынша күш салуда. Облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда Ақсу халық театрының мерейі үстем. Театр биыл  «Бикен Римова – қазақ сахнасының саңлағы» атты облыстық байқау-фестивалінде жүлделі 1-орынды жеңіп алды.  Театр режиссері Арда Шегеқызы Ақтөбе қаласында өткен  «Театр – өнердің ұлы көші» атты республикалық фестивальде «Ең үздік режиссер» атағын жеңіп алды. Театр көшбасшысының жетістігі –халық театрының табысқа жетуінің кілті. Биыл аудандық кітапхана облыстық байқауда  «Үздік аудандық кітапхана» номинациясын жеңіп алды. Мұның өзі аудандағы  рухани әлемнің дәрежесін, біліктілігін  байқатса керек.

Мәдени күн шарасын Сағабүйен балалар саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйімен ашты. Құдіретті күй қазақ аспанын рухтандырып жіберді. Дала дүбірге бөленді.  Сәйгүлікке мінген жігіттер Көк байрағымызды көптің алдына биік көтеріп, желбіретіп алып шығып,  қазақтың мәңгілік ел екенін ән ырғағымен жеткізгенде кеудені мақтаныш кернеді. Тұлпардың тұяғының дүбірі қазақтың даласын ешкімге таптатпаймыз деген ата-бабаның сертіндей естілді.  Жансүгір ауылының орталық стадионында өткен шарада «Біржан – Сара» операсынан үзінді көрсетілді. Ақын Сараның әні қазақ қызының өнері мен мәдениетінен сыр берді. 

Ілиястың туған жеріне шығарған «Шилі өзен, қамыс-ай» әнін әжелер ансамблі  табиғи дауыспен ырғағына сала жеткізді.  Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің өзенді өлкесіне шығарған әні жерлестерінің маршына айналған. Көпшілік халық әні  атап кеткен ән ақынның туған жері Ойтоған маңындағы  кербез далаға арналып шығарылған. 

Аудандағы Исатай Исабаев атындағы аудандық өнер  мектебінің ұжымы да өнерпаз шәкірттер тәрбиелеп, халықаралық деңгейдегі өнер сайыстарында лауреат атанып келеді. Бұл күні өнері ұшталған ұл-қыздар көптің алдында ән салып, би билеп, тұрғындарды қуанышқа бөледі.

«Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі ағарсың» деп ақын жырына өзек болған өңірдің еңбекқор халқы өрісте төрт түлік өргізіп, маңдай терін төгіп астық өсіріп, көппен иық тіресе еңбек етіп келеді.  Мәдениет күнінде  өнерпаздардың ән-жырынан күш-қуат алған ақсулықтар жиын-терін науқанына білек сыбана кірісуге дайын.

Гүлжан ТҰРСЫН