Жаркент қаласында мәдениет күні өтті

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 992
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мәдениет – халықтың ең үлкен қазынасы, ұлттың рухани болмысы, салт-дәстүрдің сан ғасырлық жиынтығы. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы­­­ – ­­­мәдениетімізде. Халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы асыл ұғыммен астасып жатыр. Жазиралы Жаркент жері талай тарихтың куәсі болған, атадан қалған мәдениетті сарқытындай сақтаған киелі мекен. Бұл өңірде де мәдениет мәйегін жас ұрпаққа таныту мен жүйелі дәріптеу дәстүрге айналған.

Өткен бейсенбіде Жаркент қаласының орталық алаңында Панфилов ауданының мәдениет күні «Жұмақ өлке-Жетісу» деген жалпы тақырыппен өтті. Бұл күні айқара алаңның қос қанатына ауылдық округтер мен Жаркент қаласындағы білім ошақтары, мәдени мекемелер ұлттық қолөнер туындыларының көрмелерін қойып, этномәдени орталықтары- ұйғыр, дүнген, словян халықтарының ұлттық болмысын танытатын дәстүрлері мен қолданбалы өнер туындыларын, тағамдарын мерекеге жиналған халыққа таныстырды. Жеке алты қанат киіз үй тіккен Қоңырөлең ауылдық округінің өнерпаздары мен «Ақ әжелер» ансамблі бесік той рәсімін көрсетіп, салтымыздағы бабадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрді дәріптеді.

Аудан басшысы Марат Сағымбек пен өңірдің құрметті азаматтары, Талдықорғаннан осы шараға арнайы келген «Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ Мәдени мұра және кітапхана ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлмира Қалқабаева бастаған облыстық әділқазылар алқасы барлық көрмелерді аралап көріп, этномәдениет орталықтарының өнерін, аудандық кітапхана көрмесін, «Ә.Қастеев көркем сүрет галереясының» қорындағы жәдігерлерді және жекелеген сүретшілер мен мүсіншілердің туындыларын тамашалап бағамдады.

Өңірдің мәдениет күндеріне арналған мерекелік концерт алдында Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек сахнаға көтеріліп, шараға жиналған халықты құттықтады.

- Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі, ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр - толғауында, тұрмыста қолданбалы өнерінде тоғысқан. Мәдениеті төмен елдің – болашағы да бұлыңғыр. Халықтың мәдениетін арттыру, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерімізді дәріптеу жұмыстары әрқашан мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді, - деп сөз бастаған әкім мәдениет, өнер саласындағы өңір жұртының жетістіктерін жіліктеп жеткізді. Облыста біраз жылдан бері дәстүрге айналған аудандардың мәдениет күндері руханият саласындағы жетістіктерді түйіндейтін салмақты, салиқалы шараға айналғанын саралап өтті.

Бұдан ары мерекелік шара «Жер жанаты-Жетісу» атты өнер байқауына ұласып, ауданның мәдениет қызметкерлері жиналған жұртшылыққа үлкен концерттік бағдарлама ұсынды. Концетте Н. Тілендиев күйлері, Д. Рақышевтың, жергілікті сазгерлердің әндері, ұлттық билер орындалып, Д. Рақышев атындағы халық театрының әртістері М.Төлебаевтың «Кестелі орамал» әніне қойылым көрсетті. Алаңға жиналған аудан тұрғындары ұлттардың мәдениет мәйегінен мол мағұлмат алып, әсем әндер мен күйлерінен, билерінен рухани әсер алып тарқасты.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы