«BIKEN» ФЕСТИВАЛІ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШАДЫ

Уақыты: 28.09.2023
Оқылды: 900
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ертең жер жаннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында шырайы бөлек шұғылалы шара тұңғыш рет ұйымдастырылып, «ВIKEN» І Халықаралық фестивалі шымылдығын түреді. Қазақ театр және кино өнеріне олжа салған бірегей талант, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына арналған осынау дүбірлі өнер додасына еліміздің еңселі ордаларымен қатар Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қырғыз мемлекеттерінің театрлары қатыспақ.

 Күллі қазақ елінің мақтанышына айналған кино және театр жұлдызы Би апаның құрметіне алғаш рет ұйымдастырылып отырған, жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасады деп көзделген «ВIKEN» І Халық- аралық фестивалінің ашылу салтанаты жұма күні (29 қыркүйек) Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өтеді. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев бастаған ел ағалары арнайы қатысса, алыстан ат арытып келген өнер жұлдыздары, ұлт мақтаныштары да куәгер болып, ақ тілеулі батасын береді деп күтілуде.

Иә, өмірдің айнасы болған театр қойылымдарының бүгінгі рухани өмірімізге ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Дүбірлі додаға әр театр ең ғажайып қойылымдарын алып келіп, аламанда алдыңғы қатардан көрінуге тырысатыны  анық. Айта кетерлігі, осынау рухани доданың басында «Өнермен өрілген өмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтпек. Онда жоғарыда аталған зиялылармен қатар Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова сынды майталмандар сөз сөйлеп, ғалымдар, өнертанушылар баяндама жасайды. Осы орайда 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында өтетін аталмыш фестивальда өнер көрсететін театрлар мен уақыты, өтетін орны туралы кестені көрермен назарына ұсынуды жөн санадық.

"Жетісу-ақпарат"