Қамауда қалған арман

Уақыты: 26.12.2023
Оқылды: 1947
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының актрисасы Марал Анарбек басты рөлін сомдаған «Қамауда қалған арман» атты драмалық туынды Құман Тастанбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде сахналанды.

Ширек ғасырдан астам өнер жолында жүрген Марал Анарбек Көкжиде ауылының тумасы. Жастайынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын арманшыл қыз талантты актерлер сапына қосылған. Туған жерге жасаған гастрольдік сапарында жерлестеріне ұсынған қойылымын белгілі театр және кино актері Нұржан Тұтов сахналапты. Шағын ғана кейіпкерлері бар спектакльдің өн-бойында актрисаның шеберлігі, тәжірибесі, роль табиғатын, болмысын жете сезінетіндігі айқын көзге ұрып тұрады. Сондықтан болар, бір сағаттан астам уақытқа созылған қойылымның көріністері, шиеленістері, оқиғалардың даму динамикасы көрермендерді ынтықтырып, алдыға жетелеп отырды. 

– Біздің мақсатымыз – қоғамдағы келеңсіздіктерді көрсету арқылы көрермендердің санасын сілкіндіру. Спектакльден кейін көрермендердің бір-бірімен әсерлерін бөлісуін естігенде сол мақсатымыздың орындалғанын біз де сезіндік, – дейді қойылымның режиссері Нұржан Тұтов.

Зал толы көрерменді күлдіре отырып күйіндіре білген спектакльді тамашалаған тұрғындар салмақты ой арқалап қайтты. 

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы
Фото: aikyn.kz