Кенен іс, кемел өріс

Уақыты: 01.01.2024
Оқылды: 3034
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттың мәйекті мәдениетіне көптеп көңіл бөлінгенде ғана бай мұрамыздың саф күйінде сақталып, ұрпаққа мирас болары хақ. Бүгінде Жетісу облысының мәдениет саласында елеулі жұмыстар атқарылып, жыл жемісті қорытындыланғанын төмендегі ақпардан аңғаруға болады. 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне жүгінсек, биыл аталған салаға бөлінген бюджет 11 млрд. 694 млн. теңгені құраған. Қаржының басым бөлігі толық игеріліп, мәдени нысандар жаңартылып, кейбірі жаңадан бой көтерген. Бұл орайда  мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша ұйымдастырылған үйірмелерге әр ата-ана балаларын өздерінің ЭЦП кілті арқылы тіркеуіне байланысты қаржы үнемделіп, бюджетке 830 млн. теңге қайтарылғанын да айта кеткен жөн.

Негізінен алғанда, биыл мәдениет саласы үшін толайым табысқа толы жыл болды деуге негіз бар. Облыста осы жылы 4 нысанның жаңа құрылысына 2 млрд. 778 млн. теңге бөлінген. Атап айтсақ, Ақжар, Кәлпе ауылдық Мәдениет үйлері, Үштөбе қаласында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Ал 158 млн. теңгеге орнатылып жатқан Ескелді ауданы Қоңыр ауылындағы блокты-модульді клуб жұмысы келер жылы тамамдалмақ. Бұдан өзге 700-1000 адам тұрғыны бар 11 ауылға блокты-модульді клубтар орнату алдағы жылдың жоспарына енді.  

Биыл өңірлердегі 10 Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды музей кешеніне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы берген тапсырмасы 100% орындалды. 

Өнер саласында көптеген өнерпаздарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, мәдени ұжымдардың мерейі үстем болды. Жетісу облысының мемлекеттік архиві Жезқазған қаласында өткен республикалық архившілер байқауында І орын, республикалық жас кітапханашылар байқауынан облыстық кітапхана 2-орын, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры ІІІ Халықаралық фестивальдан арнайы жүлде алды. Сонымен қатар, Д. Рақышев атындағы филармония ұжымы Түркия мемлекетінде өткен түркітілдес мемлекеттер арасындағы фольклорлық фестивальдан жүлделі І  орынды иеленді. 

Өңірде мәдениет пен әдебиеттің дамуына зор үлес қосып келе жатқан 28 өнер адамына облыс әкімінің стипендиясы берілсе, арнайы сериямен 13 автордың кітабы жарық көрді. 

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: otyrar.kz