Таным мен тағылым

Уақыты: 11.01.2024
Оқылды: 748
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күн сайынғы күйбең тірліктің соңында жүріп қайтсем жан бағамын, өрімдей өскіндерімді  қайтып азамат етіп өсіремін деген қазақтың қатарынанбыз. Жаһандану заманындағы негізгі тұрақсыздық ақшаның құнсыздығына келіп тірелетіні де рас. Осыған байланысты тұрмысымды түзесем, ел көшіне ілессем деген алаң көңілде күн кешу әрбір тағдыр арқалаған жанның санасында сайрайтынын ескере отырып, ұлы құндылығымыздың кейбір тұстарын басылым арқылы насихаттап тұрған жөн. Өйткені өмір көшінде қамау терін қара жұмыс арқылы шығарып жүрген азаматтарға, олардың жанұясына, жалпы қазақ оқырманына дәстүрден тағылым тарату маңыздырақ. Ал бұл жолда біз ұсынған «Qolamta» жобасы биыл да оқырман үшін қызмет етпек.

Дәстүрден тағылым, өткеннен тәлім ұсынған жобамыздың өткен жылғы циклдарында Жағда Бабалықұлының зерттеулерін ұсындық. Былтырғы жазбалар соңында Мекемтас Мырзахметұлының «Қынаменде» сөзіне берген түсінігін, бұл дәстүрдің құдаласу салтанатында өткерілетінін атап өттік. Осы орайда Кәлам Шәріпті қазақша сөйлеткен, мыңжылдық тарихымызды зерделей білген жазушы, публицист Уақап Қыдырхан- ұлының жазбасындағы ұлт құрамы, «талақ» сөзі, «балдай батып, судай сің» мәтелінің мәнін ашқаны туралы атап өткіміз келеді.

Қазақ дәстүрінің кенішін ашып, қазынасын айшықтаған Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең»  атты 4 томдығының алғашқы кітабындағы сұхбатта Уақап Қыдырхан- ұлы ұлт құрамын былай деп 24-ке бөледі. Олар – ұлт, жұрт, ұлыс, арыс, жүз, тайпа, ру, түп ата, тек ата, жеті ата, бергі ата, әулет, баба, ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, шебелек, туажат, жамағайын, жат. Шыны керек, бұған дейін ұлт құрамын осылайша жіктейтінін білмеген екенбіз, сондықтан бұл мәліметті оқырман да жадына тұтып жүрсін деп ұсынып отырмыз. Ары қарай этнограф: «Ұлт – тегі, тілі, салты, сенімі, кәсібі, жері, ұраны бір тайпалар құрамасы. Ұлыс – сол ұлттың өздерін-өздері билейтін дербес тобы. Арыс – ұлысты құрайтын, тегі бір атадан тарайтын топтар (Ұлы жүз – 12 арыс, Орта жүз – 7 арыс...). Тайпа – бір атадан тараған әулет басы», – деп одан бергі ру, түп ата, тек аталарға түсінік береді. 

Дәуірлер көшіне зер салсақ, даналарының ұлы ойлары, бабаларының ұстанымымен шаңырақтың күлдіреуішіндей болса да кие тұтар, өзіндік мақсат-мұраты, міндеті бар дүниелерге байыптап зер сала білмейді екенбіз. Дөңгеленген шаңыраққа шаншылған ұсақ-ұсақ таяқшаларды қазақ «күлдіреуіш» деп атаған ғой. Ол болмаса шаңырақты немен бекітер едік? Сол секілді біздің ұлт, халық етіп отырған дүние де тармақталған аталар тізбегі, яки ұлттық құрам екенін ұғынған да абзал-ақ. 

Ендігі мәселені сол ұлттық құрамның ең нәзік бөлшегіне бұрғымыз келіп отыр. Ол не? «Отан – отбасынан басталады» дейтін қазақ халқының отбасы құндылығына, отбасы институтына өте салмақты мән беретіні сондай, жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпағаны жиі айтылады. Осыған қарап ұлттық құрамның негізгі қайнары, нәзік бөлшегі ретінде отбасын алуға негіз бар. Отбасы болғанда ғана ұрпақ жалғасады, ата – бала – немере тізбегі түзіледі. Бұл ретте біз дәстүріміздегі «талақ» сөзіне тоқталуды жөн санадық.

Ұрпағының өз ұясында тәрбие алып, өз өрісін кеңейтуді ойлаған қазақ тірісінде әйеліне талақ айтып көрген бе? Бүкіл ғұмырының игілігін адам болу, ұрпақ өрбіту, халыққа қызмет ету деген сөздермен өлшеген бабаларымыз баласы жат болып кетпеуі үшін күйеуі өлген жесірді жақынына қосып, ағасы-інісімен отастырып әмеңгерлік жолды ұстанған ғой. Осы жерде «талақ» сөзі қазақы өмір-салтының талабына келіңкіремейтінін көруге болады. Ал бүгінгі күні осынау сөзді айтатындар қоғамда, телеарналардағы бағдарлама, шоуларда жиі көрініс беріп жатады. Бұл ретте Уақап Қыдырханұлы Құранда айтылған «талақ» сөзінің мәнін тарқата келе: «Ерлі-зайыптылар арасында келіспейтін кемтарлық, кешірмейтін (зинақорлық) күнә болса, Талақ үкімі қолданылады. Тек оны ары, жаны таза үш куәгер дәлелдеуі керек. 

Отбасылық өмірде куәгерліктің маңызы өте зор. Тек талақ емес, неке де куәмен бекітіледі. Бала кезімде неке қиярда үш адамның Құранға қолдарын қойып:
«Куәдүрміз, куәдүрміз,
Куәлікке жүрәдүрміз.
Бұл күнде халық қасында,
Махшарда халық қасында,
Ақ куәлік берәдүрміз»
– деп куәландырғанын көргенім бар еді. Ал талаққа куәлікті көрген де, естіген де емеспін. Өйткені «талақты» қазақ керек еткен жоқ», – дейді.

Міне, осыған қарап қазақ халқының отбасы институты жеке-дара бір ғылым екенін аңғаруға болатындай. Оған қоса құдалықтың өзін сан түрге бөліп, жандандырып кеткен ғой кешегілер. Мәселен, бала бітпей жатып белдегі балаға құдаласуды «бел құда» (Мұның мысалы – Қарабай мен Сарыбай екеуінің аң аулап жүріп құдаласуы!) деген қазақтың осынау ұлы жоралғыны сан түрге бөлгенін анық білеміз. Бұл ретте бірқатарына тоқталатын болсақ, әуелі бесіктен белі шықпаған бөбектерді атастыруды  «бесік құда», тектінің қызын таңдап тауып құдаласуды «тектік құда», сүйек жаңғыртуды  «туыс құда», екі жастың бір-бірін тауып үйленуін «сүйген құда», екі құданың қалыңсыз қыз берісуін «қарсы құда», қыздарын қарашаға қимай, өз нәсілдеріне ғана беретін ақсүйек, төре, қожалар құдалығы  «нәсіл құда» дегенін дәстүрден хабары бар оқырман жақсы білер деп сенеміз. Ал мұның сыртында кеткен кегі, барымталанған малы үшін құныкердің қызын ұрлауды  «барымта құда», араздасқан екі жақтың  құдаласып, татуласқандағы құдалықты  «бітім құда» дегенін ескерсек, қазақтың отбасы институтындағы құдаласудың өзі талай мысалға арқау болатынын аңғара аламыз. Бұл ретте  қазақ әрбір құдалыққа қарата ой саптап, мәтел, нақыл сөз қалдырғанын «судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді», «жабыны жауға мінбе жалы бар деп, жаманмен құда болма малы бар деп», «құда болғанша құлы мен биін сұрас, құда болған соң құл да болса сыйлас» деп тізбектеле берер маржан сөздерден аңғаруға негіз бар. 

Ендеше, осынау ойлар мен құдалық түрлерін, «талақ» сөзі мен ұлт құрамын ел санасында қайталай жаңғыртудың да осы ретте жөні бар деп Уақап Қыдырхан- ұлы сұхбатынан керекті дүниелерді  ұсынып отырғанымызды айта кеткен жөн шығар?!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: elorda-din.kz