БІР СӘТ ГАЗЕТ ОҚЫҢЫЗ, ОЙЛЫ ОҚЫРМАН!

Уақыты: 20.01.2024
Оқылды: 867
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірде сынаптай сырғып, бұлақтай жылжып, енді бірде атқан оқтай, шапқан аттай зулаған уақытпен бірге тағы бір жылды тарих қойнауына жібердік. Мұқағали ақын айтқандай: «Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат» өмір  керуенімен құлазығанның бойына қуат беріп, қуанған жанның көңіліне шуақ төгіп, қазіргі таңда қазақ баспасөзінің ақсақалына айналған облыстық «Jetisy» газеті де келе жатыр.

Жалпы қазақ газеттерінің бастау-бұлағында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған халқымыздың алдаспан ұлдары тұрғаны көзіқарақты оқырманға аян. Ендеше біздің де мойнымызда «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген Ахаңның аманаты бар. Ұлт перзенттері бастап, алдыңғы толқын аға буын жалғастырған сара жолда аманатқа қиянат жасамай, үшінші мыңжылдықтың ширек ғасырына да табан тіреп қалдық.

Әлқисса, ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың салтанат құрған дәуірі болып тұр. Ақпараттар тасқыны толастамақ түгілі, тау қопарып, тас құлатардай күшке айналып барады. Ер Махамбеттің: «Сені көлден айырған Лашын құстың текпіні» дегеніндей бүгінгі таңдағы әлеуметтік желінің екпіні оқырманды бізден алыстатып бара жатқаны да ақиқат. «Қазір ешкім газет оқымайды» деген желдей ескен сыңаржақ пікір жұртты әлеуметтік желіге тәуелді етуде. «Неге оқымайды?» деген сауалыңызға алар жауабыңыз: «Не керектің бәрі қолымыздағы телефонымызда тұр емес пе?!».

Иә, осы уақытта жаңа технологияның қарқындап дамып, қарыштап өсіп келе жатқанын мойындаймыз. Бірақ бұл үрдіс адамның рухани дамуына, толысып, кемелденуіне толықтай жауап бере ала ма? «Барлық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», деп Абай атам айтқандай тамырын терең салып, нәрін топырақтан алып, ағаштан қағазға айналып, қолымызға тиетін газет, журнал мен кітап оқымай жан дүниемізді байыта аламыз ба? Интернет жүйесіне байланған ғаламтор әлемі бәріміздің санамызды  шырмауықтай шырмап, өрмекшідей торлап алғаны шындық. Осыған орай: «Соткасын жоғалтып алған адам, соскасын жоғалтып алған бала сияқты», деген заманауи мәтел де шыққан. Яғни, біз қазір әлемді алақандағыдай көрсететін алақандай ұялы байланысқа жіпсіз байланып қалған буынбыз.

Алдыңғы толқынның бақыты алтын уақытын – балаларға арналған «Балдырғаннан» бастап, диқанның қойынынан, қойшының қонышынан түспейтін «Жалын», «Жұлдыз» сынды көптеген журнал мен сан түрлі газетке бөлетінінде еді. Қазіргі буын болса, бақытын басқадан іздеп, жақұттан қымбат уақытын – санасын торлаған ғаламторға ұрлатуда. Жаһанды жаулаған интернет желісінен бас тартып, жеке дара жүріп, жетістікке жетеміз деу де қате пікір. Аталарымыздың өзі: «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған», – деп сымсыз телефонмен сөйлескенге таң қалғанда, бүгінгі технологияның таңдай қақтырар жаңалығы кімді де болса өз иіріміне тартып алатыны рас. Солай екен деп сол ұйыққа өзін ессіз тастай салу ақылды адамның ісі емес. Талғам таязданған тұста құндылықтар шыңнан шыңырауға құлайды. Нәтижесінде бүгінгідей өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қағынан жеріген ұрпақ көбейеді. Бір нәрсе анық! Кітапты қолына алмайтын, газеттің иісі мұрнына бармайтын қоғамға әлеуметтік желі ұстаз болып жарытпайды. Бұл ойымыз «электронды ақпарат құралдарынан түбегейлі бас тарт» деген сөз  емес. Алдыңыздағы технологиялық құралдың кез келгенін ашып, пернетақтасын басып, жаныңызға жақын нәрсені іздесеңіз білім мен ғылымға, мәдениет пен әдебиетке, әсемдік пен әдемілікке басқа да адами болмысыңды қалыптастыруға ықпал ететін құндылықтармен қауыша аласыз. Ол үшін әрине, талғамымызды дұрыс таразылай білейік. Сөз шындықтан бұзылмайды. Осы тұста еріксіз мойындауға тура келетін бір нәрсе – біз интернет әлемінен тек пайдалы дүниені ғана алып жатқамыз жоқ. Қашқан мен қуғанға, атқан мен шапқанға, тонаған мен зорлағанға, күшпен қорлағанға, сүйген мен күйгенге, өсек аяң мен ғайбатқа толы қасиетсіз әрекеттерге толы, рухымызды аздыратын, жан дүниемізді тоздыратын көріністерге бой алдырып, минуттар емес, сағаттарымыздың өзін ысырап етудеміз. Дінге бөлініп жауласып, зиялы мен зиянды деп дауласып, бар қазақ бір қазақ болмай, біріне бірінің көңілі толмай, қызылкеңірдек қырқыстырып, мылтықсыз майдан жасап жатқан әлеужелідегі пікір алаңы алаңдатпай қоймайды. Ендеше, қолдағы телефон, алдыңыздағы компютер, үйдегі телеарнаңыз болсын экранның ар жағындағы әлемнен аз уақытқа алыстап көріңіз, ойлы оқырман! Сөйтіңіз да, бір сәт Алаш арстыраның аманатындай болған газетке де көз салып, көңіл бөліп қойыңыз. Олардың өздері қуғын-сүргінде жүрсе де, қараңғы түнде жолынан жаңылдырмай, бағытын нақтылап беретін Темірқазығы – газет болғанын есіңізге алып, парақтап шығыңыз. Ойсарайыңызға ой салар дүние таппасаңыз бізге серт, оқымасаңыз сізге серт!

Өткенде бір ауылда тұратын бір кісі: «Газетің қолымызға тигенше жаңалықтың бәрін телефонымнан-ақ көріп, оқып алам», – деген уәж айтты. Сөзінің жаны бар. Қазіргі уақытта пошта қызыметінің ақсап тұрғаны да рас. Бірақ газетіміз телефоннан-ақ көріп алатын жаңалықты ғана жазбайтынын ескеріңіз оқырманым! «Jetisy» газеті негізінен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық басылым болғандықтан басымдық осы бағытқа берілетінін жасырмаймыз. Аймақтағы «экономикалық көрсеткіш, әлеуметтің әлеуеті, қоғамдағы саяси ахуал, жеткен жетістік пен кеткен кемшіліктің сараланып отыруы кімге керек» деп ойлау ағаттық болады-ау. Мұның бәрін «көріп-біліп отырмыз ғой» десеңіз, Айдың арғы бетіне де зер салып қойыңыз. Қоғамды толғантқан, ұлтты алаңдатқан, ұрпақтың келешегіне көз жұма қарамайтын, сан түрлі тақырыптарды зерттеген тілшілеріміздің тіршілігі сізді де бей-жай қалдырмайтыны анық. Сонымен бірге, бұлт артынан шыққан күндей ертеңімізге сенім мен үміт ұялатқан Алаш перзенті Мағжан сенген жастардың барына  қуанып, «балаға – білім, қоғамға – ғылым керек» десек, әлемдік деңгейде топ жарған жеткіншектерімізді сүйіншілей көрсетіп, көңіліңізге көктемнің шуағын сыйлайтын мақалаларды отбасыңызбен бірге оқып, ұл-қызыңыздың ұлағатты жолды таңдауына бағыт бере аласыз. Тарихи танымыңызды кеңейтіп, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазынаны да табасыз. Құныдылқтарымызды құрметтеп, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтап, мәдениетімізді мәуелетіп, ән-күйімізді әуелетіп, әдебиетімізді әспеттеп жүрген жандардың тағылымды өмірін оқып ұрпағыңызға: «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп Абайша ақыл айтасыз.

Ақиқатын айтсақ,  қаладан 2-3 шақырым ұзасаңыз байланыс аясынан тыс жерге еніп кететін, ал шалғай ауылда төбе-төбеге шығып, телефоныңыз ұстай қалса, қармағыңызға алтын балық ілінгендей қуанатын жағдайда жүріп, «Газет оқылмайтын заман, интернетім болсын аман» деу де сыныққа сылтау емес пе?!

Таудың  қуысы мен құмның арасында интернетіміз еш мүдірмей ұстап, дамыған цифрлы Қазақстанға айналсақ та, тасқа жазылған тарихымыз ең алғаш кітап болып, одан газет-журналға басылған асыл қазына қағаздан оқығанға не жетсін! Сондықтан бір сәт газетке көз салып қойыңыз, ойлы оқырман!

Жұматай ӘМІРЕ
Суретті түсірген Руслан Қадыров