КҮЙ АТАСЫ – ҚОЖЕКЕ

Уақыты: 26.01.2024
Оқылды: 753
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың сан салалы, көп қырлы мәдениетінің ішінде «күй өнері» ерекше тұрған құбылыс. Ен далада еркін өскен халқымыз барлық қуаныш-күйінішін, мұң-зарын, басынан өткен басқа да өміріне қатысты иірімдерін осы күй арқылы айтып, бейнелеп таратып, келесі ұрпаққа жеткізіп отырған. Осы жолда Қожеке Назарұлының сіңірген еңбегі орасан. Талдықорғанда тарихи тұлғаның алғашқы күй жинағы кітабының тұсауы кесілді.

Ең әуелі Қожеке Назарұлы кім деген сауалға аз-кем жауап беріп өткен жөн болар. Ол күйші, композитор, Жетісу өңірінің тумасы. Ел басына екі талай күн туғанда жұртының жел жағына қорғаны, дауылдан сақтар орманы бола білген бірегей тұлға. XIX ғасырда патша билігіне қарсы шығып, елін аман алып қалу үшін Қытайға көш бастаған. Алайда Қытай билігі күйшіні қамауға алып, азаптап өлтірген. Бүгінде сазгердің 100-ден аса күйі көпшілікке белгілі. Тарихи тұлғаны «Тағдыры күйге айналған Қожеке» атты екі томдық туынды арқылы кеңінен тануға болады.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Күй шақыртқы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Жинақты құрастырған ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев. Ол кітапқа Қожеке Назарұлының мұраларын зерттеп, қолда бар құнды күйлерінің 50-ден астамын енгізген.

Кеш шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов түрді. Сөз алған басқарма басшысы жаңа кітаптың шығуымен құттықтап, авторға шығармашылық табыс тіледі.

Шараны әрменқарай композитор, дирижер, «Құрмет орденінің» иегері Әли Демегенұлы мен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін жалғап, «Күй шақыртқы» туындысының тұсауын кесті. Руханият қоржынын толықтырған тың туындының берер пайдасы көп болсын деген ниеттерін жеткізді.

Салтанатты  жиында «Jetisу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев шашылып жүрген дүниені, сыр сандыққа айналдыра білген Талғат Ілиясұлына алғыс айтып, баба рухына Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен алғысын арнады. Жиылған жұрт жырға елітіп қошемет білдірді.

Тұсаукесер концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш аясында Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, ҚР мәдениет қайраткері, күйші Талғат Оразаев пен шәкірттері және жеке орындаудағы әріптестері өнер көрсетті. Олар Қожеке Назарұлының «Сайрам көл», «Күй шақыртқы», «Кеңес», «Шалқайма», «Қамбархан», «Естірту» «Шешеме», «Раушан» сынды тағыда басқа таңдаулы күйлерін орындады.

Еске сала кетсек «Күй шақыртқы» кітабы, Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Медет ЖҰМАБАЙ