Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде

Уақыты: 31.01.2024
Оқылды: 778
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ поэзиясына қолтаңба қалдырған ­Жұматай Жақыпбаев Есенин айтқандай, «өлеңім-өмірім» деп саналы ғұмырын жыр жолына арнаған ақын. Өзінің отты жырларындай жалын болып, жанардан жасын атып ғұмыр кешті. Әсем нақышпен өрнектелген қанық бояулы «Саратан», «Ләйлә» жыр жинақтарында махаббат, туған жер, табиғат тұрғысында тебірене жыр түлеткен бекзат болмысты шайырдың шұғылалы ғұмыры мен шығармашылығына сусындаудың өзі бір бақыт.

Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филормонияда жыр қағанының туған күніне арналған «Ғажайып сәт неге қысқа?» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шара барысында өлеңдегі өрнегі бөлек, тума талант иесінің өмірі мен шығармашылығына арнаған көрме қойылды. Сонымен қатар, ақынды еске алуға  арналған кеште өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Жиылған жұрт жүректі жарып шыққан жырларды ерекше ықыласпен тыңдады.

– Қазақ әдебиетінде қайталанбас қолтаңба қалдырып, тұмса табиғаттың мөлдірлігін мейлінше қанық суреттеген сыршыл ақын Жұматай поэзиясы – тіршіліктің ұдайғы сұлу қозғалысы іспетті серпінді, ықшам, әсерлі, нәрлі, қызу, қымбат еді. Қазақ поэзиясына асқақ рухымен келген Жұматай Сағадиұлы қатардағы ақынның қатарын көбейткен жоқ. Ол қара өлеңде өзінің қағанатын құрды. Жыр қағаны болды. Бүгінде қазақ әдебиетіндегі айтулы темірқазықтай болған аға буындар шайырмен қағанатта бірге жүрді, ­­­– дейді облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы.

Жыр қағанатының белді бір мүшесі болған белгілі ақын Нүсіпбай Әбдірахым, Жетісу қаламгерлері Әміре Әрін мен Сайлаубай Тойлыбайұлы Жұмағұл-Шораға арнап шығарған жырларын оқыды. Өз кезегінде кейінгі толқын Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Мұратхан Орынтайұлы, Мұхтар Күмісбек сынды ақындар Жақыпбаевқа арналған өлеңдерін тыңдарманға ұсынды.

Аталмыш кешке арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар және халқымыздың өнерін бағалайтын оқырмандар ақынның жүрегінен сүзіліп шыққан «Менің атым», «Таңда», «Қасы да керік», «Ләйләң қайда?» сынды өлеңдерін естіп құдды автордың көзін көргендей күй кешті. Сондай-ақ, театрландырылған қойылымда «О, Ләйлә», «Ғажайып сәт неге қысқа», «Анашым», «Өмір-өзен» сияқты таңдаулы әндер орындалды.

Әдемі кештің шырайын кіргізген тағы бір айтулы қонақ Ағайша Исағұлова. Әнші сахнаға шыққан сәттен-ақ, ақынның сөзіне жазылған «Көкпар» әніне жан бітіріп қана қоймай, жиналған жұртты өзiнiң алақанында ұстап, әнiмен тыныстатқандай болды.

Осылайша жыр деп соққан ақынның жүрегі өз оқырманымен қайта бір қауышқандай күйге бөлендік.

Айғаным АЙТМҰХАН