МЕН, СІРӘ, ӨЛМЕЙТІН ШЫҒАРМЫН...

Уақыты: 20.02.2018
Оқылды: 2479
Бөлім: РУХАНИЯТ

     Иә, өз өлеңдерінің тағдыры жайлы сәуегейлік сөз қалдырған ақынның болжамы айна-қатесіз келді десе болады. Бүгіндері кең-байтақ Отанымыздың қай бұрышына барсаңыз да Мұқағали жырларына ғашық жұртты көреріңіз анық. Кәрі де, жас та оның өлеңдерін жатқа оқып, сөздеріне шығарылған әндерді жарыса шырқайды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деген де осы болса керек.


ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНДА. Ақпан айында ақ қармен араласып, аспаннан өлең жауады. Құдды бір алыстан мұзбалақ құс ұшып келгендей. Қиырдан жеткен жыр жүйрігінің дүбірі көкте қалқиды келіп. Өйткені бұл әлетте ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүниемен қауышқан. Бүгінде оны еске алу елге серт. Соған сай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында XI «Жырлайды жүрек» атты облыстық әншілер байқауы өтті. Шараның негізгі мақсаты – елге рухани азық болатын әндерді тыңдап, жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыру. Жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп, шығармашылық деңгейін көтеру. Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттау. Сайысқа қатысушылардың өнерін саралаған қазылар алқасының құрамында Жетісу жерінің өнер майталмандары болды. Олар ҚР еңбек сіңірген қайраткері, алқа төрағасы Бақберген Асқарбеков, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Әміреев, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Мәншүк Тұрсынғазина, дәстүрлі әнші, «Мен қазақпын» ұлттық жобасының бас жүлдегері Бейбіт Мұсаев, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Асқар Нұрмыхаметов. Халық көптен күткен ән додасында ақынның өлеңдеріне жазылған туындылар дәстүрлі және эстрадалық бағытта орындалып, жүлдегерлер де осы екі жанр бойынша бағаланды. Өңіріміздің әр түкпірінен келген 42 өнерпаз бағын сынап, ақтық сынға 16 үміткер жолдама алды. Атап айтсақ, бас жүлдені айтыскер ақын, ескелділік Алғысбек Дәуен мен талдықорғандық Жасұлан Сақаев иеленді. Өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған қос әнші Әліби Бекайдар мен Гүлнұр Нұрасылова бірінші орынға лайық деп табылды. Олардың қатарына талантты әнші Бағжан Ерғайып та қосылды. Екінші орынды Райымбек ауданының түлегі Абзал Нұрақын мен Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған Бектұрсын Қайрат қанжығалады. «Күрең күз» әнімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленген балқаштық дарынды жігіттер Ерұлан Жебегенов, Әбу Дамир, Айбын Батыров үшінші орынға жайғасты. Қазылар алқасы үш жігіт көтерілген тұғырға қос аруды саз колледжінің саңлағы Нұрдана Сәлімхан мен Ұлжан Ағлақованы шығарды. Қалған 8 өнерпаздың барлығына ынталандыру сыйлығы мен Алғыс хат берілді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен гүл шоқтары табыс етілді.
Марапаттау рәсімі мәресіне жеткен соң, ән байқауы артынша гала-концертке ұласты. Қатысушылар өлеңсүйер қауымның ақынға деген сағынышын әнмен әспеттеді.  
ТУҒАН ЖЕРІНДЕ. Дүбірлі тойдың тұсауы биыл да дәстүр бойынша Мұқағалидың туған ауылы Қарасазда кесілді. Көгінде ән әуелеп,  шыңдарына жыр қонақтаған қасиетті Аспантаулар өлкесіне жаңадан әкім болып тағайындалған Жолан Омаров бастаған ауданның атқамінер азаматтары арнайы келген мәдени шара Мұқағали ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған. Осыдан кейін меймандар ақынның мұражайына кіріп, мұндағы мұрағаттармен танысты. Бір қызығы, бұл жолы гид қызметін Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияның шәкірттері атқарып, әр экспонаттың алдында Мұқағалидың жырларын шабыттана оқыған. Өзінің қысқа ғұмырын өлеңге айналдырып, жырмен көркемдеп кеткен қайталанбас дарын иесі болашағын болжап біліп отырғаны оның шығармашылығынан аңғарылатындай. Кішкене бүлдіршіндердің толғана оқыған өлеңдерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес. 
    Осыдан кейін Қарасаз Мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың туғанына 87 жыл толуына арналған салтанатты шара жалғасын тапты. Алғашқы болып мінберге көтерілген аудан әкімі Жолан Ыбырайахынұлы даңқты жерлестері турасында ойларын ортаға салып, жиналған жұртшылықты мерейлі мерекелерімен құттықтаған. Сөзінің соңында жыр-додаларда ауданға олжа салып жүрген жеңімпаздарды Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен  марапаттады.       М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын дендей зерттеп, бірнеше кітап жазған осы өлкенің тумасы, ақын Айтақын Әбдіқал әдеттегідей бұл шараға құрқол келмеген екен. Ол жиналған жұртшылыққа ыстық ықыласын білдіргеннен кейін мұрағаттардан арнайы алып келген ақын жайлы мәліметтер мен құнды фотосуреттерді мұражайға табыс етті. Әрине, оның Мұқағали мен Еркін жайлы жазылған өлеңі көпшілік қауымның көңілінен шыққаны анық. Кеш қонағы, ақын Қуат Қайранбаев алдымен «Тәңіртаудың мұзбалағы» атанған Мұхаңның құдіретті поэзиясына аз-кем тоқталып, өзінің ақынға арналған өлеңін оқыды. Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Әділжан Нөкеев даңқты жерлестерінің өмірі мен өлеңі жайлы тың деректер келтірсе, Нарынқолдың түлегі, оқушылар арасындағы республикалық  Мұқағали оқуларының жеңімпазы, бүгіндері М. Әуезов атындағы драма театрында еңбек етіп жүрген Нұртас Тұрғанбек шабытты жырларына кезек берген.  
Сонымен бірге аудан өнерпаздары мен ақынның туған күніне арнайы Қарасазға келген қонақтар Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді тамылжыта шырқап,  мерекенің шырайын келтіре түсті.  
ТІЛ САРАЙЫНДА. Ақынға құрметтің ғаламат үлгісіндей болған бұл кездесуді Талдықорған қаласындағы 54380 әскери бөлімі ұйымдастырған «Бүгін менің туған күнім» атты әдеби сазды кеш болды. Жанымызға ерекше әсер еткені – қолына қалам емес, қару алған ел күзетіндегі жігіттер және солармен бірге Отан қорғауды борышым деп таңдаған аруларымыздың ақын өлеңін сондай ықыласпен оқуы болды. Мұқаңның жауһар жырларын бірнеше тақырыпқа бөліп, сахналық қойылым ретінде дайындағанының өзі өлеңге деген шексіз құрметін білдірді. Домбырамен де, эстрада бағытында да ақын сөзіне жазылған әндерді тамылжыта шырқады. Жүргізушілік тізгінін қолға алған Айдар Әукешов пен Айдана Мұхамедиева кештің шырайын кіргізді.  Арнайы қонақ ретінде шақырған жетісулық қаламгерлер Тұрлыхан Кәрім, Дүйсен Аңсабаев, Жұматай Оспанұлы және Жангелді Немеребаев ақынның өлеңі мен өмір жолынан сыр шертіп, өлеңдерін оқыды. Кешті ұйымдастырған әскери бөлімнің кітапханашысы Гүлайым Абылова баяндама жасаса, әкесі қызмет ететін әскери бөлімнің атынан шыққан Әдемі Айбарқызы ақын жырын нақышына келтіре оқып, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Отан» әнін тарту етті. Өнер саласында жүрген Еділ Исағұлов пен Құралай Жұмағұлова да өз үлестерін қосты. 
    Кеш соңында сөз алған талдықорған горнизонының әскери сот төрағасы Ринат Миратұлы мен 54380 әскери бөлімінің командирі, полковник Шоқан Тоқтасынұлы рухани кешке демеу көрсетіп, әсем ғимаратта кеш өткізуге мүмкіндік берген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Кәрбозұлына рахмет айтып, ұжымына Алғыс хат табыстады. Әскери өмірдің темірдей тәртібінен бір сәт босап, әлемі бөлек өлең өлкесі арқылы рухани күш алған Отан қорғаушылардың шырайлы кеші көпке дейін есте жүрері анық. 
БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ. Талдықорған қаласындағы №25 орта мектебінінің кітапханасында 5 «ә» сынып жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Жамбылбаева оқушыларымен  рухани құндылықты насихаттау мақсатында, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жауһар жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген, қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың» атты жыр кешін өткізді. Бұл кешке ҚР мәдениет қайраткері, Жұматай Оспанұлы мен ақын Жангелді Немеребай арнайы қонақ ретінде шақырылды. Өз кезегінде сөз алған Жұматай Оспанұлы ақпанмен бірге ағыл-тегіл жыр оқылатын бірден бір айтуыл ақын Мұқағалидай дара тұлғаның жерлесі екенін айтып, қасиетті қара өлеңін оқып берсе, Жангелді Немеребай өз жүрегінен шыққан арнау жырын тарту етті. 
    Бұл кеште 5 «ә» сынып оқушылары Айым Мұхаметқан, Іңкәр Батыржанқызы, Ақерке Нұрмолдан, Іңкәр Нұрдазым, Мадина Тынышбай, Дильназ Нұрғалиева, Ажар Арапова, Бекжан Талғат  Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтса, мектептің жас ақындары Әнел Қанымжанова, Әмина Әділқан, Аяла Бақытбек жүректерінен шыққан  ақынға арнаған жырларын оқыды. 10 «а» сынып оқушысы, Халықаралық «Достықтың туын желбірет» байқауының 1 орын иегері Жайна Тұрарбек өз өлеңінде:
Өлмейді атың, болмайды 
             олай мүлде, 
Жырларыңнан жинаймыз 
                              арай күнде.
Өнегең барша жұртқа 
                              мәңгі азық,
Өзіңді еш өлдіге санай көрме, – деген өлең шумақтарында жанды тебірентіп, жүректі тербеді. Осылайша ақынға деген сағынышын жыр жолдармен жеткізе білді. Кешке келген қонақтар оқушыларға ризашылықтарын білдіріп, тілектерін арнады.
ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНДА. «Өшпес ғұмыр, өміршең жыр» тақырыбы аясында өткен игі шара Мұқағали ақынның шығармашылығына арналды. Асқақ таудың бөктерінде орналасқан әсем қаладағы жалғыз қазақ мектебі. Сегіз жүзден астам оқушысы бар ұлт мектебінің директоры Элмира Сейдахметқызының қолдауымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мерейлім Қабыл қызы ұйымдастырған әдеби-сазды кештен көңілге түйгеніміз де көп болды. «Директордың қолдауымен» деп астын сызып айтып отырғаным да негізсіз емес. Текелі қаласындағы 5-ші қазақ орта мектебінің басшысы орыс тілінің маманы болғанымен жаны мен қанының қазақ екенін көрсетті. Рухани кешке бастан аяқ қатысып қана қоймай, оқылған өлең, айтылған ән, шертілген сырға дейін бар ықыласымен құлақ түріп, арасында мектебінің жетістігі мен оқушыларының жеңісін айтып желпініп отырды. Айтуға лайық, көрсетуге тұрарлық болғаннан кейін солай істеуге қақысы да бар. Соңғы үш-төрт жылдан бері бұл мектеп ҰБТ-дан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Оған оқушылар мен ұстаздардың қалалық, облыстық, республикалық түрлі байқаулардан топ жарып, мектеп абыройын асырып жүргенін қосыңыз.
     Ал кештің жүргізу тізгінін қолына алған Мерейлім Қабылқызы Мұқағали ақынның жерлесі екенін көрсетіп, ақын өлеңін асқан шеберлікпен оқып, жүрегімізді жырмен тербетті. Бұл сезім сол кешке арнайы барған «Жетісу» газеті бас редакторыныі орынбасары Жұматай Оспанұлы мен осы басылымның тілшісі Құралбек Сәбитовтың да шабытын шалқытты. Алма-кезек өлең оқып, орайы келгенде ән де салып, көрерменнің көңілі көкке өрледі. Ерекше әсер еткені оқушылардың біз оқыған өлеңге залдың ішін жаңғырта бірге қосылып отырғаны болды. Мұқағали ақынның жырымен ғана шектелмедік, сыр сандығымыз ашылып, ішінен өлең шашылып, дана Абайдан бастап, маңғаз Мағжанның, Сұлтан-Махмұттың, Шәкәрімнің һәм осы кештің арнайы қос қонағының да өлеңдері оқылды. Аттары аталған ұлттың дара тұлғаларының өлеңдерін де мектеп оқушылары бір-бірімен жарыса оқыды. Көптен бері оқушылар арасында дәл осындай әсерлі кешті көрмегендіктен бе, әлде таудың таза ауасы, ақындардың жауһар жыры, мектеп басшысының пейілі, ұйымдастырушы мұғалімнің ұтқырлығы бәрі де ерекше әсер етті ме, әйтеуір әдемі кештің куәсі болдық. Естен кетпестей болған кеш естелік суретке түсумен аяқталды.
 
ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ