ЕСЕП-ТІҢ ЕРЛІГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 2096
Бөлім: РУХАНИЯТ

Репрессияның толқын-толқынына ұшыраған, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш идеясын өлмес мұра етіп қалдырып кетті. Алаш ұранды ұлт қайраткерлерінің тәуелсіздік мұраты жолында атқарған саяси және рухани еңбектерін ХХ ғасырдың 40-жылдары Қарағанды қаласында құрылған ЕСЕП – Елін сүйген ерлер партиясы жалғастырды. ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының ерен ісін қайта жаңғыртқан бір топ қайраткерлер коммунистік партияның тұсында-ақ ұлт үшін аянбай тер төкті.

Бүркіт Ысқақұлы! Бұл есім көпшілікке беймәлім болуы мүмкін. Бірақ Алаш үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтының оқытушысы Айтбай Нәрешовтың жеке кітапханасынан Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» сынды латын әрпімен шыққан кітаптарын көріп, танысып шығады. Бұл 1940 жылдар еді. Содан бастап Бүркіт Ысқақұлы мектеп оқушыларының санасына Алаш идеясын сіңіре жүріп, ЕСЕП-тің негізін құрады.

Біздің Алматы қалалық ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментінде атқарған зерттеулеріміздің арқасында тың деректер таптық. 1937-38 жылдары жаппай ұлт зиялыларын репрессияға ұшыратқаннан кейін де ұлт тәуелсіздігін армандаған ЕСЕП партиясының болғандығын растайтын құжаттарды кездестірдік. Онда: «Искаков и Темиров в период учебы в Нуринской средней школе, а затем в 1940-1942 годах в Карагандинском учительском институте создали антисоветскую националистическую организацию «ЕСЕП» (партия героев, любяших Родину), которая своей задачей ставила отторжение Казахстана и республики Средней Азии от Советского Союза и создания на их территории буржуазного государства; проводили среди казахской молодежи антисоветскую агитацию, читали контрреволюционную литературу», – деп көрсетіледі.

ЕСЕП партиясының негізін салған Бүркіт Ысқақұлы мен оның пікірлестері кеңестік кезеңде қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтар мен саяси-экономикалық күресті партия бағдарламасына қосып, жастардың санасын оятты. Бүркіт Ысқақұлы кеңестік кезең идеологиясының басты құжаттары – К.Маркс пен Ф.Энгельстің Манифесін және КОКП программасы мен уставын оқып, салыстыра отырып, ЕСЕП партиясының мақсатын бағдарламада нақты айқындап, жазып шыққан. ЕСЕП – Елін сүйген ерлер партиясының бағдарламасын зерделеп, тәуелсіздік биігінен қарайтын болсақ, сол кезеңнің саяси жағдайды саралай алатын, әлемдегі соңғы жаңалықтармен таныс, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт тұлғаларын көреміз.

ЕСЕП партиясының қалыптасу кезеңі импералистік мемлекеттердің әлемді бөлісу саясатынан тұтанған  Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тұспа-тұс келді. 1944-1951 жылдары тәуелсіздік үшін жүргізілген үгіт-насихат нәтижесіз болмады. Әділетсіз қоғамға қарсылық кейінгі буыннан қолдау тапқанын: «1944 жылдың тамыз–қазан айларында өмірге әлі келмеген Елін сүйген ерлер партиясы партиясының белсенділері ретінде «Советтік Қарағанды» газетінің қызметкері Бейсембай Жақсылықов, облыстық драма театрында істейтін Зейнолла Әбілдин, Жамбыл Рүстемов, «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Жаппар Өмірбеков Қарағанды облыстық ішкі істер, мемлекеттік қауіпсіздік басқармалары тарапынан тұтқындалады», – деп жазған тарихшы-ғалым Әбіжаппар Әбдәкімұлының дерегінен көреміз.

1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің «Қазақстан тарихы мәселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаласының жариялануы кезекті қуғын-сүргіннің басталуына себеп болды. ЕСЕП партиясы мүшелерінің Жетісудың төрі – Алматы қаласында аса сақтықпен ұлттық рухты дамыту жайлы іс-әрекеттері ерлікпен пара-пар. Қазақстан Республикасы ҰҚК құжаттарында: «Искаков пен Темиров Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін заңға қарсы қарым-қатынастарын қалпына келтіріп, 1950 жылы Алматы педогогикалық институтының студентері Калиев, Азанбаев және Аманқұловтарды өз топтарына тартқан», – деп көрсетіледі. Бұл жердегі Жекен Қалиұлы ЕСЕП партиясының 18 жастағы ең жас мүшесі Талдықорған облысының азаматы болатын. Бұдан шығатын қорытынды, кеңестік кезеңде еш қорықпастан ЕСЕП партиясының мүшелері бүкіл Қазақстанның қалаларында өздерімен рухтас жастарды өздеріне тарта білген.

Ұлтжанды азамат Бүркіт Ысқақов өзінің ЕСЕП  мүшелерімен ақылдаса келе Е. Бекмахановты қолдап, Кенесары қозғалысын отаршылдыққа қарсы бағытталған күрес екенін дәлелдеп, жауап хатты «Правда» газетінің өзіне жазуға келіседі. Сол кездегі үш адамның бірі МҚҚ астыртын жансыз адамдары болатын. Сондықтан, Бүркіт Ысқақовты 1951 жылдың 18 қаңтарында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты хатшысы қызметінде, жұмыста отырған жерінен қауіпсіздік қызметінің адамдары тұтқындайды. Бостандықта қалған ЕСЕП мүшелерін – Махмет Теміров,  Айтбай Нарешев, Рамазан Нарешев,  Жакен Калиев, Мустахим Азанбаев, Адырбек Аманкуловтарды  бірінен кейін бірін Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындайды. Тергеу алты айға созылып, Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нарешев  25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Оған қосымша 5 жылға азаматтық құқығынан шектеледі.

Осы жылдары «Үкіметке қарсы үгіт жүргізгендер», «Отанына опасыздық жасағандар» деп аталатын 58-баптың 10–11 тармағы бойынша немесе «үштіктің» бұйрығымен азапталған тұлғаларымыз қаншама?! 1956 жылы атышулы ХХ съезі жеке басқа табынуды әшкерелеуі коммунистік партияның саясатына оң өзгерістер енгізді. КСРО Жоғарғы Соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1956 жылғы 17 қарашадағы қаулысы бойынша Бүркіт Ысқақов бастаған ЕСЕП мүшелері толық ақталып, партиялықтары қалпына келтірілді. 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын – сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша ЕСЕП мүшелерінің құқықтары қалпына келтірілген.

Ұлтшылдар партиясының мүшелері Зейнолла Игілікұлы мен Кәмел Жүністегі бүкіл Қазақстанның оқу орындарында кеңеске қарсы үндеулер мен ұран-парақшалар шығарған істері үшін Потьма еңбекпен түзеу лагерінде 1962-1965 жылдары жазаларын өткерді. Зейнолла Игілікұлы мен Кәмел Жүністегінің «Жас қазақ» атымен редакциялаған хаттарының әсері Қарағанды студенттері тарапынан қолдау тапты. Олардың көпшілігі оқудан шығарылды, қуғындауға түсті. Кейін Елін сүйген ерлер партиясының идеясын жандандырған «Жас қазақ» ұйымына да айып тағылды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жыл бойы естен шығармау керекпіз. Тарих – жас ұрпаққа сабақ. Өйткені, тарихи тұлғалардан сабақ алмай, олардың ерен істерін мұрат тұтпай, мемлекет басқаруда және саясатта үлкен дәрежеге жету мүмкін емес. Кеңестік кезеңде репрессия толқын-толқынымен жүргізіліп, 90-жылдардың аяғына дейін жалғасты деп айта аламыз. Қорытындылай айтқанда, бұл тақырып аясында шетелдегі және еліміздегі мұрағат құжаттары толығымен ашылмай, обьективті баға беру қиын.

Әділет ЖАҒЫПАР,

гуманитарлық ғылымдар магистрі