ҰЛТЫНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 2199
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Алаштың  ардақты ұлы, ұлтымыздың біртуар перзенті, есімі күллі әлемге әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы 22 тамызда, яғни осыдан 25 жыл бұрын өмірден өтіп, 25 тамызда денесі Жер-ана бауырына тапсырылды. Тұғыры биік азамат 81 жыл 8 ай және 10 күн өмір сүріп, Абай айтқандай: «Жүрегі айна, көкірегі көзді, көңілі ояу, жан жарығы мен жан қуаты мол адамдар» ортасынан лайықты орын алды.

 

   Ғұлама данамыз Дінмұхамед Қонаев соның алдында ғана Сарқан ауданында тұңғыш қазақ инженері, тарихшы, Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышпаевтың мерейтойына қатысқан болатын. Маңдайы жарқырап, айрықша шабыттана сөйлегеніне зор қошеметпен қол шапалақтап, рахат сезімге берілген едік.
   Амал нешік, артынша Алакөл жағынан елді есеңгіреткен суық хабар жетті. Бұл қазалы хабар Жетісу жерінің, кең-байтақ Қазақстанның ғана емес, ТМД елдері азаматтарының да жанын ауыртты. Жер қайыстырған халық аза тұтып, соңғы сапарға шығарып салды. Дәл сәрсенбі күні Кеңсай зиратына, сүйікті жары Зухра Шәріпқызының жанына жерленді.
   Қазақ баласы, қазақ даласы, көпұлтты Қазақстан бұрын-соңды мұндай ауыр қазаны көрмепті десек, әсірелеп айтқанымыз емес. Бұлай дейтін себебіміз, Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы перзенті, халыққа қалтқысыз адал қызмет етудің шынайы өнеге-үлгісін көрсеткен қайраткер болды. Бұл турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Д. Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыста айтқан-ды.
– Қазақ елінің тағылымды тарихында замана жүгін арқалаған талай толағай тұлғалар болды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаев сондай біртуар болмыс иесі. Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы, мол өмірлік тәжірибесі ерекшелендіріп тұратын. Ол өзіне біздің халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қасиеттерін сіңіре білген, – деп сөз бастаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі сол сәтінде әлемге тарап кетті.
Елбасы атап көрсеткендей, Д. Қонаев өмір сүріп, еңбек еткен дәуір аса күрделі, ішкі қайшылықтары адымды аштырмайтын кезең еді. Мәскеудің шешімінсіз республикаларда бірде-бір өндіріс орнын немесе көрнекті ғимарат тұрғызу мүмкін болмайтын. Орталықтың айтқанын бұрмалау, оның мақұлдауынсыз істі жүргізу, сыпайылап айтқанда, «ақылға сыймайтын» әрекет ретінде бағаланатын. Біздің арамыздағы аға буын өкілдері бұл жайды ұмыта қоймаса керек. Ал Дінмұхамед Ахметұлы саясат арнасынан жол тауып, Леонид Брежневпен арадағы жылы қарым-қатынасты ұтымды пайдалана білді. Соның арқасында Қазақстан одақтас республикалардың арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға көтерілді. Еліміздің оған дейін 1955 жылы одақта он үшінші орынды иеленгені белгілі. Осының өзі  Д. Қонаев тарапынан ел экономикасы мен мәдениетін өркендетуге орасан зор қызмет атқарылғанын көрсетеді.
   Дегенмен, асыл азаматтың дұшпандары да болды. Олар шетелдерден емес, жоғарыдағы Мәскеуден бой көрсетті. Мәселен, Н. Хрущевтің, М. Горбачев пен Г. Колбиннің жымысқы айла-шарғыларын өмір шындығы әшкереледі, тарих бәріне бағасын берді. Оларға қаймықпай қарсы тұрып, ақиқат жеңіске жету орасан төзімділікті, қайрат-жігерді, ақыл-парасатты қажет етсе, соның бәрі Қонаевтың бойынан табылды. Соның арқасында Дінмұхамед Ахметұлын әлем таныды, есімін мақтаныш етті. Солардың кейбіреулерінің айтқандарын өмірден өткеніне 25 жыл толғанына орай тағы бір рет қайталап айтудың жөні келді.
   АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауер 1970 жылы:
– Мен бүгін зор тұлғамен таныстым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы, – деп баға берсе, жазушы Геннадий Толмачев 1997 жылы:
– Шынымды айтайын, Д. Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңқаларлық сана, шалқыған қарапайымдылық, көңілді болмыс тән еді, – деп жазды.
Алаштың көрнекті қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы Ескендір Димаш Ахметұлының сыйлас замандастарының бірі еді. Сол Есағамыз (марқұм) былай дейді:
– Сонша мәрт адамның сен бір жақтан жолаушылап келгенде  балаша қолыңа қарайтынына қайран қаламын. Сондағы күтетіні – тас шақпақ (зажигалка). Әкелсең – ат мінгізгендей қуанады, әкелмесең: «Мен сенің сараң екендігіңді енді білдім», – деп қасқайып қарап отырады. Ұлы адамның біз білмейтін құпия жаратылысы бар шығар?!
Көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың «Қазақ әдебиеті» газетінің 2012 жылғы 12 қаңтардағы нөмірінде жарияланған «Екі мәрте қайталанған «16 желтоқсан» атты мақаласы Димекеңнің жарқын келбетін айқындай түседі. Қайратты, қайсар, дана тұлғасына, адалдығына, ақтығына сүйсінесіз. Жаны жаннатта, тәні рахатта болуын тілейсіз. Неткен тазалық!
Мақалада Олжас Омарұлы былай дейді:
– Біз Юлиан Семеновпен бірге 1987 жылды тұтас, 1988 жылды жалпы қамтып, Д. Қонаевты арашалап қалу үшін күрестік. Оның төңірегіндегі біраз адамды отырғызып та тастады. Енді оның өзіне іс қозғау үшін материалдар жинау басталған-ды. «Пара берушілер» сұралып, «Халықтың қалауы бойынша бюсті алып тастауға» дайындық жүріп жатты. Ел арасында «Қонаев баяғыдан-ақ астыртын миллионер болатын» деген қауесет таратылды. Тіпті кейбір сандар – «үш миллион доллар, нан ұрсын!» – деген дақпыртпен үстемеленді.
Осындай сөздерді естіген сайын есіме 1984 жыл түсе береді. Д.  Қонаев Жапонияға партия делегациясының жетекшісі ретінде Мәскеуден ұшып шықпақшы. Оған арнайы ұшақ бөлінген, Зухра Шәріпқызын бірге ала жүруге де рұқсат етіледі. Мәскеуде мені Саяси Бюро мүшесінің көмекшісі Дүйсетай Бекежанов іздеп келді де: «Олжас, сен жақында ғана шетелден оралдың ғой, қалтаңда аздаған валюта қалды ма? Бес не он доллар болса да. Апамызға дүкен аралау үшін», – деді. Қалтамнан бар болғаны 100 доллар табылды. Зухра Шәріпқызы маған Токиодан сыйлық ретінде – жұбайыма желпуіш әкеліпті, – деп жазады.
   Ақылы кенен, еңбегі ерен алып тұлға Дінмұхамед Ахметұлы өзінің елу жыл алты ай екі күн тағдырлас болған аяулы жары Зухра Шәріпқызының басына көк тас қойып, жылын өткізген 1991 жылдың сәуір айының соңғы күндері екі апта шамасында үйден шықпай отырып қалған. Әңгімені ұзақ тыңдауға бар да, шешіліп сөйлеуге жоқ. Осының өзінен-ақ қос аққудай аяулы жандардың адал махаббатын көреміз. Осы қасиетімен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп отырған жоқ па?!
  Өзінің мол білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына арнаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай тұлғаның дүниеге ғасырда бір рет қана келетіні анық. Өз халқымен, туған елімен мәңгілік бірге өмір сүретін оның даңқты есімін келер ұрпақ бойына сіңірсек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа деген адалдығымызды сақтап қалған боламыз.

Болат Бисұлтанұлы,
Алматы облыстық «Д. А. Қонаев атындағы қоғамдық қордың» басқарма мүшесі,  
Ақсу ауданының Құрметті азаматы