ҚОС МЕКТЕП ЕСІК АШТЫ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1501
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Қаздың бауырына тығылған сарыүрпек балапандай анасының жылы алақанын тас қып ұстап алыпты. Бұрынғыдай емес, сотқарлығы басылған, момақан кейіпте. Күнге көздері шағылыса ма, әлде жанындағы жат топтан имене ме, әйтеуір, барлығы бұйығы. Артына жалтақ-жалтақ қарайды. Серігінен ұзап кетуге сескенетіндей. Алдында тұрған хансарайдай мектепті естігендері болмаса бұрын-соңды көрген емес. Бірақ ендігі өмірі осы зәулім ғимаратпен тікелей байланысты болатындығын сезеді. Ең ғажабы сол, жаңа күндерінің қызығы мен шыжығы жаңа білім ордасының қабырғасында басталмақ.

 

   Қатар-қатар тізілген мойыл көзді, қоңыр өңді, жирен шашты балалардың жас жағы шамалас, киімі біркелкі. Біріне-бірі ұқсайтындай. Ақ көйлектің жағасына қапсыра байлаған ту түстес  мойынтақтары тіптен бір үйдің баласындай етіп көрсетеді. Есімін атап барып нұсқамасаң, түсін түстеп таба алмайсың. Шалбарының қырларына дейін бірыңғай. Олар бүгін сонысымен де сәнді, сонысымен де салмақты. Олай болмай қайтсін. Әрбірден соң осы судай жаңа мектептің тұсауын кесетін де осылар. Тұғырына шырақ, ғұмырына қуат болмақ. Әне, алғашқы қоңыраудың да үні естілді. Әрмен әңгімемізді сол тұстан жалғасақ.
   Иә, қыркүйектің алғашқы тәулігі тәтті естеліктердің шырағданы іспетті. 3 айға созылған жазғы демалысын тамамдаған оқушылар алтын ұясымен қайта қауышады.  Мектептерін сағынғаны соншалық, оқуға ағылады келіп. Барлығы дерлік бір жылға есейген. Әйтсе де балалық болмысын жүздері әшкерелеп тұр. Араларында мектеп табалдырығын енді аттағалы тұрған балдырғандар бар. Оларға да бұл сәттің берері көп. Себебі қолға қалам алып, арманына қанат бітіретін ұстазының ұлағатты сөздерін дәптер бетіне түсіру үлкен мәртебе. Биыл өңірімізде 50 мыңға жуық шәкірт осындай қуанышқа кенелмек. Бұл үлкен жетістік. Аймақта тоғыз жаңа білім шаңырағы қолданысқа берілді. Соның екеуі осы Талдықорғанда. Бірі – қаланың оңтүстік батысында болса, бірі – солтүстік батыс бөлігінде орналасқан. 
   7-шағын аудан қаламыздың ең әдемі де көрікті бөлігі. Салтанат сарайы, Көрме кешені, Оқушылар сарайы, «Көктем грант» қонақүйі сондай-ақ жастар орталығы бар. Енді міне, осы айтылған нысандардың жаңа көршісі пайда болды. Бұл – білім ошағы. Аты аталғандардың ішіндегі ең үлкені де осы шаңырақ. 1200 орынды мектепті салуға мемлекет тарапынан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.
   Білім ұжымы алғашқы қоңырау сәтін айшықты өткізуге тырысқан. Оқушылар келген қонақтарды ұлттық бимен қарсы алды. Ән салып, ырымдап ақ көгершін ұшырды. Еліміздің Гимнін бар жан-тәнімен айтып, көпшіліктің жүрегін елжіретті де. 
Ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов жиылған жастарды мерекесімен құттықтап, ғимараттың лентасын қиды.
– Бұл нысанның ашылуы қызық болды. Басында дарынды балалар оқитын №24 мектеп-лицейді орналастырамыз деп шешкенбіз. Бірақ, халықтың сұранысынан кейін, ол шешімді өзгертіп, Талдықорғанның шағын ауданының балалары баратын мектеп қылып ашып отырмыз. Бұл осында қадам басқан оқушыларға үлкен серпін береді деген ойдамын. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деп ағынан жарылды Амандық Ғаббасұлы.
Облыс әкімі атап өткендей, қала тарихында мұндай үлкен білім ордасының ірге көтеруі алғаш рет. Оның қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде салынуының өзі тегін емес. Себебі, мұнда жылдан-жылға тұрғын үйдің саны артып келеді. Сабаққа баратын балалардың саны да едәуір. 
– Шынында қуанышымызда шек жоқ. Осы мектеп салынады дегелі бері жолдасым екеуміз қызымызды осында оқытамыз деп шешкенбіз. Енді, міне, сол күнге де жеттік. Облыс әкіміне айтар алғысым шексіз. Бізге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бұрындар осы маңайдағы балалар автобус күтіп, сабаққа кешігіп баратын. Бұдан былай ондай жағдай орын алмайды деп ойлаймын. Заман талабына сай салынған бұл ғимарат елдің абыройын көтеретін жастарды тәрбиелеп шығатынына сенімім мол, – деді қала тұрғыны Сажида Зиятай.
   №28 IT мектебіне келушілер қарасы өте көп. Аты айтып тұрғандай мұнда робототехника бағдарламалаудың негіздері тереңдетіліп оқытылады. Ағылшын тілін меңгеруге де баса назар аударылмақ. Ол үшін арнайы кабинеттер ашылған. Ғимараты  9 блоктан тұратын оқу ордасы соңғы үлгідегі техника, парта, орындық, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 
   Сонымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылып отырған бұл білім беру мекемесінде мыңнан астам бала оқуын бастады. Соның 200-і бірінші сыныпқа барады. Олар 9 сыныпқа бөлінген. Бұл да көңіл қуантатын жайт. 130 адам жұмыс істейді. Жаңа мектепте арнайы жабдықталған сыныптар, медициналық кабинет, мәжіліс залы, акт залы, спорт залы және бірнеше шеберхана сыныптары бар. Мектеп директоры Гүлжанар Еспанованың айтуынша, нысанда алаңсыз білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті кадрмен толық қамтылған.
   Мемлекет мұндай жағдайды қаламыздың солтүстік-батыс бөлігінде бой көтерген жаңа білім ұясына да жасап берді. Әнуар Әлімжанов көшесінің бойындағы еңселі оқу орны №27 орта мектеп болып аталды. Мұнда да білім күнін думандатып өткізген ұстаздар қауымын облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап барды. 
   1200 орынды мектепке 800-ден аса бала қабылданған. Шәкірттердің дені Шайқорған шағын ауданы мен Мерекелік және Қызылтас саяжайларында тұрады. Бұрын бұлардың бәрі қалаға қатынап оқитын. Ата-аналары тұлымдысы мен бұрымдысын сабаққа жіберіп, келгенше алаңдап отыратын. Енді уайымдары сейілген. Үйлерінен таяқ тастам жерде орналасқан білім мекемесі көз қуанышына айналды десек, артық айтпағанымыз болар. 
– Бұл білім ордасында 46 маман қызмет жасайды. Бәрінің де деңгейі жоғары. 3 қабатты ғимарат 5 блоктан тұрады. 61 оқу кабинеті мен 3 оқыту шеберханасы, спорт пен мәжіліс залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинет бар. Оқимын деген балаға қай уақытта да есігіміз ашық, – деді мектеп директоры Гүлжан Сыдыбаева.
   Жаңаның аты – жаңа. Мектептің дәліздері мен оқу бөлмелері кең. Жаратылыстану пәндері бойынша ашылған кабинеттер құрал-жабдықтар жеткілікті. Ағаш өңдеу шеберханасы да керекті дүниемен толыққан. Аумағы ат- шаптырым асханасы тағы бар. Спорт залы да үлкен. Мұнда оқушылардың баскетбол командасы құрылып, жаттығуды да бастап кеткен. Осы жерде облыс басшысы оларға шеберлік дәрісін өткізіп, допты торға қалай соғудың әдісін көрсетті. Сондай-ақ, асханасын арнайы тексеріп, оқушылардың ыстық тамағына ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.
   Биыл былтырғымен салыстырғанда мектепке барған бала саны 25 мыңға артық. Оның үстіне 3, 6, 8-сынып оқушылары жаңа бағдарламамен білім алады. 5 пен      7-сыныптарға «Өлкетану» курсы енгізілген. Аттестациялаудан жақсы өткен мұғалімдерге осы айдан бастап үстемақы қосылады. Ұстаздар тек 5 қана құжат толтырып, қағазбастылықтан арылмақ.
Жалпы, облыс бойынша 22 білім беру нысандарына құрылыстық жөндеу жұмыстары жасалып, 6,8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Айта кетейік, Талдықорған қаласында өнерпаз оқушылар үшін 300 орынды музыкалық мектеп бой көтеру үстінде. Ол да көп ұзамай ел игілігіне ұсынылмақ.
   Осындайда хакім жазған жазбалар ойға оралады. «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпеннен яки, алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Бұл Абай Құнанбаевтың 38-інші қара сөзіндегі түйін. Шынында, бүгінгі таңда бүлдіршіндерге барлық жағдайды жасап отыр. Онысы ел болашағының іргетасын қалайтын білікті ұрпақ тәрбиелеуді көздегені болса керек. Бұдан соң оқымай көріңіз. Біз осы орайда жаңадан ашылған қос білім ордасы парасат айдынында емін-еркін жүзетін дарынды түлектердің ұстаханасы болсын деген тілек білдіреміз.

Мұхтар КҮМІСБЕК.