ЖАҢА ОҚУ ОРДАСЫ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1053
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Алтынемел ауылдық округіне қарасты Тастыбастау ауылында бастауыш мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Хасан Абуевтың жеке қаражатына салынған мектеп ауыл көркіне көрік қосқандай.

 
Салтанатты жиындағы алғашқы сөзді аудан әкімі Махаббат Бигелдиев алды.
– Қымбатты ұстаздар, ата-аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар! Сіздерді Білім күнімен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауында: «Адам капиталы елімізді дамытудың ең маңызды бағыты», – деп атап өтті. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін адам капиталының рөлі ерекше. Құрметті қауым, биыл жаңа оқу жылына аудан бойынша 8820 оқушы  келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасы бойынша Тастыбастау ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Хасан Абуев жаңа мектеп салып берді. Хасан Керімұлы туған жерге туын тіккен, жомарт жүректі азамат. Ол туып-өскен ауылына 2013-2014 жылы өз қаражатына     18 млн. теңгеге жаңа мешіт тұрғызған.  Сонымен қатар, әрдайым аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға демеушілік  аяған емес, – деді аудан әкімі. 
    Салтанатты жиын барысында  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова  білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, ауыл тұрғындарының қуаныштарына құтты болсын айтты.
Көгімізде самғай берсін 
қыран құс,
Біз де самғап, қияларға 
шығамыз.
Мектеп салып, қуанышқа 
бөлеген, 
Ел сыйлаған ағаларға мың 
алғыс,
– деп жырлаған бүлдіршіндер жаңа ғимаратта оқуға мүмкіндік жасаған ауыл ағаларына деген ризашылықтарын әсем ән және мың бұралған бимен жеткізді. 
 
Ләйлә Оңалбаева
Кербұлақ ауданы