ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 04.09.2018
Оқылды: 1093
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Тарас мектебі – 80 жылдық тарихы бар киелі шаңырақ. Қарасу ауылдық округіне қарасты білім ошағының іргетасы Сансызбай Жобаев ақсақалдың ұйымдастыруымен 1929 жылы қаланып, 1936 жылы пайдалануға берілген. Сол сәтте 3 оқу, 1 мұғалімдер, 1 кітапхана бөлмесі және оқушылармен жиын өткізетін үлкен зал бар еді.

 
   Бастауыш мектеп 1973 жылдан Тарас сегіз жылдық мектебі болып өзгеріп, 1987 жылы жаңа оқу үйі пайдалануға берілді. Ал бүгінде білім ордасы Тарас негізгі орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталуда. Биыл Білім күніне байланысты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Өткен жылдың тамыз айында аталмыш ауылдағы негізгі мектепті қайта жаңарту және жапсарлас дене шынықтыру залын салу құрылыс жұмыстары басталған болатын. Шағын ауылдағы жаңа мектептің сметалық құны – 430 млн. теңге. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Мектеп жаңа технологияға сай, білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Салтанатты шараға аудан әкімі Әділбек Далбағаев, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, ауылдан шыққан беделді азаматтар, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
   Шараны аудандық Қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінің қызметкерлері әдемі сахналық композициямен бастады. Алдымен аудан басшысы Әділбек Егеубекұлы құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі. Аталмыш білім ордасы қай жағынан да ешбір облыстың, тіпті, республиканың мектептерінен кем түспейді. Шара барысында мектеп кілті директор Данагүл Қайымбасоваға салтанатты түрде табыс етілді. Бұдан кейін мектеп құрылысын жүргізуші «Денс» ЖШС аудандағы өкілі Мэлс Болатбеков, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, осы ауылдың тумасы, аталмыш мектеп түлегі Төлеужан Ғұмаров, ауыл ақсақалы Қуаныш Күнболатұлы құттықтау сөз сөйлесе, Темірхан Абылханов ақ батасын берді. 
Салтанатты шара соңында аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы мен ауыл ақсақалы Темірхан Абылханов ата мектептің тұсауын кесіп, білім ордасының ішін аралап көрді. Сондай-ақ алғашқы қоңырау салтанаты жалғасын тауып, Сүйінбай атындағы облыстық филормония әншілерімен бірге аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама көрсетті. 
 
Ербол Сымханов
Ақсу ауданы