ЕЛ АНАСЫНА ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 3458
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті жұма күні Жетісу жері тағы бір еңселі ескерткішімен елін қуантты. Ерен еңбегімен елін өрге сүйреп, ертеңін ойлаған Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның ескерткіші Көксу ауданындағы өз есімімен аталатын ауылда бой көтерді.

Өткен жылы ауылдың есімі мен мектептің атауы ел анасының құрметіне берілген болатын. Енді, міне, араға бір жыл салып, еңселі ескерткіштің орнауы ауыл тұрғындары мен облыс жұртшылығын бір серпілтіп тастады. Таңмен таласа оянған жұрт ауылдық Мәдениет үйінің алдына жиналды. Жастан жасамысқа дейін келген қонақтардың қолында бір-бір гүл шоқтары бар. Мұнымен қоса сырттан келген қадірменді қонақтардың да қарасы көп. Барлығы да Зылиха Жанболатқызымен еңбек даласында бірге қызмет атқарып, бүгінде зейнеттің жемісін жеп отырған ата-апалар. Мерекелік шараның басы аудандық Мәдениет үйінің әншілерінің дайындаған ән-күйімен басталды. Келген қонақтардың алдында арнау айтылып, Зылиха Тамшыбаеваның өмір жолынан сыр шертетін тағылымды ән шумақтары келген жұрттың көңілін бір тербетіп алды. Одан кейін еңселі ескерткіштің лентасын ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Таңатар Әбдірахманов пен Бегайдар Егінбаев қиды. Көрген жұртты сүйсіндіретін ескерткіш Зылиха Тамшыбаеваның нағыз еңбектің қызу ортасында жүрген кезіндегі бейнесінен қойылыпты. Күртінің қоңыр гранитінің үстіне қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі үш метрдей. Жобаның авторы Алпысбек Тілекметов. Негізгі демеуші «Құлагер» құрылыс компаниясының басшысы Төкен Егінбаев. Омырауында қызыл жұлдызы жарқырап, ауылын әлі де алға жетелеп келе жатқандай әсер қалдырады. Әжелеріміз шашуын шашып, мереке шырайы арта түсті. Салтанатты шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Алмас Әділ сөз алып, келген қонақтарды айтулы мерекесімен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлы тұлғаларымызды ұрпаққа үлгі ету арқылы рухани жаңғыруға жол ашылады» деген болатын. Сондықтан, бүгінгі атқарылып жатқан шара соның айқын дәлелі. Олай болса, ауданымыздың айбарына, ауылымыздың ажарына сән қосқалы тұрған апамыздың текті тұлғасы, көркем бейнесі ескерткіш болып орныққаны елдігіміздің белгісі, тарихымызға жасаған құрмет. Бірлік пен берекенің бастауы болған игілікті ісіміз алға басып, осындай жарқын істеріміз көбейе берсін! Бүгінгі мерекеміз құтты болсын, – деп сөзін түйіндеді.

Одан кейін ортаға қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов, Жомартқали Жексенбінов, Төкен Егінбаев шығып, Зылиха Тамшыбаева жайлы естеліктер айтты. Құрметті қонақтардан кейін Зылиха Тамшыбаева атындағы орта мектептің оқушылары еңбек ері Зылиха Жанболатқызына арнаған өлең шумақтарын оқып, өнерлерін ортаға салды. Апа есімін арқалаған мектеп оқушыларының өнерінен кейін келген жұрт ескерткішке гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Салтанатты шараның соңы ауылдық Мәдениет үйінде облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы өнерпаздарының концертіне  ұласып, соңында арнайы ас беріліп, ана рухына Құран бағыштады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Көксу ауданы