НҰРҒИСАНЫҢ ШӘКІРТІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 22.11.2018
Оқылды: 1249
Бөлім: РУХАНИЯТ

«100 күй» жобасы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Жетісу өңірінің әйгілі өнер шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның домбырашысы Бақберген Асқарбековпен шығармашылық кездесу өтті.

Бақберген Нұршабекұлы 1979 жылдан бастап Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында ол облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосты, 100-ден астам ән мен 25 күйдің авторы. Олардың қатарында еліміздің Президенті Н. Назарбаевқа «Нұр аға», аты аңызға айналған композитор Нұрғиса Тілендиевке «Сағыныш» атты арнау күйлері бар.

Оқушылармен кездесу барысында композитор өз шығармашылық жолы мен кәсіби қызметі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, оқушыларға бірнеше туындысын ұсынып, қазақ музыкасының стилистикалық түрлерін көрсетті.

«Күй - қазақ этносының мәдениеті. Атадан балаға жеткен, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе күй шертпейтін отбасы болмаған. Әрбір мектепте «100 күй» сияқты керемет жоба болуы керек деп ойлаймын. Біздің ата-бабаларымыздың тарихын, халқымыздың мәдениетін, шығармашылығын, музыкасын және рухани мұрасын құрметтеу - әрқайсымыздың міндетіміз», - деп композитор өз пікірін білдірді.

Шығармашылық кездесу өте қызықты болды. Оқушылар Бақберген Нұршабекұлына қызықты сауалдар қойып, бірлесіп ән шырқады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"