АРҚАДАН АЛТЫНМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1156
Бөлім: РУХАНИЯТ

   Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуді о баста ойлаған бабалармыз баласының бойына бесікте жатқанда-ақ даналықтың сәулесін дарытқан. Ауласында жүгірген құлынын күніне бір рет ақыл дариясына шомылдырып, білім бұлағына сусындатқан. Сол баптаған жүйрігі бәйгеге түсіп, топ жарса көпке сүйіншілеген. Бұл кешегі дәстүрдің бір тармағы. Құрметті оқырман, бүгін біз де сіздерден сүйінші сұрамақпыз. Өңіріміздегі екі бірдей өреніміз Арқадан алтын арқалап қайтты.

 

   Қазір бой емес, ой салыстыратын заман. Білім бәсекесінде кім мықты болса сол жеңімпаз. Күшке емес, ақылға иек сүйеген біздің ғасырдың тыныштықты тұмар еткені сондықтан болар. Кеше ғана Арқа төсінен ақжолтай хабардың самалы ескенде соны байқадық. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша            X Президент олимпиадасы өз мәресіне жетті. Аталмыш додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен 161 түлек қатысқан. Оның ішінде өңірімізден іріктеуден өткен 7 бірдей талапкер бар. Олар математика, физика, химия және биология пәндері бойынша бақ сынаған еді. Қуанышымызға орай, солардың ішінде үш оқушымыз артылған сенімді ақтап, облысымыздың абыройын асқақтатты.  Бұл осы білім бәйгесі қолға алынғалы бері жетіп отырған ең үлкен жетістігіміз. Атап айтсақ, химия бағытында Мұхтар Арын атындағы №24  экономика және бизнес лицейінің оқушысы Сұңқар Нүсіп пен математика пәні бойынша дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын №20 лицейдің оқушысы Темірлан Мүслімов қарсыластарынан қара үзіп, білім бәйгесінің басынан табылды. Сондай-ақ, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің білімгері Азат Қошан химия пәнінен екінші жүлделі орынға ие болды.
– Теміртау – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы мен саяси мансабы басталған қала, ал ҚМИУ – Елбасы жоғары білім алған оқу орны. Сондықтан біз балалардың мұны көріп-білгенін қалаймыз. Әділқазылар алқасын академик Мұхтарбай Өтелбаев басқарады. Оның құрамына еліміздегі алдыңғы қатарлы ЖОО өкілдері енді. Бұл шараны Қазақстан Республикасының білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева.
Осыдан 11 жыл бұрын Елбасының бастамасымен жүзеге асқан ілкімді іс алғашында еліміздің бас қаласы Астанада шымылдығын түрсе, одан кейін Теміртау қаласында жалғасын тапты. Себебі мұнда қатысушылар Ұлт Көшбасшысының еңбек жолымен жіті таныса алады. Сонымен қатар, жеке мұражайын аралауға мүмкіндік алады. 
   Интеллектуалды көпсайыс бүгінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп жүр. Соған сай әрбір қатысушысы алдымен өз аймағын, оның киелі жерлерін таныстыруы тиіс. 
Ұйымдастырушылар көбінесе олимпиадаға ауылдық жердегі балалардың келетінін айтады. Осы орайда облысымыздың намысын арқалап барған талапкерлерге жетекшілік еткен №20 арнаулы лицейінің дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі менеджері Гүлшат Раева жеңіске жетулерінің басты себебі балалардың ізденімпаздығында жатқанын айтты. 
– Облыстық білім басқарамасы оқушыларға демалыс кезінде үнемі дарын бейімділік мектептерін ұйымдастырады. Соның арқасында, міне, бүгін  оқушыларымыз осындай мәртебеге ие болды. Арнайы мектепте оқушыларға елективті курстар өткізіледі. Нәтижесін көріп отырсыздар. Оның үстіне шәкірттеріміз күндіз-түні дайындық үстінде болды. Тіпті пойыз ішінде де ережелер мен формулаларды жаттады. Үмітімізді ақтағандарына дән ризамыз. Орынға ие болмаған қалған шәкірттеріміздің барлығына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің дипломы табысталды. Асығы алшысынан түскен талапкерлерімізге еліміздегі жоғары оқу орнына түсуде жеңілдіктер қарастырылатын болады, – дейді Гүлшат Дәулетбекқызы.
   Баласы атқа шапса, үйде отырып тақым қысатын халықпыз ғой. Бұл жігерлі жеңіс Жетісу жастарына берілген баға. Қуанышты бөліске салғанда құны артпай ма? Соған сай, сіздермен осы бір жақсы жаңалықты бөліскенді жөн көрдік.

Мұхтар КҮМІСБЕК.