ЖЫРЫ ДА, СЫРЫ ДА ӘСЕМ ӘСЕТ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 2808
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстанның халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуовті елдің бәрі біледі. Ол қазақ ән өнерінің шоқтығы биік жұлдызы. Кезінде Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов Әсеттің эстрада жанрындағы ән өнеріне жоғары баға берген. Нұрғиса аға: «Әсет Бейсеуов лирикалық әндері арқылы бірден ел аузына ілікті. Адам жанын әлдилеп, мұңайғанды жұбатып, қуанғанды тасыта білді. Сиқырлы әндері сырға толы еді. Әсет ән әлеміне осындай жанға жайлы, көңілге қонымды жаңалығымен келді. Сонан бері Әсет әндерінсіз қазақ даласында бірде-бір той өткен жоқ», – деп Әсетті аспандатса, Шәмші Қалдаяқов: «Әсет Бейсеуов жеке-дара ұлттық эстрадамыздың көсегесін көгертіп жүр», – дейді.

Бұрын қазақ ән өнері мен әнші, композиторларының есімімен онша таныс емес шетелдік кәсіпкерлер Боб Адамс (Калифорния штатынан) пен Марк Холси (Филадельфия қаласынан) Әсеттің есептік концертіне қатысқанда: «...Біз Қазақстанға үшінші рет келдік. Бүгінгі концертке қатыса отырып, еш аударма, түсіндірмесіз ақ жүрекке жол тапқан өнерге, музыкаға басымызды иеміз. Қазақ досымыздың қатары бір адамға көбейді. Ол – бүгін бізге тамаша көңіл-күй сыйлаған композитор Әсет Бейсеуов мырза», – деген еді.
Шетелдік әншілер де Әсет әнін өз тілдерінде шырқауда. Румынияның әйгілі жас әншісі Люция Дмитреску композитордың «Армандастар» әнін өз тілінде орындап, үлкен құрметке бөленіп жүр екен. Түрік елінде тұратын қандас қарындасымыз Гүлжиһар Әсет ағасына өтініш айтып, «Туған жер» атты өлеңіне ән шығартып, ән қазір сол елде шырқалып жүрген көрінеді. 
Әсет әні Мәскеуде де шырқалған. 1967 жылы патриоттық әндерге Бүкіл одақтық конкурс жарияланады. Оған 700-ге жуық ән келіп түседі. Сонда оның «Қызыл сұңқарлары» (сөзі Оспанхан Әубәкіровтікі) Құрметті дипломмен марапатталады. Осы әні үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын иеленді. 2004 жылы Елбасымыз президенттік сайлау жұмысымен Павлодарға барған сапарында сол қаланың жастарымен бірігіп, Әсеттің «Армандастар» әнін шыр-қағаны ел есінде. Бұл Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының Әсетке деген құрметінің белгісі. Кешегі  күні Алматыдағы «Қазақконцерт» залында Әсеттің 80 жасқа толуына арналып өткізілген   еске алу кеші сол құрметтің бір белгісі деп ойлаймын. Кешті ұйымдастыруға бастамашы болған Мәдениет және спорт министрлігі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымыз шексіз. 
Әсеттің шығармашылығы жайлы бас-пасөз бетінде де көп жазылды. Сондай-ақ, ақын-жазушы, композитор, әншілер тарапынан да сан қыры айтылып жүр. Солардың жазғандары мен айтқандарын жинастырып, «Жүрегі ән деп соғатын» атты жинақ құрастырылды. Ол «Арна» баспасынан Алматы қаласы әкімдігінің демеушілігімен биыл басылып шықты. Ол үшін қала әкімі Бауыржан Байбекке айтар алғысымыз шексіз. Ел-жұрт: «Бұл Әсеттің 80 жылдық мерейтойына арналған үлкен сый болды» – деп, қуануда.
Әсеттің туған жері Қарғалыда компо-зиторға арналып екі жарым метрлік мүсін қойылды. Оның ашылуына Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев бастаған өнер, ғылым майталмандары мен баспасөз қызметкерлері қатысып, Әсетке деген жылы лебіздерін білдірді. Енді Әсет туған жерінде: «Рахмет сіздерге! Сіздер барда мен өлмеймін!» – дегендей асқақ қарап тұр. Бұл игі шараның жүзеге асырылуына ауыл әкімі Досбол Тұрысбеков, ардагер ұстаз Төлегетай Ақбауов, мүсінші Тоқтар және де осы жолдар авторының игі істерін жұртшылық атап өтуде.
Әсеттің тамаша сазгерлігімен қоса аңқылдаған ақкөңіл, өзім дегенде өзегін жұлып беретін жомарт, ағайын-туысқа жұ-ғымды, кейде өнер адамына тән әпенделігі де бар еді. Жора-жолдастарының іс-әрекеті, дауыс ырғағы, қимыл-қозғалыстарын ай-нытпай салатын. Қаламақысын алған күні достарына міндетті түрде қоңырау шалатын. Күміс көмей әнші Нұрғали Нүсіпжанов, Сабырхан Асанов, тақиясын баса киетін Нұрсұлтан Әлімқұлов, «гүжілдек» (Д. Қонаев қойған атау) Әнуарбек Байжанбаев, дударбас Серік Тұрғынбеков, домаланған Бексұлтан Сариев, «жар-жар» айтқыш Әбдрахман Асылбеков, бойжеткендей сызылған Еслам Зікібаев, қаздаң басқан Мыңжасар Маңғытаев, атан түйеше жан-жағына маңғаздана қарап жүретін Тұманбай Молдағалиев, береткасын қисайта киетін кербез Мұзафар Әлімбаев, жезкиіктей Кәкімбек Салықов, орақ тілді Оспанхан Әубәкіров, атан жілікті ұрып сындыратын Әнуарбек Дүйсенбаевті көрмесе Әсеттің ішкен асы бойына жұқпайтын. 
Әсет Бейсеуов Ленин комсомолы сыйлы-ғын алған соң комсомолдың жолдамасымен Жамбыл облысына халықпен кездесуге аттанады. Мойынқұм ауданының бір шаруа-шылығына барғанда кеңшар директоры: «Өткен жолы біздің ауылға келгеніңізде мұндай емес едіңіз, түріңіз де бойыңыз да өзгеріп кетіпті», – депті амандасқаннан кейін. Әсет таңданып: «Сіздің ауылға бірінші рет келіп тұрмын», – дейді.
Кеңшар басшысы таңданып: «Өткенде бір жігіт келіп, мен Әсет Бейсеуовпін», – деп концерт беріп, ат мініп, шапан киіп кеткен», – дейді. Әсет аң-таң. Бұл жаққа келуі тұңғыш рет. Кейін байқаса, осыны жасап жүрген өзі білетін жігіт болып шығыпты.
«Сотқа бермейсіз бе?» – дегендерге «Кәрі шешесінің қолынан дәм татып едім, ұят қой...» – деп оның аты-жөнін айтпай, жылы жауып қоя салады. Бұл да Әсетке тән кісіліктің бір белгісі еді.
Әсеттің тағы бір қыры өте қалжыңбас еді. Біреуді пародиялағанда дауыс ырғағын, түр-келбетін, жүрісін дәл көрсететін. «Ну, погоди!» мультфиліміндегі қасқырдың дауысын қазақ-ша дыбыстағаны да бар. Бір кездері Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болған белгілі композитор Жолан Дәстенов былай деген еді: «Әсет Бейсеуов – актер. Егер композитор болмағанда не әнші, не актер болатын еді. Әзіл әңгімесі, іс-қимылы, бір сөзбен айтқанда табиғаты соған келеді».
Талдықорған жақтағы бір отырыста досы Нұрғали Нүсіпжанов екеуі тыртиған ақ көйлек киіп алып «Кішкентай аққулар» биін билеп, жұртты қыран-топан күлдіргені бар.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы Әсет тірі болғанда биыл 80 жасқа толып, ортамызда әнін шырқап, достарымен әзілдесіп жүретін еді. Нұрғали екеуі «Кішкентай аққулар биін» билеп, қыран-топан күлкіге батыратын еді. О дүниеге ерте кетті. Ерекше жақсы көретін ақын досы Әбдірахман Асылбеков 13-қарашада сырқаттанып жүрсе де Қарғалыдағы Әсеттің есімімен аталатын мектептегі кездесуге қатысып: 
«Жандарың бар жанашыр, қазағың бар,
 Таусылмайтын тамаша базарың бар. 
 Жұмаққа да бір сазгер керек шығар.
 Пәнилік те, бақилық наз әні бар», 
– деп жүрекжарды сөзін айтып еді.
Әсет ағаның әні Тәуелсіз елдің аспанында қалықтауда. Ел-жұрт, ағайын-туыс, дос-жара-ны оның өнерімен бірге ақкөңіл мінезі мен аңғалдығын да айтып жүреді. 

Тұрсынбек Ешенқұлов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы 
Жамбыл ауданы