ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1434
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі  Сая Есенгелдинованың «Аяла мені, ән дәурен» атты сырлы сезімге шығармашылық кеші өтті.

Ән кеші талай дүлдүлдердің бағын ашқан І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Ән әлемінің алыптарының жолын жалғаған Сая қыз көрермендерді жаңа туындыларымен тәнті етті. Кештің шымылдығы әншінің орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен ашылды. Одан кейін кеш иесі халық әні «Ақбақайды» орындап бірден көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Жалпы ән кеші классикалық бағытта болғандықтан эстрада жұлдыздары Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікенова кеш қонағы ретінде қатысып, өнердегі досына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын музыкалық білім мамандығы бойынша аяқтаған  Сая Қабдыкенқызы еңбек жолын туған жері  Алакөл ауданынан бастаған. Кейіннен Семей қаласында Әміре Қашаубаев атындағы филармониясында, сондай-ақ Астана қаласында Президенттік мәдениет орталығының әншісі болып өнер жолындағы еңбегін жалғастырды. Сол уақыттан бастап дәстүрлі ән өнеріне деген сүйіспеншілігімен және ізденісін тоқтатпай өнер азаматтарының қолдауымен дәстүрлі «Арқа өңірінің әндерін» үйрене бастайды. Осы өнер жолында бірнеше халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Атап айтар болсақ 2003 жылы республикалық «Атамұра» фестивалінің лауреаты, 2005 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Кенен Әзірбаев атындағы IV-республикалық «Шырқа, даусым!» әншілер конкурсының лауреаты болды.

Сая Есенгелдинованың әншілігімен қатар әртістік қаблеті де бар, оған дәлел  «Ұлбике» атты музыкалы трагедиялық спектаклінің басты рөлі Ұлбикені тамаша сомдап шыққаны. Бүгінгі таңда Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі және әншілердің көркемдік жетекшісі ретінде жұмыс істейді.

Шара барысында кеш иесі жаңадан шыққан туындыларының тұсауын кесіп, көпшіліктің ақ батасын алды.

 Мұхтар КҮМІСБЕК