МҰЗДА ЖАНҒАН АЛАУ (Хикаяттан үзінді)

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 2278
Бөлім: РУХАНИЯТ

...Арада қанша мезгіл өткені белгісіз, қыз санасына сәуле құйыла бастағаны сол еді, тұла бойына құлындай құлдыраңдап, тірлік оты жүгірген. Кірпігі қимылдады, ерні жыбырлап әлдене айтқандай да болды. Уһ деп, тағы бір ауа жұтып еді, тынысы ашылып, жан сарайы кеңіп қоя берген. Түн мейлінше қараңғы әрі суық еді. Соның да әсері болар, ол есін тез жинай бастады. Жан- жағына қанша түртінектеп қараса да, ештемені көре алмаған және ештеменің нобайын да ажырата алмаған. Арай енді оқыс қимылға көшіп, шұғыл қармана бастаған. Бетіне әлдене тигендей болды. Қос қолдап ұстай алып, байқап та көрген. Адам қолы екен. Бес саусақ бірден уысына түсе кетті. Алайда мұздай сұп-суық. Ұстаған сайын қолын қарып, мұздай суық өн бойын суық ызғар болып шарпыды. Қоя бере салып, орнынан тұрмаққа үш ұмтылып барып, зорға жүрелеп отырған. Белінен бірдеме тастай қысып, қатты құшақтап алыпты. Бажайлап қарса, бұл да адам қолы екен. Қыз сәл есеңгірегендей халде ділгірлеп отырып қалып еді. «Құдай-ау, бұл не?», – деді ештеменің мәнісін түсінбей. Мен өзі қайда жатырмын? Бұл қандай жер болғаны? Әлде түрме болғаны ма? Жоқ, түрме болса адамдардың дауысы, тіршілік нышаны сезілер еді. Және қасымда тірі пенделер болар еді. Ал мынау деген, мынау деген тып- тыныш өлі тыныштық мекені ғой. Түсінсем бұйырмасын...». Қыз енді  әлдекімнің  қапсыра ұстаған құшағында мүлгіп отырған қалпы тың тыңдай бастаған. Жан-жағынан ба, әлде астынан ба адамның үні естіледі. Қыңсылаған әлсіз үн әрі үзіліп-үзіліп әрең жетеді. «Сонда бұл қалай болғаны», – деп енді шындап ойлай бастады. Қалай болғаны сонда. Айнала неге қап-қараңғы? Және адамдардың үні неге сонша түсініксіз әрі әлсіз естіледі. Әлде мазардың іші ме?».

Өлі аруақтар мекені есіне түскенде Арай не болғанын білмей, барынша қатты шыңғырып жіберген бойда қолымен жан-жағын қармалап, ұстай бастаған. Тағы да саусағына адам қолы ілікті. Сол әу баста ұстаған қалпынша екен. Сұп-суық. Беліне оратылған нәрсені сипалап, ұстап көріп еді, тағы да адам қолы іліге кетті. Біреу мұны тура аш белінен қапсыра құшақтап, ажырамастай болып қатып қалыпты. Бұл қолдар да сұп-суық. Қолын қатты бір созып қалып еді, адамның басына тиді. Жұп-жұмсақ жібектей шаш алақанына біліне кетті. Ол енді жанталаса қимылға көшкен. Жан- жағындағының бәрін өз бойынан алыстатып, зорға дегенде денесін тіктеп еді. Көз алдындағы үңірейген тесіктен аспанда сынаптай құйқылжыған ботана сұр бұлттардың арғы жағындағы алып аспанның бір пұшпағы жылт етіп елес бергендей болған. Демек, тірлік оты өшпеген екен ғой. Әлі де талқаны мен ішер суы сарқылмапты. Ендеше не тұрыс, сол өшпеген отқа қарай ұмтылған жөн. Бірақ мына апаннан қалай шығады. Ол енді ештемені елең қылмады. Тек қана бір мақсат жолында, қалайда апаннан шығуды мансұқ етті. Апанның жиек- жиегін сипалап жатып, бір тастанды ағашқа қолы тиіп еді. Сол ағашты саумалай тартып, апанның үстіне де шыққан.

Түн мейлінше суық екен. Апанның ішінде онша біліне қоймаса да, енді ашыққа шыққанда сары аяз тіптен өз күшіне мінгендей. Жел жоқ. Айнала түнгі аязға тұншыққандай болып, үнсіз мүлгиді. Жоғарыда, сонау бір қиырда самаладай жанған қалың от көзге шалынады. Арай сол араға жетуді ниет етті. Қол- аяғының тоңғанына да қарамай жанұшыра жүгіріп, бір шаған төбешікті айналып еді, қарсы алдынан кетіп бара жатқан машина, сонымен қатар зар қақсап жылаған қыз дауысы естілді. Қыз жүре алмайды.Тек отырған орнында дөңбекши берді. Арай әлгі қызға қарай ұмсына қол созып, бірдеме деп айғайлап, тез жетпекке асыққан. Бірақ қырсық шалғанда ол ойы оңынан бола қоймады. Ойламаған жерден тағы бір шұқанаққа түсіп, малтығып қалған. Алайда қыз айғайлап жатты. Машина да кете қоймаған.

- Ей, фашистер, деп айғайлады қыз. Сендер бейбіт күннің жауызысыңдар. Сендер адам емессіңдер, сендер адам кейпіндегі екі аяқты жыртқышсыңдар. Сендер адам қанын ішпесе тұра алмайтын қорқаусыңдар. Айуан болмасаңдар, өндірдей жастарды неге соққыға жығып, танкімен таптап, тірісін өлгендерімен араластырып, айдаладағы елсіз, иесіз ежелгі тас қорымға төгіп жатырсыңдар. Бұл не сонда, не болғаны?! Сендер қайтып ел бетіне қарайсыңдар? Сендер Алланың қаһарына ұшырайсыңдар. Сендерді Тәңірінің өзі жазалайды. Сендер жазадан еш қашып құтылмайсыңдар. Ертең- ақ біздің көрген қорлық пен азап сендердің бастарыңа түседі. Сендер құрисыңдар...

Машинаның арт жағынан адам сұлбасы көрінгендей болған.

Әлгі қара сұлба аз жүріп, тоқтады да, сымсыз телефонға құлағын тосты. Жыландай ысылдаған суық үн қатал әмір беріп жатты.

- Сен дұрыс айтасың, – деді жыландай ысылдағын суық дауыс, – сен бәрін де біліп, ертең не болатынын күні бұрын болжап тұрсың. Сенікі мүлдем дұрыс. Жауды аяған жаралы қала деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған. Ол жаралы қаншықты несіне аяйсың. Оның жазасы жалғыз оқ. Туралап кел де тартып жібер. Болмаса, егер  ол қаншық тірі қалса, бүгінгінің бәрін ертең жалпақ елге жария етеді. Талай кеңседе үріп, артыңды ашып, абыройыңды төгеді. Бұл өте маңызды науқан, – деді дауысын енді бұрынғыдан да қатайтып, – сен бәрін түсінуге тиіссің. Бұл өте құпия науқан. Бәрі де партия ойластырғандай құпия болуы керек. Енді бәрі де түсінікті болар. Ал, ендеше іске сәт...

Арай әлгі құлаған шұқанақтан енді ғана шығып, бойын тіктеп алып еді. Тағы да жығылып-сүрініп, қасат қарға малтығып алға ұмтылған. Жалп етіп жығылып, қайта тұрмаққа айналғанда тарс етіп атылған мылтық дауысы естілді. Тарс етіп атылған жалғыз оқ, екі аяғы бірдей сынып, шойырылып жатқан бейшара қызды қыршынынан қиып кеткен. Қыз үні өшкен бойда, машина шұғыл от алып, алға қарай асығыс қозғала бастаған. Арай айғайын салып, артынан жүгірді.

- Тоқтаңдар, – деп айғайлады. Тоқтаңдар оңбағандар. Қайда қашып барасың, тексіз неме. Қай елдің әскерилері сендерге ұқсап, өрімдей жап-жас қаздарға оқ атып жатыр. Сендер қашпаңдар, бәрібір мен арттарыңнан қуып жетемін. Қайтсем де сендерді қуып жетпей қоймаймын. Одан соң үлкен бастықтың алдында жазаларыңды аласыңдар. Мен сендердің не істегендеріңнің бәрін сұраған елге айтып беремін. Түгін қалдырмай айтамын, айтудан еш жалықпаймын. Айтамын деп аяғын соза беріп еді, тағы да қалпақтай ұшып түскен. Бұл жолы құлаған жері биік қыраттың дәл бергі құлама жиегі еді. Жосасыз қыраттан құлаған қыз оңқа-шоңқа болып, қарға көмілген қалпы сай бойына бірақ түскен. Сонда ештемені аял етпеді. Мойнына, қойын-қонышына құйлған күртік қарды сілкіп тастап, тағы алға өңмеңдеді. Қияс тартып, біраз жүрген соң қалың шилеуіт өскен жазақ алапқа шыққан. Сол жағында, көз ұшында самаладай жарқыраған  қалың от  үнсіз жымыңдайды. Кел, тезінен кел деп, өзіне қарай ымдап, шақырып тұрған секілді. Қыз жығылғанын да, сүрінгенін де елең қылмай, жалаң бас, жеңілтек киінген қалпы, сол самаладай сәуле шашқан қалың отқа қарай безектей берген. Қыз көз ұшында самаладай жайнаған қала оттарына жақындаған сайын  қызыл жағалылар алаңдағы жастардың өлісі мен тірісін араластырып басып, әкеліп төгіп жатқан Алматының төменгі жиегіндегі, шаһардан көп болса он шақырым қашықтықтағы иесіз Сақ-Қорған төбешіктері мен түбі опырылып түсіп кеткен көне обалар қараңғылыққа жұтылып, мүлде қарасы өшкендей еді...

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ
Алматы қаласы