ІРГЕСІ - ТЫНЫШ, ТӨРІ - КЕҢ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1188
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Мына бір қаршығадай, қағілез қара баланың маған ең алғаш кездескенде – көзі, екіншіде – сөзі, ал енді бүгін, міне, өзі ұнап отыр», – деуші еді арқалы әнші, таңдайы жарылған шешен Мотан ағамыз көңілінен шыққан ізбасар інілеріне риза болған сәтінде.

«Ауылға Қуандық келіпті», – дегенді естігенде, әуелгі ойға оралғаны өткен жылғы кездесуіміз. Әлі құлдыраңдаған кешегі қара баланың, сондағы ойының өрістілігі, пайымының тереңдігі, пікірінің парасаттылығы еске сап ете түсті. Ойпырмай, «Зымырап  бәйге атындай өте шықтым, Қамығып көріп еді көңіл неден», – деп Әсет ақын жырлағандай, біздің Қуандық Қыстықбаев та қырықтың қырқасынан асып, ағалық жасты артқа тастап, даналыққа бой ұрған екен-ау. 
«Кездессек кеңесуге уақыты болар ма екен?», – деген оймен көрші ауыл Қырғызсайдағы Қапсалаң қарияның үйіне ат басын бұрдым. Бұрынғы әдетімізбен шүйіркелесе кеттік. Әңгіменің арасында оның ауылда біраз күн аялдайтынын аңғардым. Бүгінде түгел түркінің бас қаласына айналған Астанадағы халық театрының бас әртісі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, экранда батыр Сардарды, партизан Қасымды, хан Керейді, хан Абылайды сомдаған азаматпен ауылдағы ертеңгі болашақтың иелерін кездестіру ойға орала кетті. Ниетіміз-         ге аудан әкімдігінен қолдау таптық та, Қуандықтың өзімен келістік. Жүздесу сұхбаттасу, еркін пікір алмасу рәсімінде болды. Аудандық кітапхананың оқырмандар залындағы басқосуда, алғашында бір-біріне тосырқай қарап отырғандардың әртіс Қуандықтың Қазақ хандығының 550 жылдығындағы хан Абылайдың монологін оқығандағы рухтарының көтеріліп, көздерінің жанғанын тілмен айтып жеткізу қиын. Сол сәтті көзбен ғана көру керек. 
Қазақтың қайран даласын,
Жағасы жайлау ел қылам!
Қара сирақ баласын
Басқалармен тең қылам!
Кеткен кегін қайтарып,
Іргесі – тыныш, төрі – кең,
Мерейі үстем бағы зор,
Ырысы шалқар ел қылам!
Осы жолда әлеумет
Тайсалар болсам – маған серт,
Тайқып кетсең саған серт! 
«Еремісің, әлеумет!
», – деген Абылай хан – Қуандықтың өне бойды шымырлатар, тұла бойыңдағы қаныңды тулатар, елдің еркіндігіне үндеген алапат үнін естігенде еріксіз «Иә!» , «Ереміз!», – деп айғайлап, орныңнан тұрып кете жаздайсың. Сөздің құдіретіне бас иесің. Абылай аңсарының халық көкейі мен өз ішіңіздегі рухыңызбен ұштасқанына куә боласыз. Елбасы айтқан ұлттық кодтың оянып, рухыңыздың жаңғыр- ғанын аңғарасыз. Аңғарасыз да, әртістің сонау бірнше ғасыр бұрынғы Абылай арманын бүгінгі ұрпағына жалғастырған шеберлігіне, шынайлылығына тәнті боласың. Кешегі Қарадаланың қара баласының бүгінгі биігін көріп, парасатын пайымдап, сол оқыған мектепте сабақ бергенімізге, масаттану сезімін бастан кешірдік, ағайын. Ең бастысы – Қуандықпен кездескен ізбасар ұрпақтың көкірегінде «мен де сондай бола алады екенмін», деген ой кетті. Осы сахналық көріністі әр қазақтың баласы ұялы телефонына жүктеп, ауық-ауық тыңдатып отырса, шіркін! Актердің әңгімесіндегі қазақ өнерінің корифейі Кәукен Кенже-              таевпен алғашқы кездесуі, өнер өлкесіндегі ұстаздары, сәттіліктері мен сәтсіздіктері, арман мен тілектері, өнер жолының қызықтары мен қиындықтары аудиторияның үлкен ықыласына бөленді. 
«Ақиқатын айтсақ, кезінде түп тегіміз сонау Еділ патша, Күлтегін, Тоныкөктен басталады ғой. Қазақ хандығының жылнамасы тіпті, Шыңғысханнан басталғанның өзінде мың жылға жуықтамай ма?» –деген оймен жүріп, 550 жылдыққа аса мән бермеген екенбіз. Осы ойды кездесу кейіпкерімен бөліскенімізде ол қалта телефонындағы ақ боз атпен сахнаға шыққан Абылайды көрсетті. Бағанағы, бағанағы ма, мына көрініс пен ақбоз ат үстіндегі барлық сән-салтанатымен халқын азаттыққа, елдікке, бірлікке шақырып тұрған Абылайды көргендегі сезімнің асқақтауын айтсаңызшы! 
Ертесінде Қырғызсай, Жаңасай, Бірлік-Сүмбе, Шошанай, Сүмбе мектептері оқушыларымен болған кездесуді де Абылай монологымен бастатуымыздың басты себебі осы еді.
«Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс Жансүгіров айтпақшы, осындай кездеулер тұрақты түрде өткізіліп тұрса. 
«Рухани жаңғыру, ұлттық кодты ояту» сияқты ізгі бастамалар науқандықтан арылса. Ауыл, аудан басшылары ауылдан, ауданнан шыққан атақтылар мен даңқтыларды жүйелі түрде жұртпен жүздестіру шараларын жасап  тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. 
Исі әлем, қала берді, қазақ өнерінде өзіндік өрнегі қалыптасқан, өзінің дара қолтаңбасы бар, кішілігі кісілігіне сай, бергенінен берері көп өренімізге ауылдастарының алғаусыз алғысын, жерлестерінің жүрек үнімен астасқан ықыласын төмендегідей бата-тілекпен аяқтауды жөн көрдік. 

Айналайын арысым!
Бұл тірліктің бәрі сын.
Өрлей берсін өнерің,
Ел сенімі, намысым!
Тола берсін кемерің,
Егемен елдің бағы үшін!
Таусылмасын берерің,
Келешек ұрпақ қамы үшін!
Озаты бол ортаңның,
Жіберме қазақ намысын!
Көрерменнің қазіргі,
Керей, Абылай ханысың!
Шашаңа шаң жұқпасын,
Шалдықпасын шабысың!
Ағайынның көзінің,
Қарасы мен ағысың!
Ізгіліктің жолында,
Ісіңді халық танысын!
Абыройың асқақтап.
Әлемге жетсін дабысың!
Әумин!

Жәнет СӘДІҰЛЫ, 
«Ұрпақ парызы» қоғамдық ұйымының төрағасы
                          Ұйғыр ауданы