ЖЫР ҚАҒАНЫ - ЖҰМАТАЙДЫҢ ЕСІМІН СҰРАЙМЫЗ

Уақыты: 09.02.2019
Оқылды: 1237
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құдық қуып, құм кезіп өскен біздің бабаларымыздың бойына біткен ақманар құдірет бар. Ол – жасампаз жыр. Дүрия-жамал даланы дүбірге бөлей жүріп осынау киелі де кемерлі өнерді өлтірмей, тұяққапты тірліктің табанына салмай төбесіне көтерген баһадүрлеріміз оның қасиетіне әбден қанықса керек. Содан да болар, әуелі Алласына сыйынып, қанына сіңген сәулелі өнер шұғыласымен күллі қазақ жұртын жылытқан. Міне, сондай сырлы да нұрлы өлеңнің шапағына маңдайын тосқан маңдайалды тұлғаларымыздың бірі жыр қағаны – Жұматай Жақыпбаев. 

Ол тұмса талантымен бөз дөнен бұлтты сүзіп, «Кенежиреніне» мініп, мұзарт шыңдардың қылыш жүзді қырлауыт жондарына тұяғын қадады. Кешегі қаймағымызды сыпырып төккен, қормалымызды үпіріп төккен кесапат кезеңмен, жұлынымызды емген жылым жылдардың аза жырларын айтып аттады. Оның жырларын оқығанда анау шыңның ернегінен бексауытымен аймауытты аламандар самсап сапқа тұра қалғандай күй кешетініміз бар. Оны оқығанда риясыз сезімге шөліркеген оқырман шексіз махаббатқа толы өмір көзесінен дәм татқандай болады. Мынау Ұлы Даламыздың аспанға мәңгі шаншылып қалған шығай шыңдары, кешегі жыраулар поэзиясының киелі сарыны, тоталитарлық тепкіден әбден түйтеленіп қалған құтты топырақ, түкті қоныста ұлы шайырлардың киелі сарыны жаңғырып қоя береді. Бұл киелі сарынның түп бастауы қайда десеңіз, өзінің туып-өскен топырағы Жетісу мекені. Иә, туған жерінің туырлығы желбіреп тұрғанда ақынның да абыройы асқақ болмақ. 
Олай болса, ұлт әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ескере отырып, облыс орталығында орналасқан В. Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханасына қазақтың айтөбел ақыны Жұматай Жақыпбаевтың есімі берілсе дейміз. Бұл сауалды осыдан 4-5 жыл бұрын қала тұрғындары, ізін басқан шәкірттері мен  қаламдас достары көтерген еді. Мораторийге ілікті. 
Осы жолы оң шешімін тапса екен дейміз. 

Ерлан ЖҮНІС,
Қазақстан Жазушылар одағы 
облыстық филиалының директоры 

Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
облыстық «Жетісу» газеті бас 
редакторының орынбасары

Өкітай АХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының 
мүшесі, жазушы-өлкетанушы

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ,
І. Жансүгіров атындағы 
Жетісу мемлекеттік университетінің 
қауымдастырылған профессоры

Есболат АЙДАБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі