ӘБДІЛДӘ ОҚУЛАРЫ

Уақыты: 02.03.2019
Оқылды: 1382
Бөлім: РУХАНИЯТ

Текелі қаласындағы Мәдениет үйінде «Махаббат сезімімен жазылған жолдар» атты Әбділдә Тәжібаев оқулары өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында әрі ақынның 110 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қалалық кітапхана ұйытқы болды. 

Байқаудың мақсаты – ақынның өнегелі өмірі мен даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, көпшілікті оның қазынасымен таныстыру.
Байқауға қала мектептерінің оқушылары, қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушылары және тұрғындар қатысты. Ереже бойынша олар бірінші кезеңде ақынның екі-үш өлеңін жатқа оқыса, екінші кезеңде пьесаларынан сахналық үзінділер көрсетті. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтар – Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншісі Төлеутай Серіков пен Қарлығаш Әбдірасылқызы ақынның сөзіне жазылған «Паровоз», «Сарыарқа» әндерін орындаса, Текелі қаласы Мәдениет үйінің әншілері де өз өнерлерін жұртшылыққа ұсынды. 
Әділқазылардың шешімі бойынша І орынды №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Гүлжазира Орданбек пен №8 орта мектептің 9-сынып оқушысы Мардана Жұмакелді, ІІ орынды №3 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Айнұр Сәкен мен №5 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрай Нұрғожа иеленді. Ал ІІІ орынды №4 орта мектептен Салима Құсман мен Ақнұр Таңжарық иеленді. Байқауға қатысушылар дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

Шора БАТЫРБАЕВ
Текелі қаласы