КЕНЕН ӘЗІРБАЕВ ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРІЛДІ

Уақыты: 24.04.2019
Оқылды: 1995
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қолдауымен Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына орай «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Шараға ақын ұрпақтары Бақытжан Кененұлы, Төрткен Кененқызы, ақынның немересі Мұхтар Әзірбаев және атамыздың келіні Бақытжан Сағымбекқызы  қатысты.

Фильм алдында тұлға туралы толғамды ойлар айтылды. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері әндерін шырқады. Сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров: «Рух деген бар. Баласағұн бабамызша айтсақ, «Рухы мықты елдің қашанда тағы берік, тұяғы мықты, қанаты күшті болмақ». Сол сияқты рух деген алыптармен келеді, қар астындағы қара жусан сияқты қасиетін жібермейтін құндылықтарымыз бүгінде қазаққа ең бірінші қажет дүние. Қандай заманды көрсе де, қандай қиындықты бастан өткерсе де бойындағы ұлтқа деген рухын жоғалтпай, әсіресе, қазақ деген халықтың өзін әспеттеп, ғасыр мен ғасырдың ортасына алтын көпір салып, бүгінгі күнге жеткізген Кенен Әзірбаев есімі ұмытылмақ емес. Қазақ барда бірге жасай бермек», – деді

Одан кейін сахнаға көтерілген Бақытжан Кененұлы: «Әкеміздің мерейтойын алты Алаш дүбірлетіп өткізгелі жатыр. Біз жыл басында негізгі екі тақырыпты енгізген болатынбыз. Біріншісі, «Сарыарқаға саяхат» деп аталады. Нұр-Сұлтандағы орталық музейде бір айға жуық әкеміздің мұралары қойылып, арнайы көрме өтті. Одан кейін Қарағанды, Қызылжар және Кереку өңірлерінде болып қайттық. Міне, екінші тақырып «Туған жерім – Жетісу» болатын, соның аясында Талдықорғанға келіп қалдық», – деді.

Деректі фильм Кенен Әзірбаев өмірін бастан-аяқ баяндаған. Бір жарым сағатқа созылған фильмнен Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Ғабиден Мұстафин, Мұрат Әуезов, Шерхан Мұртаза, Бибігүл Төлегенова, Мырзатай Жолдасбеков, Несіпбек Дәутаев, Өмірбек Байгелді және Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды зиялы қауымның ақын туралы айтқан жылы пікірлерін көруге болады. Осыған дейін өткен мерейтойларына шолу жасалып, қолдау көрсеткен бұрынғы облыс әкімі Серік Үмбетов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған Нұрлан Оразалин сынды атпал азаматтардың да есімі аталды.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен тұлғаның сан қилы өмірінен сыр шерткен фильмде Ораз Жандосовпен арадағы достықтың көрінісі айрықша айтылады. Ораздың ұлы Санжар Жандосов пен келіні Ильфа Жансүгірованың (Ілияс Жансүгіровтың қызы) ұлы Кенен Жандосовтың есімі ақын құрметіне қойылған. Фильмде Ораз Жандосовтың шөбересі де сөз алып, өз есімі жайында, ақын турасында сөйледі.

Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы 2011 жылы түсірген деректі фильм Кенен Әзірбаевты жан-жақты аша білді. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» дегендей, қазақтың дара перзенті, қара өлеңнің дүлдүлі Әзірбайдың Кенені шынымен де қайталанбайтын тұлға.

Серік ҚАНТАЕВ,

"Жетісу"