Жамау БҰХАРБАЙ - 70: "НЕ ШЫҒАДЫ КӨБІК ЕЗУ МАҚТАННАН?"

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 2479
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісулық ақын, көсемсөзші, қоғам қайраткері әрі «Жаннатым менің», «Жайдарман», «Пері қызына хат» атты жыр жинақтарының авторы Жамау Бұхарбай 1949 жылы дүние есігін ашқан. Санасақ, ол жер ортасы – елуге де толмастан келместің кемесіне отырып, мәңгілікке сапар шегіпті.

Шабыттың тұп-тұнық көлінде емін-еркін жүзген шайыр өзді-өзіне мынадай мінездеме береді: "Жамау емес, қалаумын, Мен дегенге сабаумын. Ақындарға жан пида, Алаяқ қуға қамаумын. Жамау емес, жалаумын, Ортақұрсақ жараумын. Жай халыққа жомартпын, Басқаға Қарынбай қараумын. Жамау емес, жауырмын, Бар қазаққа бауырмын. Толғанбайдай толқыған, Жалмендедей ауырмын. Жамау емес, жаяумын, Жиенбайға таяумын. Арсалаң ақын сияқты, Жібектей жұмсақ баяумын".

Қолымызға Ж.Бұхарбайдың 2007 жылы «Жалын» баспасында «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен жарық көрген «Жаралы аққу» атты кітабы тиді. Оқып шығып, ойға қалдық. Шынтуайтына келгенде, бұрын-соңды есімін естімеген кісіміз екен. «Ештен кеш жақсы», әлгі қаламгер турасында әдебиеттанушы, сыншы Елдос Тоқтарбай арқылы білгенімізді айта кеткен орынды. Ал аталған жинақтың жарық көруіне балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының септігі тиіпті және кітап атауы – автордың Алаш маңдайына біткен айтулы тұлға, айтыскер ақын Сара Тастанбекқызы жөніндегі поэмасымен аттас.

Жамау Беркімбайұлы – өмірді өлеңге айналдырып, алуан-алуан құбылысты өздігінше қорытып, өздігінше өре алған ақын, соғыстан соң туған өршіл ұрпақтың өкілі. Оның поэзиясында Құдай, арлылық, адалдық, әділдік, шындық, махаббат пен сезім менмұндалайды. Кей сәтте мұңға батасың, ал кейде еріксіз езуіңе күлкі үйіріледі. Десек те, біз Жамауды махаббат ақыны дей алмас едік. Өйткені, әлгіндей мотивтер тұтас картинадағы мазок ұқсап әр-әр жерден ғана көзге шалынады, бірақ басымдыққа ие емес. Қаламгердің негізгі «объективіне» ілінген тақырыбы – адамгершілік, адам тағдыры. Мұның өзіндік себебі де бар деп есептейміз:

Әділді жақтау хақым деп,
Алқынған ердің бірі едім.
Күйініп өткен ақын көп,
Күл болып кетпе, жүрегім.

Жамау ақын өлең арқылы оқырманды арлы болуға, әділдікті, адалдықты жақтауға шақырады. Оның «Кер жалған» жырында өрт түстес қып-қызыл қыжыл, заманға, адамға деген өкпе-реніш байқалатындай. Алайда бұл – кәдуілгі пендеауи немесе жеке бастың реніші емес, көш түзелсе деген тілек, жақсылықты уағыздаған жанның сөзі.

Дара шауып,
Даңқыменен жер жарған,
Төбе биді төңкеріп сап,
төрді алған.
Жәудірейсің жаймасынан базардың,
Жайнамазды жаялық қып, кержалған.

Ол – адамгершіліктің, арлылықтың нақ насихатшысы, үлгілі үгітшісі. Қаламгердің өлеңдерінде шер, нала бар. Мұнда Аристотельдің: «Адам – саяси хайуан» тұжырымына сәйкес, ашуға мінгенде «аңға» айналатын пендеге, әлжуаз-әлсізді жайынша жұтуға дайын тұрған әлеуметке, саналының жүйкесін жүн еткен жүйеге, тасбауыр тағдырға көңіл толмаушылық сезілетіні рас. Ақын жағымды және жағымсыз секілді қос категорияны қатар-қатар қойып салыстыруға, танымы негізінде таразылауға тырысады. Бір ұнамдысы – соны оқырманға күштеп таңбайтындығы, қаламгер табиғилықты, еркіндікті қалайды екен. Шаңқай түс кезінде қолына шам алып «Кісіні» іздеген синоптық Диоген сияқты, төмендегі жыр – айнала-маңнан ізгілікті іздеген ақынның айқайы:

Тілде – самал,
Қабақтарда – ызғырық,
Сөз шаршатты,
Тыңдай түсіп, мызғыдық.
Күні бойы бітпей қойған кеңестің,
Кең тұсауы – қайырымдылық пен ізгілік...

Талай маңғаз талтаңдап кеп татқан дәм,
Не шығады көбік езу мақтаннан?!
Сақта, Құдай, жалған ізгіліктерден,
Сақта, Құдай, қайырымын сатқаннан!

Теңеуді сәтті қолданған бұл туындыдағы Жамау Бұхарбайдың «сауда» деп тұрғаны, бұл – тартысқа толы өмір, ал «саудагері» – сол таластың өрши түсуіне өзек болған пасық, пайдакүнем, пысықтар. Мұнда қожыраған қоғамдағы әрқилы іс-әрекеттер сынға алынған. Шайырдың шығармаларында шыңғырған шындық, немкеттілерге деген наразылық, протест жоқ десек, өтірік айтқан болар едік.

Сауда бағу – өнер деп,
Мақалды еске ап көнерген,
Кемел менен кенен көп,
Шетімізден өлермен...

Қазақ – ырым-тыйымға ерекше сенетін ел. Осы тұрғыдан келгенде, адамның аты бекерден-бекер қойылмаса керек. Неге Жамау? Қызық қой. Бұл турасында Жемісбек Толымбеков «Ақиқаттың адамы» атты мақаласында былай деп жазыпты:

«Жамау ақынның шешесі, сексеннің сеңгіріне келген Баян ананың баянына құлақ түрелік. «Ата дәстүр жоралғысымен күйеуге он төрт жасымда шықтым. Төрт балам жастай өліп, тоқтамады. Жамауым – бесіншім, өмірге қасиетті бата, аянмен келді. Балаларым шетіней берген жайды ескеріп, жиырма екі ұрпағы тоқтамай, жалғыз Өмірлік деген қызы бар, қасиетті Ер Тоқпанбет ұрпағы, Телібай болыстың Бөрібегі «қызым Өмірлікке тартқан ұл берсін» деп, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиыншылықты 1948 жылы үйіне шақырып, дәм татырып, батасын берді. Батасы оң болып, бойыма бала бітіп, жүкті болдым. Босанар күні алдында түсіме тірлігінде көрші тұрған, марқұм, елі – Қайнар, Солтабай қария кіріп, жеңінің жамауы бар күпәйкені көрсетіп, екі мәрте: «Жамау!» – деді. Жамаудың есімі осындай ырым-жоралғымен қойылған».

Ж.Толымбеков шығармагердің шыққан тегіне тоқтала келе, былай депті: «Анасы «қара қазақ бас қосса сөз бермеген» үш Матай елінің ақылшысы шоқпар Шиырбай шешеннің аталас тұқымы. Әкесі – Беркімбай – Ұлы Отан соғысының ардагері. Арғы аталары Бұқарбай мен Теңізбай барымта-қарымтада дес бермегендіктен батыр атаныпты. Үлкен атасы Түйтебай шешен болыпты. Жамаудың сөйлегенде көсем сөз шешендігі, ой ұшқырлығы Түйтебай атасы мен Түйтебайдың Тұрлыбегі деп елге тапқыр, мәні зор, қысқа да нұсқа сөзімен әйгілі, аутком төрағасы қызметін атқарған аталарының дәріпінен дарыған деседі».

Қансырап жүрек жаралы,
Қайғы да кештім қаралы.
Қан жылап ішкен қара шай,
Бойымды өртеп барады.

Денеге дерт боп тарады,
Улады ойды, сананы.
Күйіктің көмір күлкісі,
Тағдырдың ащы шарабы.

Жадырап күннің қабағы,
Балқытып бойды барады.
Барладым тірлік базарын,
Бақыт та құштым шамалы.

Тәттіні татсам аздан-аз,
Болайын неге жазға мәз?!
Жарықтан бұрып оянып,
Айтайын келер таңға наз.

Тағдырға именбей: «Ей, сен!» – деп сөйлей алатын кезде ғана талайдың көңілінен шығар тартымды, дүриядай жылтыраған сәтті дүние тумақ деген ойдамыз. Ж.Бұхарбай – өз өлімін болжай алған, қатарластарына қарағанда пәниден бақиға ерте аттанатынын сезген ақындардың бірі. Бұған «Көшерімде» атты жырындағы мына жолдар дәлел:

Байқайыншы, не бар деп ашсам бүгін,
Жартыланып қалыпты көк сандығым.
Тоғыз айда ап келген дүниеге,
Құдай маған қияр ма тоқсан жылын?!

Көз алдымнан көшіп бір мұнар-ағын,
Белгілі ғой ақтық дем шығарарым.
Өмір сұрап алғам жоқ мен Құдайдан,
Ұзақтығын енді оның сұрамадым.

Немесе:

Әлдидің әні айтылар,
Айтылса, сондай шарты бар:
Мен жатқан бесік басында,
Қылыштай қайқы ай тұрар.

Есебі – түгел.
Ел – аман.
Шошытпас сені Жер-Анаң.
Бабалар жатқан ақ бесік,
Бауырым, қорықпа моладан.

Өнердің, оның ішіндегі сөз өнерінің өз алдына қойған басқы міндеті – кейінгілерге рухани құндылық, мәдени мұра қалдыру, эстетикалық ләззат сыйлау. Бұдан бұрын, әдебиеттің бір бұтағы саналатын поэзия «Эней сызықшасы» (криптографиялық құрал) сықылды дешифровканы керек ететіні сөзсіз. Демек, әрбір туындыда қарақты көз үшін аса қажет «жолдау» болмақ. Ол – мазмұн – пішін – идея үштағаны негізінде жүзеге асатыны белгілі.

Осынау «жолдау» біз сөз еткен ақында да бар. Филология ғылымдарының докторы, профессор, поэтолог Сәуле Әбішева «Поэтический мир М.Макатаева» монографиясында адам баласының поэзиядан алатын күш-қуатын «шығармашылық рефлексиясы» деп атапты.

Жібек жел ескен Жетісу – көп дүлдүл шыққан жанға жайлы құт мекен. Солардың бірі – Жамау ақын – өмірге ғашық, ел сыйлаған езгу, зият, алға қойған. Мақсатына жету үшін нендей қиындыққа болсын шыдамды, шыбын жанын шүберекке түйген тірмізік жан. Ол көзі тірісінде Жұматай Жақыпбаевпен сыйласып, аралас-құралас күн кешіп, ақтаңгер ақынға «Арман» деген өлең арнаған екен. Яғни, әдеби орта шайырдың өсуіне айтарлықтай ықпал етті деуге негіз де жоқ емес.

Жамау жарықтық тірі болғанда жетпіске толар еді.

Әлібек БАЙБОЛ,

жазушы-драматург,

әдебиеттанушы