ІЛИЯСТЫҢ КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН ЖЕР

Уақыты: 19.07.2019
Оқылды: 1899
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлттық бірліктің негізі Қазақстанның киелі жерлері» атты экспедиция ұйымдастырып, Ақсу, Сарқан аудандарындағы бірқатар тарихи орын мен Ілияс Жансүгіровтің өміріне қатысты елді мекендерді аралап шықты. Нәтижесінде ел жадындағы көне нысандар жайлы ақпарат жинақталып, оны тарихи орындар санатына қосуға жол ашылды.

Экспедиция алғашқы қадамын Ақсу ауданының Қарашілік ауылдық округінің аумағында жатқан «Қос батыр» кесенесінен бастады. Қазақ-жоңғар соғысынан сыр шертетін кесене туған жерге деген терең сүйіспеншіліктің белгісіндей бүгінге дейін қалпын бұзбай сақталып келді. Мұнда қазақ даласын шапқыншылықтан қорғау үшін атқа қонып, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбайдың қатарынан табылған атақты Шонай батырдың екі ұлы Назар мен Нартайлақ жерленген. Аңырақай шайқасында ерен ерлік танытып, құрбан болған қос ұлының денесін бірнеше күн сақтап, туған жеріне әкеліп жерлеген Шонай батырдың көрегендігіне тәнті болдық. Ұрпағынан қапыда айырылып, жүрегін кек кернеген Шонай батыр жоңғар қолын қазақ даласынан қуып шыққанша аттан түспей, сан жорыққа қатысты.  Қос батыр қайтыс болғалы да үш жүз жылдан астам уақыт өтті. Айта берсек, талай ерлік істер ұмытылып, сансыз батырдың қабірі Кеңес одағының тұсында бүліншілікке ұшыраса да қос батыр жерленген жер сақталып қалды. Мұны қасиеттіліктің белгісі, бауырмалдықтың үлгісі демегенде не дейміз?! 
Тәуелсіздіктен кейін ақын Жамау Бұқарбаев қос батырдың жатқан жерін анықтап, оларға арнап көлемді еңбек жазып, кесенесін тұрғызып азаматтық танытты. Өкінішке қарай, бұл нысан әлі де мемлекет тарапынан қорғалатын нысандар тізіміне енбей келеді. Экспедиция мүшелері алдымен кесене басына Құран оқып, перзенттік борышын өтеді. Сосын ауыл тұрғындары жайған ақ дастарқан басында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайы сөз болды. Өз кезегінде топ жетекшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай: «Қос батыр кесенесін мемлекет тарапынан қорғалатын қасиетті нысандар тізіміне енгізіп, тірлігінде жұбы жазылмай, қайтыс болғаннан кейін де бір төбеде жатқан бауырмалдығын жұртқа жеткізу керек», – деген ойын білдірді. Айта кетерлігі, кесене күрежолдан сәл қиыс жатқандықтан оған баратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Бұл жергілікті биліктің назарына ілінсе, құба-құп болар еді.
Келесі кезекте  Жансүгіров кентінің орталық алаңындағы «Батырлар» аллеясына орнатылған Социалистік Еңбек Ері Құрманбай Жанбаевтың бюстіне тоқтадық. Мұның да өзіндік мәні бар еді.  Ілияс Жансүгіров түрлі қызметтің тізгінін ұстап жүрген кезінде уақыт тауып, ауылына соққанда Жанбай ақсақалдың отбасына жолықпай кетпейді екен. Бала жасынан Ілиястың ағалық, азаматтық тұлғасын көріп өскен Құрманбай еңбегімен дараланып, үлкен биіктерге жеткені мәлім. Сондықтан, бұл бюсттің Ілияс өмірінде алар орны ерекше болғандықтан экспедиция мүшелері арнайы ат басын бұрды. Келесі кездесу Қарағаштағы «Мамания жәдит мектебінің» көне жұртында болды. Қазақ даласына, Жетісу өңіріне алғашқы білім нәрін сепкен осы мекеннің Ілиястың тұлғалық болмысына да тигізген әсері аз болған жоқ. Көпшілік ежелгі білім ордасының көне жұртына аялдап, ол туралы тарихи әңгімелерге қанықты. Осы тұста өлкетанушы Жемісбек Толымбеков мектептің орнын көрсетіп, ондағы сәулетті құрылыстарды сипаттап берді. Білім ордасында оқытылған пәндер, ұстаздар, Маман ұрпақтарының қазақ мәдениетіне қосқан үлесін тілге тиек етті. 
Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауымен үлкен жұмыстар атқарылуда. Қазір Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінің орталық саябағын және ақын тойы өтетін Ойтоған ауылын абаттандыру  жұмысы қызу жүріп жатыр. Аудан орталығына ақынның сәулетті ескерткішін қою, Ойтоған ауылының кіреберісіне бюстін орнату жоспарланған. Сол қатарда ақынның 100 жылдық мерейтойына орай Ойтоған ауылына баратын жол бойындағы Бұрған өзенінің жағалауына орнатылған биік гранит тасқа ақын мүсіні ойылып, арнау өлең жазылған ескерткішті абаттандыру жұмысы да бар. Бұл ескерткіш басында Жаңалықтың  өкпе тұсына қойылыпты. Кейін ол жер ары-бері өтетін жолдан алыстау болғандықтан ел қалауы бойынша бүгінгі Ойтоған ауылына кіреберіс жолдың бұрылысына көшіріліпті. Осы нысанға аялдаған көпшілік аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаевтың ескерткішті абаттандыруға қатысты жоспарын тыңдап, Ілиястың кіндік қаны тамған жерге қарай бет алды.
Біз осыған дейін Ілияс Жансүгіровтің кіндік қаны тамған жерін бірде Ойтоған, енді бірде Кіндікқоңыр, тіпті, Жаңалық ұжымшары деп жазып келдік. Бұл экспедицияның бір олжасы – ақынның кіндік қаны тамған жерді нақтылап берді. Алдағы уақытта бұл жерге белгі орнатылмақшы.
Осындай бірқатар толғақты сұрақтарға жауап тапқан экспедиция үлкен табыспен оралды. 

Қажет АНДАС
Ақсу, Сарқан аудандары