Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БӘРЕКЕЛДІ: ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВКЕ "ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 22.10.2019
Оқылды: 199
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Қан мен тер", "Соңғы парыз" – бала күнімізде жастанып жатып оқыған кітаптарымыз. Ол кезде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық қабілетіне терең бойлай алмасақ та автордың ұшан-теңіз ойы мен парасат-пайымы бізді ұлы өмірге жетелеген еді. Біз де ержеттік. Бірақ жазушының бала жүрекке сіңірген әсері әлі өше қойған жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесу барысында сол бір жылдардағы қаламгер шығармашылығына деген сүйіспеншілік тағы да бүр жарды.

Кездесуде аталған жоғары оқу орнының ректоры, профессор Такир Балықбаев сөз сөйлеп, алдымен жазушының шығармашылығына тоқталды.

– Есімі жалпақ әлемге «Курляндия» романы, «Қан мен тер» трилогиясы және «Соңғы парыз» диалогиясымен танылған, арамызда жүрген көзі тірі қайталанбас ірі тұлға, қоғам қайраткері Әбдіжәміл атамыз биыл 95 жаста. Өз деңгейімен, қалам қабілетімен, тұлғалық болмысымен осынша жасқа жету екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Біз сондай тұлғамен кездескенімізді бақытымыз деп санаймыз. Осы орайда, «Ұлы Дала тұлғалары» ғылыми-зерттеу орталығының Филология және көптілді білім беру институтымен бірлесе отырып, жазушының мерейтойына орай «Ұлт парызын ақтаған дара тұлға» атты кездесу ұйымдастырғанын кісілікке салынған қадам деп бағалаймын. Мұның жастарға берер өнегесі аз болмайды, – деді ол.

Кездесуге жиылғандардың қарасы көп болды. Сол қатарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, көрнекті жазушы Смағұл Елубаев, қаламгер Молдахмет Қаназ, ҚР ҰҒА академигі, әдебиеттанушы ғалым Уәлихан Қалижан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жазушының шығармашылығы туралы мазмұнды баяндама жасап, Әбдіжәміл Кәрімұлының қаламгерлік және адамгершілік қырынан тағылымды әңгіме өрбітті.

Кеш барысында ғасырға жуық жасаса да, қажыры мен қайратын жоғалтпаған, өткен ізін күні кешегідей есіне сақтаған кеш қонағы ұстазы Мұхтар Әуезов және басқа да қаламдас достары туралы естеліктер айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Абай Құнанбаевтың Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» атты аудармасын әнімен орындап, асыл тектілігін көрсетті.

Қашанда ақсақалын ардақтап, өткенге құрметпен қарайтын халықтың перзентіміз ғой. Соңында университет ректоры Такир Балықбаев қаламгер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазақ халқының руханиятына, Қазақстан Республикасының өркендеп-өсуіне, жастардың патриоттық жігерін серпілтуге, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін ескеріп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры атағы берілгенін жариялап, дипломын тапсырып, мантиясын кигізді.

Тұлғаға жасалған үлкен құрмет кездесуге келген барша қауымға, әсіресе, студенттердің жігерін жаныған, болашаққа ұмтылысын оятқан жақсы әсерімен есте қалды.

Әсел НАЗАРАЛЫ,

ҚазҰПУ «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының ғылыми қызметкері