"ҚАҒАЗ БАСЫЛЫМНЫҢ ЖОЛЫ БӨЛЕК": ӘКІМ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 1053
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Жетісу" газетінің журналистерімен кездесу жалғасып жатыр. Қалың бұқарамен ой бөлісіп, сырласқан да бір ғанибет. Соның арқасында екі тарап – газет пен оқырман одан сайын жақындаса түседі.

Қымбат жәдігер

«Жетісу» мен «Огни Алатау» газеті қызметкерлерінің кезекті іссапары тарихы терең, табиғаты ерен Еңбекшіқазақ өңірінде жалғасты. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ талдықорғандық қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды.

Әкімдіктің мәжіліс залында өткен «дөңгелек үстелде» аудандық мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері, жергілікті журналистер және мәдениет саласы қызметкерлері бас қосты. Әңгіменің алғашқы сәтінде «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Хасан Еспанов сөз алды. Қос басылымның тарихынан қысқаша сыр шертті. Атқарылып жатқан шығармашылық жұмыстардың мазмұнына тоқталды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған дәстүрлі баспасөз рухани құндылықтарды паш етуде. Қос газет әрқашан абырой биігінен көрініп, облыс оқырмандарының ортақ мінберіне айналып отыр.
– Ғасыр жасаған «Жетісу» газетінің қазақ баспасөзінде алатын орны айрықша. Өзінің жүзжылдық тарихында ол үлкен мектеп қалыптастырды. Қоғамның айнасына айналды. Ұлттық сананы нығайтуға өзіндік үлесін қосты. Ата басылымның жазары әлі де көп. Сондықтан бүгінгі кездесуде біз аз сөйлеп, керісінше сіздердің газет туралы пікірлеріңізді мұқият тыңдасақ дегіміз келеді. Өйткені, оқырман ойы біз үшін қымбат, – деді Нүсіпбай Додабайұлы.

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ журналистерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін таныстырды.

Еңбекшіқазақ – жер көлемі жағынан да, халық саны жағынан да облыстағы іргелі аудан. Аграрлық салада ауыз толтырып айтатын жетістіктері аз емес. Мәселен, 2018 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 104 миллиард теңгеге жуықтады. Аграрлық кешендерді ғылыми жолмен өркендету өріс алды. Заманауи технологияларды қолданысқа енгізудің арқасында толайым табыстарға қол жеткізді. Өңірдің өнеркәсібі де өрге домалап тұр. Өткен жылы 37 миллиард 400 миллион теңгенің өнімі өндірілген.

Шағын және орта бизнестің дамуы да ерекше қарқын алды. Сонымен қатар, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші де көңіл сүйіндіреді. Осы мерзім ішінде ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 79 миллиард теңгені құраған. Ал жылдың соңына дейін бұл деңгей 110 миллиард теңгеге жетеді деп межеленіп отыр. Білім, медицина саласында да жағымды жаңалықтар аз емес. Цифрларды нақты дәлелдермен сөйлеткен аудан басшысы баспасөзге жазылуға қатысты өз ойын ортаға салды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» деген өсиет сөзін біз ешқашан естен шығармауымыз керек. Осы орайда «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды. Ол ары қарай «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ұласты. Рухы биік халықтың болашағы жарқын болады. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық иммунитетімізді күшейту үшін біз тілімізді, ділімізді, өткен тарихымызды құрметтеп, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз. Дәстүрлі қазақ баспасөзі соған қызмет етеді. Сондықтан оны қолдау – ортақ парыз. Біз газет оқып өскен ұрпақпыз. Одан ұтпасақ, ешқашан ұтылған жоқпыз. Өйткені, баспасөз ой-өрісіңді кеңейтеді. Тіл байлығыңды дамытады. Танымыңды тереңдетеді.

Мен күнделікті жұмысымды облыстық газеттерді шолып шығудан бастаймын. Өйткені, онда Жетісудың тыныс-тіршілігі баяндалады. Әкім соның бәрінен хабардар болуы керек. Кейбір мақалалардағы тілі жатық әдемі тіркестерді дереу қойын дәптеріме түртіп қоямын. Соларды кейін сөздік қорыма пайдаланамын. Ауданды басқару тізгінін ұстаған соң халық сенің сөзіңе қарайды. Сонда айтқан әңгімең әуезді, астарлы да мәнді болса көпшіліктің көңілінен шығасың.

Жамбыл ауданын басқарған тұста бір кісі маған сарғайған газетті қолыма ұстатты. Онда менің шешем туралы мақала жарияланыпты. Анам мұғалім болып қызмет істеген жан. Әлгі адамға ерекше сүйсіндім. Қаншама жылдар бойы газетті сақтап, ұстаз өнегесіне осылайша құрмет көрсеткені мені қатты таңғалдырды. Мақаланы оқып отырып анамның жарқын бейнесі көз алдыма келді. Ерекше тебірендім. Сол газет жәдігер ретінде үйімде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Жуырда ғана «Жетісу» газетінің бетінен Орынша Қарабалинамен болған сұхбатты оқып шықтым. Мен Алматыдағы №2 мектеп-интернатының түлегімін. Ол кісі біздің аяулы ұстазымыз болды. Зиялылықтың үлгісін көрсеткен тұлға. Орынша апайдың өмірлік серігі болған Кәкімжан Қазыбаев ағамыз «Жетісуда» қызмет істеген. Газетте шыңдалып, кейін мемлекет қайраткері атанды.

Мұның бәрін мен не үшін айтып отырмын? Әрине, заман өзгерді. Жұртшылық ақпаратты қолдарындағы қалта телефоны арқылы алатын деңгейге жетті. Дей тұрғанмен, қағаз басылымдардың жөні де, жолы да бәрібір бөлек.

Біздің ауданда «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің оқырманы көп. Осы дәстүр ары қарай жалғаса береді, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев та, ішкі саясат бөлімінің басшысы Момынжан Исламов та өңір басшысының сөзін өз пікірлерімен сабақтап, облыстық газеттерге деген ыстық ықыласын білдірді.

Бұдан кейін сөз тізгінін аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов алды.

– Бәсекеге қабілетті болу – бүгінгі күннің талабы. Бұл үрдіс қоғамның барлық саласына тиесілі. Кім сапалы қызмет көрсетеді, сол алға қарай жылжиды. Ақпарат ағыны тасқындаған дәл қазіргі кезеңде  дәстүрлі медиа мен заманауи медиа арасында қызу талас-тартыс жүріп жатыр. Басылымның нары да, бары да – көзі қарақты оқырман. Олардың ой-пікірлері, талап-тілектері журналистер үшін құнды.

Ана бір жылдары облыс орталығында болған жиында газет-журналдардың келешегі туралы сөз қозғалған еді. Қарап отырсақ, елімізде сауатты шығатын қазақ тілді дәстүрлі басылымдар көп емес, саусақпен санарлық қана. Оның бәрін керексіз етіп, жауып тастайтын болсақ жұрт сонда нені оқиды? Кітап оқымайтын, газет-журнал қарамайтын ұрпақтың болашағы қандай болады? Осындай сұрақтар бәрімізді толғандыруға тиіс.

Аудандық газеттер ата басылым «Жетісу» мен «Огни Алатауға» қарап бой түзейді. Ондағы мақалалар сауатты жазылады. Үлгі алатын тұстары өте көп. Ғасырлық тарихы бар газеттің жаман шығуға хақысы да жоқ. Өйткені, ол мол тәжірибеден өткен басылым. Мұндай шежіре сырға толы газеттерді одан әрі кемелдендіру ізгілікті іс. Сондықтан жаңалықтың жаршысы болып жүрген дәстүрлі басылымдарды бірауыздан қолдауымыз керек, – деп қария қаламгер Хайролла аға көпшілікке ой тастады.

Ауданның тыныс-тіршілігі «Жетісу» газетінің үнемі назарында. Өңірдегі жағымды жаңалықтар мүмкіндігінше басылым бетінде жарияланып келеді. Ол туралы «Есік» мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Досым Зікірия ерекше ілтипатпен әңгімеледі.

– Біз «Жетісу» газетінің тілшілерімен үнемі тығыз байланыстамыз. «Есік» мемлекеттік қорық-музейі ұйымдастырған іс-шаралар газет бетінен тыс қалған емес. Мәселен, Алтын Адамның сүйегіне қатысты бұрынғы музей директоры Гүлмира Мұхтаровамен болған сұхбат көптеген зиялы қауым өкілдеріне ой салды деп білемін. «Жетісуда» шыққан осы мақала кейін ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрді. Бұл – облыстық газеттің беделі. Алтын адамды тапқан археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов туралы танымдық мақала да сондай әсерлі. Айта берсек газет бетіне шыққан музей жаңалықтары аз емес. Сондықтан «Жетісу» газетінің ұжымына біз әрқашан ризамыз. Облыста 25 музей жұмыс істейді. Алдағы уақытта газет бетінен арнайы айдар ашып, осы мекемелердің жұмысын да жан-жақты көрсетсеңіздер нұр үстіне нұр болатын еді. Өйткені, Отанды тану өлкетанудан басталады, – деді Досым Зікірия.

Ой-пікірлер кезегі ары қарай жалғасты. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Исатаева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаевалар сөз алып, қос басылымның жұмысына сәттілік тіледі.

Аудан үздіктері

Биылғы жыл ауданның мәдениет қызметкерлері үшін сәтті болды. Қаракемер ауылындағы Мәдениет үйі Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына» атты республикалық фестивальге қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.

Аталған байқауда Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекова өздерінде өткен мазмұнды шараларды нақты дәлелдермен көрсетті. Соның нәтижесінде атқарылған жұмыстар байқау талаптарына толық сай келеді деп шешім қабылданды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған жарыста озып шығып, республикадағы «Үздік ауылдық Мәдениет үйі» жүлдесімен марапатталды.

Ақши ауылындағы ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі де нәтижелі істерімен қуандырды. Атакәсіпті насихаттағаны және дәркембайтану ісін жалғастырғаны үшін ол облыста «Үздік мәдениет мекемесі» деп аталды.

Рухани құндылықтарға ден қойған қазіргі шақта музей атына затын сай етіп игі шараларды ойдағыдай ұйымдастыруда. Музейге келушілердің саны жылдан жылға артып келеді. Алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыстар орнатты. Қазақ қолөнерінің әлемге танылуына мұрындық болды. Музей директоры, қолөнерші Дәулет Дәркембайұлының осындағы ортақ іске қосқан үлесі мол.

Көлді ауылы биыл ерекше қуанышқа кенелді. Осындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Дінмұхаммед Бекболатұлы қазақ поэзиясын насихаттап, үздік өнерімен әлем жұртшылығын тәнті етті. «Golden Agro – 2019» деген атаумен Грузияда өткен халықаралық байқауда бірінші орынды иеленді.

Поэзия кешінде жарыс жеңімпазы атану оңай болған жоқ. Оған – Украина, Литва, Болгария, Грузия, Түркия, Армения, Әзірбайжан, Иран мемлекеттерінен келген  200-ге жуық жас дарындар қатысты. Барлығы өздеріне деген берік сеніммен және мол дайындықпен келген еді.

Дінмұхаммед Бекболатұлы қазақ ақыны Әбубәкір Қайранның «Қасқыр» атты өлеңін жатқа оқыды. Өзі де өлең жазатын болған соң көркемсөзді мәнеріне келтіріп орындады. Қазақ тілінің қасиетін барлық елдердегі ағайындарға осылайша паш етті. 

Сапалы білім

Аудан әкімдігінде болған мазмұнды басқосу бұдан кейін Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте жалғасты.

Журналистерді аталған білім мекемесіне ішкі саясат бөлімінің бас маманы Думан Мырзақожа бастап барды. Мектеп ауласына кірген бойда асқақтап тұрған Райымбек батырдың мүсініне көзіміз түсті. Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін жаудан қорғаған баһадүр бабамыздың ерлігі елге мұра. Осындай ұлы тұлғаларымыздың есімін мектепке беру жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет ұялататыны анық. Оқушылар білім ордасына аяқ басқан сайын батыр бабаларына тағзым етеді. Ерлік шежірелерін санасына сіңіреді. Ендеше, бұл мектептің үлгілі істері көп шығар деп топшыладық. Ойымыз алдамапты. Ұстаздар қауымы қос газет өкілдерін кітапханада қарсы алды.
Жалпы алғанда  ауданда 84 мектеп бар. Онда 55 мыңға жуық оқушы білім нәрімен сусындауда. 5800 педагог жас ұрпаққа сапалы дәріс беріп келеді. ҰБТ-дан аудан оқушыларының орташа балы 89-ға жетті. Жетістікке жету жолында Райымбек батыр атындағы мектеп ұжымының қосып жатқан үлесі де аз емес. Аталған білім мекемесі 2008 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған осынау жаңа ғимаратқа көшкен.  Мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Оқушылардың алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған. Ол туралы мектеп директорының оқу әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Ақмарал Есенбаева жан-жақты баяндады.

– Білім шаңырағында 79 мұғалім жұмыс істейді. 1000-ға жуық оқушы білім алуда. Оқу жылын жақсы деген бағаға қорытындыладық. 9-сыныпты 15 оқушымыз үздік бағамен бітірді. 11-сыныпты тамамдаған 23 баланың 8-і «Алтын белгі» иегері атанды. Сонымен қатар мектепте республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобаларда топ жарып жүрген озат оқушыларымыз да жетерлік. Мәселен, Алина Машкова, Ботагөз Жұмәділова және Шынар Есендер біздің мектептің мақтаныштары. Ұстаздар қауымының да табысы мол. Мектеп мұғалімі Қарлығаш Мұсаеваның Білім және ғылым министрінің арнайы Алғыс хатын иеленуі соның бір мысалы. Білім ордасының осындай деңгейге жетуіне  40 жылдық тәжірибесі бар мектеп директоры Әлімжан Түбекбаевтың білімі мен білігінің арқасы, – деді Ақмарал Есенбаева.

Бұдан кейін кітапханашы Ләззат Еділбаева сөз алып, «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттеріне мектеп мұғалімдерінің бірі қалмай жазылатынын мақтанышпен жеткізді. Тіпті, аптаның әр сейсенбісінде мектеп директорының қатысуымен ұстаздар газет бетіне жарияланған мақалаларға өздерінше шолу жасап, талдауды дәстүрге айналдырыпты. Мектеп ұжымының қос басылымға деген құрметтеріне ерекше риза болдық. Осындай жанашыр оқырмандар тұрғанда газет әрқашан оқыла береді.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы