"ТІЛЕМСЕК НИЕТТЕН АРЫЛАЙЫҚ": СЕРІК ҮМБЕТОВ ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 1139
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарих – қай-қайсымызға да тағылымды ұстаз. Өйткені, кешегі мен бүгінгінің арасына көз салсақ, қандай биікке шыққанымызды, қандай жетістіктерге жеткенімізді айқын байқауға, бағалауға болады. Түптеп келгенде бәріне уақыт баға береді.

Өткен тарихымызда халқымыздың дәл бүгінгідей біртұтас, зайырлы, қуатты мемлекет құрып, өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндігі болмаған. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған тұста ел тағдыры талай рет қыл үстінде тұрды. Бірақ, ер бабаларымыз әрбір жауапты сәтте жұдырықтай жұмылып, даналығын дәлелдеп келді. Соның бір дәлелі қиын кезеңде басшылық тізгінін ел арманын асқақтатқан тұңғыш Көшбасшы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға  алғаны дер едім.

Өткенімізде өзекті өртер өкініштің бар екені шындық. Ойға тежеу, тілге тұсау салған тоталитарлық қатаң тәртіптің салдарынан ұлтым, елім деген қайраткерлер «халық жауы» атанған қилы кезеңдерді бастан өткердік. Елім деген азаматтарды бораған оқтың өтіне өзіміз аттандырдық. «Қаңғып келген шүрегейдің көлге пана болмайтынын» білсек те ата-бабадан мұраға қалған жерімізді жатқа таптатып, еліміздің  билігін басқаға беріп, өз ұлымызды өзекке тептік. Босып та кеттік. Қаракөз қыздарымыздың бұрымы кесіліп, күң болғанына да көндік, «үндістерше қаңғытамын» дегендердің тепкісіне де шыдадық. Десе де қайтпас қайсарлығымыздан ұлт болып сақталып қалдық. Батыр бабаларымыз ұлан-байтақ далаға, атамекенге қорған бола алды.

Мына алмағайып дүниеде  орнымызды тауып, шегарамызды шегендедік. Өйткені, ел іргесін бекіту Елбасының саясаттағы ең негізгі міндеті екенін осы тұста тағы бір бағамдадық. Көз жеткіздік.

Хакім Абай өзінің қара сөздерінің бірінде: "Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары. Біреуі – білсем екен демекілік. Мұның бәрі – жан құмары», - деп адам баласының тіршілік жолын екіге жіктеген. Бұл жерде ол нағыз өмір деп жалпы адамзаттың қымбат құндылықтарын, азаматтық, кісілік қасиеттерін айқындап, бағалауға қатысты айтса керек.

Қазақ – батыр, зерек, тапқыр, шешен халық. Алайда отаршылдықтың кесірінен өмірімізге дендеген көріністер мен жеке мүддешілдігіміз, әсіре жомарттығымыз, қазіргі жаћанданудың жалынына төтеп бере алмайтын басқа да басы артық  қылықтарымыз өркендеуімізге кедергі келтіріп келе жатқаны жасырын емес.

Егемендік алған тұста нарықтық экономикаға бірден көшудің мүмкін еместігін болжаған Тұңғыш Президентіміз ерекше экономикалық және әлеуметтік маңызы бар ірі кәсіпорындарды шетелдік инвесторларға басқаруға берді. Оларға талап қоя отырып, өнеркәсіп орындарының тұраламауын және жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын қамтамасыз етуге тырысты.

Ел басқару еш уақытта оңай болмаған. Ал ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткен қиын кезеңде мың батпан жүкті ердің ерінің ғана көтеретінін тарих тағы бір дәлелдеп берді. Өйткені, экономиканы көтеру, халықтың жағдайын жасау мәселелері өзекті еді. Содан кейін де әлемдік қаржы дағдарысы елді мазалай бастаған тұста халықаралық сарапшылар мен саяси институттар «Қазақ халқы дағдарыс жағдайында өз мемлекеттігін сақтап қала ала ма?» деген мәселені көлденең қойып, жиі көтере бастады.

Осылайша, дербестігіміз, елдігіміз сынға түсті. Десе де дағдарысқа қарсы атқарылған тың жобалар елімізді бұл тығырықтан да алып шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де соншалықты қажет», – деп, елдік сананың, ынтымақ пен татулықтың аса маңызды екендігін атап көрсеткенін ұмытуға болмас. Бұл қағида қай кезде де маңызын жоғалтпайды.

Қазақстандықтар бүгінгі таңда сол бірлік пен ынтымақтың нәтижесін көріп, дәмін татып отыр. Өнідіріс өркендеп, әлеуметтің әлеуеті артты, қала мен ауылда ірі кәсіпорындар құрылып, жолдар жасалып, кем-кетігіміз толықты. Оларды саусақпен санаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Нәтижесі, жыл сайын еліміздің жалпы ішкі өнімі 5-6 пайыздық өсіммен өсіп отыр. Еліміз халықаралық деңгейде  көш бастамаса да жаңағыдай көрсеткіштер бойынша дамыған елдердің арасында алдыңғы қатарда. Көтеріліп жатқан бағалы бастамаларымыздың жаһандық қауіпсіздікке қосып жатқан үлесі өз алдына бір төбе.

Қуатты мемлекеттің экономикасы да қалыпты дамуды қажет етеді. Бұл орынды. Экономика қарқынды дамыған сайын елімізде білікті мамандарға деген сұраныс та күн санап арта түседі.

Әлем елдері бүгінде кәсіптік-техникалық білімнің қажеттілігін бірінші орынға қойып отыр. Өйткені, бүгінгі дәуір технологияның жедел дамуын қажет етіп отырғандықтан білікті жұмысшы кадрларға деген тапшылық өткір сезілуде. Бұл түйткілді шешуге Елбасы ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде, елімізде кәсіптік білім беру мен оқытуды тегін атқару қолға алынды.

Қазіргі жастардың көбінде техникалық, кәсіби білім жетіспейді. Мамандығы жоқ адамды жұмысқа тарту мәселесі де кәсіпорындар үшін пайда әкелмейді. Өкініштісі, жастар мұндай мамандықтарға барғысы келмейді. Олар көбіне жайлы орында отырып, қомақты жалақы алуға ұмтылады.

Халқымызда: «Еңбек етсең, емерсің», - деген аталы сөз бар. Осы нақыл жастардың қаперінде жүрсе деймін. «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді» деген даналықты да дәйім назарда ұстағанымыз жөн. Ұлы Абай кәсіпкерлікпен, бизнеспен айналысудың пайдалы тұсын көрсеткенімен бүгінде Абайды оқитындардың да қатары азайған.

Қазақтың қолынан іс келмейтін болса кезінде Римді жаулап, кешегі Тәжмахалды, бүгінгі Астананы салмас еді. «Алма піс, аузыма түс» деп отыра беретін берекесіз болса, осыншама ұланғайыр өлкеге иелік ете алмас еді. Басқалардың айдауына көніп, айдағанына жүретін, барына қанағат ететін бейқам болса, Қытайға қорған соқтырып, іргесі сөгілмейтіндей болған КСРО-ның іргетасын бұзып тәуелсіздік алмас еді. Тексіз болса дуалы ауыз даналар Төле мен Қазыбек, Әйтекені тудырмас еді.

Демек, қазақ ешқашан дана, дара тұлғалардан кемшін болмаған. Кир патшаның басын шапқан Томирис, Римді жаулаған Еділ патша, крестшілерді талқандаған Бейбарыс, жарты әлемді жаулаған Шыңғысхан, қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, Қоқанды қоқаңдатпай ұстаған Хақназар, Жоңғарды жойған Абылай, ұлт намысын ту еткен Кенесары хан, бұлардан басқа да әлем тарихына өшпес із салған Қабанбай, Қарасай мен Ағынтай және басқа ұлы тұлғалардың ұлылығын асқақтатқан қазақ емеспіз бе?

Кешегі Жібек жолының бел ортасында тұрып, әлемдік нарықты меңгерген бабаларымыз ұрпағына алтыннан гөрі пайымды парасат, өшпес адами құндылықтарға бай салт-дәстүр қалдыруды мақсат еткен. Қытайға керуен тартқан Абылайдың тұсындағы бабаларымыз да жақынына жат мінез танытпаған.

Халқымыз қандай қиындыққа да төзімді, ерік-жігері де болаттай берік. Сонысымен де зіл батпан ауыртпалықтарды көтерді. Міне, осындай айбыны асқақ, ақылы дария халықтың бүгінгі таңдағы рухының аз-кем әлсіреуіне нарық та, билік те кінәлі емес.

Өткеннен өнеге алып, оны болашаққа ұштастыруда әлі де көңіл бөлетін тұстарымыз баршылық. Бұл орайдағы олқылықтың орынын толтыру үшін Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары қолға алынды. Олар елдің өшкенін жандырып, өткенін түгендеуге үлкен септігін тигізіп келеді. Бұл міндетті тек билікке жүктеп қоймай әрбір қазақстандық өткеніміз бен өр намысты ата-бабаларымыздың ұлы қасиетін жаңғыртуға үлес қосуымыз керек.

Өз ұлтының құндылығына суарылған намыс қана адамды биік белеске шығарады. Осыны ескере отырып, нарық заңдылығына өзіміздің ұлттық ар-ұжданымызбен үйлесуіміз қажет, оны жүрегіміздің түбінде жатталған қазақы қасиетімізге бағындыруымыз керек. Алдымызда, Елбасы айтқандай, мәңгілік қазақ елін құрудан басқа жол жоқ. Ел боламыз, өркендейміз десек, ұлтжанды да батыр қазақ рухы арқылы бүгінгі жаңа қазақтың жігерін жануымыз, салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеуіміз қажет. Ар-ұжданды ақшадан биік қойып, «Кіп-кішкентай торғай да балапанын қорғайды» деген қазақы ынтымақтан, Отанға, елге деген елжандылықтан айрылмағанымыз жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент сайлауларында төтесінен қойылған сауалдарға: «Мен сендердің төбелеріңнен алтын жаудырамын деп уәде бермеймін, бұдан да қиын кезеңді бастан кешіргеміз», – деп ойлы жауап берді. Жаңа Қазақстан құру жолында мемлекет, қоғам қайраткері санатында жаңашылдығымен, күрескерлігімен, реформаторлығымен ерекшеленді. Айдарынан жел ескен қуатты мемлекеттердің өзінің экономикасын тұралататын дағдарысты  ауыздықтаған күш-жігерінің арқасында еліміз өркендеп отыр. Қай саланы алсаңыз да өсу мен өркендеудің, алға ұмтылудың, жарқын болашақтың лебі еседі.

Кеңес Одағының құрамында болған тұста өз елімізге өз билігіміз жүрмеді. Қай мәселеде болсын тек Мәскеуге жаутаңдаумен күніміз өткені баршаға мәлім. Тәуелсіз мемлекеттің Туы, мемлекет Гимні, Елтаңбасы, төл теңгесі, мемлекеттік тілі, астанасы туралы сөз қозғаудан сескеніп, қарадай қуыстанғанымыздың жалғандығы жоқ. Ұлтжанды Көшбасшымыз республика тағдыры өз қолына тиген соң ғасырлар бойы ұлы арманға айналған, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге батыл кірісті. Ұлттық рәміздерімізді заңды түрде бекіткен соң енді астана жайлы ойларға ойысты.

Ақыры қуатты мемлекеттің төл астанасы қасиетті қазақ жерінің кіндігінде, Еуропа мен Азияның құшағы қауышқан Ақмола қаласында орын тебуі қажет деген шешімге тоқтады. Жаңа астананың бүгінде Нұр-Сұлтан есімін иеленіп, әлемнің ең күрмеулі мәселелері шешілетін ірі қалаға айналғанын көргенде әр қазақ марқаяды деп топшылаймын.

Тәуелсіз ел болғанымызға санаулы жыл болса да іргемізді бекітіп, басқа елдермен иықтасатын жағдайға келдік. Тәубе, қазір қазақ еліне басқалар да байыппен қарайтын болды. Бұл деңгейге жету, әрине, оңай болған жоқ. Кеңес дәуіріндегі талқысы мол тіршіліктің сан соқпағында шыңдалып, жоқ нәрсені бар еткен аға буынның ерен еңбегін ескермей кетуге болмайды. Біз сол кезеңнің адамдарға төзімділік пен аяушылықты және өз ісіне адалдықты үйреткенін жоққа шығара алмаймыз.

Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, мемлекеттің гүлденуі жастардың жасампаздығына тікелей қатысты болады екен. Әлбетте, ғимараттың мықтылығы оның кірпішінің сапасына да байланысты. Қанша шебер болсаң да осал қалыпта сапасыз құйылған кірпіштен сәулетті үй қаланбайды. Қазақ үй тіккенде уығының мықты болуына ерекше көңіл бөлген. Керегенің мықтылығы өз алдына, уық мықты болса, шаңырақ шайқалмайды, ақбоз үй долы дауыл мен ұйтқи соққан желге де шыдас береді.

«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, тәуелсіз елдің ертеңі жастардың қолында. «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді» деген екен бабалар. Бүгінде елдің қамын жейтін, оның болашағын ойлайтын жастарымыз бар. Мен соған қуанамын.

Жас ұрпақ өз елі мен жерінің өсіп-өркендеуі үшін терең білім алып, кәсібін ашып, ата-ана өсиетін, ақылын аяқасты етпесе екен деген тілегім бар. Дәл қазір қай жұмысты бастаса да жастарға жол ашық. Тек ынта мен ықылас болса жеткілікті.

Ауыл – қазақтың ырысы. Қазір ауылдарда жастардың білек күшін талап ететін жұмыс жетіп артылады. Бүгінде бір кездері даланы дүбірге бөлеген механизатор мен комбайншылардың жасы келген, зейнетте. Малшы кәсібіне деген сұраныс та жоғары. Бірақ, осы кәсіптерге баратындар жоқтың қасы деуге болады. Бейнет көрмей дәулет жоқ екенін түсінген жөн. Мына өмірдің сәні мен мәні – еңбекте. «Үкімет не берер екен?» деген тілемсек ниеттен арылатын уақыттың келгенін әлі де мойындамайтындар кездеседі.

Көпбалалы аналардың арасында әлеуметтік жағдайлары сын көтермейтіндері бар. Оны мойындау керек. Бірақ жағдайлары тәуір болса да, алақан жайып, тегін көмек алғысы келетіндерге не айтуға болады?

Жер-жерде қалталы азаматтар бар. Солар өз елді мекендеріндегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларын қамқорлыққа алса, бұл да бір сауапты іс. Халқымыз қай кезде де жетімін жылатпаған ғой.

Жаһанданудың бүгінгі шарты – бәсекеге қабілеттілік таныту. Демек, қай сала болсын жігеріңді жанып, біліміңді шыңдауыңды, еңбегіңді еселеп, қайратыңды қайрауыңды талап етеді. Жастар осы жолды таңдағанда ғана көшіміз көлікті, еліміз көрікті болып, Көк байрағымыздың биікте желбірейтіні анық.

Бүгінгі таңда қазақ елі көшінің тізгінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолына алды. Әлемдік саясаттың талай сынынан өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы салған сара жолды жалғастырып, қазақстандықтарды нұрлы болашаққа жеткізу үшін бар білімі мен біліктілігін арнайтынын білдірді. Әрине, бұған ел сенеді, Елбасымыз да үлкен үміт күтіп отыр. Тәуелсіз елдің ертеңі үшін тер төгетін ұрпағымыз сабырлы, саналы болсын деп тілеймін! Бұл – ұлтымыздың қанындағы ұлы қасиет.

Ел ертеңіне алаңдап, халқының қамын ойлаған осындай тұлғалары бар қазақ халқы бақытты. Сондықтан келешегіміздің кемел, ертеңіміздің нұрлы болатынына деген сеніміміз мол. Ол үшін әр күні еселі еңбек етіп, тер төгуіміз қажет. Тәуелсіз елдің болашағына әр азаматының жауапты екенін ұмытпайық, ағайын!

Серік ҮМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты