"ИТ ӨЛІМ": ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАПА ШЕККЕН ЖАСТАРДЫҢ ЛАҒЫНЕТІ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 1466
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұл кісілер шықпағанда алаңға,

Тәуелсіз ел болмас едік ғаламда.

Көше беріп, қою керек ескерткіш,

Сол алаңда болған әрбір адамға!

Желтоқсан көтерілісінің мен үшін алар орны ерекше. Ол кезде, яғни, 1986 жылы мен ҚазҰУ журналистика факультетінің 5-курсында оқитынмын.

Тимирязев көшесінің бойымен Брежнев алаңына беттеп келеміз. ҚазҰУ қалашығынан шыққан студенттердің қарасы көп. «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін шырқап келе жатқан біздерге көше бойындағы үйлерден шыққан, жол бойы кездескен өзге ағайындардың «Сендерге не жетпейді? Калбиты. Бараны есть бараны», – деп қолдарын шошайтып көрсетіп, жиіркене қарағандары әлі күнге дейін есімізде, көз алдымызда. Сол қалпы алаңға жетіп, көпшіліктің қатарына қосылып, қанда тулаған Отанға деген отымызбен қыстың қара суық ызғарына төтеп бергенбіз. Кеше ғана мектеп аяқтаған қыздарға қарағанда курстас жігіттердің көпшілігі еңбек етіп, өмір көрген, әскер қатарынан келгендіктен үлкендігін көрсетіп «Шыдаңдар, қыздар, бұл күн де артта қалады» деп біздерді жігерлендіргені де әлі жадымызда.

Түкірігің жерге түспейтін сақылдаған аяз кеш бата мүлдем күшейді. Суықтан жансызданған аяғымызды жылыту үшін онсыз да қатып қалған етіктерімізді бір-біріне соғып, тұрған орнымызда секіріп-секіріп қойып, жылынған боламыз. Бір кезде трибунаны жағалай қоршап тұрған жасақшының бірі төменде тұрған қазақ қызының мойын орағышынан ұстап өзіне қарай жоғары тартып біраз ұстап тұрды да, жерге тастай салған. «Қонаев ортаға шықсын», «Әр елге – өз басшысы» деген талап-тілектерді айтып, тыңдар құлақ таппай, бағанадан бері әрең шыдап тұрған жастар алға лап қойды. Айнала сатыр-гүтір. Біреу құлап жатыр, біреу жылап жатыр.

Бет қарықтырар аязда баскиіміміз алаңда қалған біздер дірдектеп, тұратын пәтерімізге әрең жеткен едік. Тамақтанып алған соң тағы да алаңға бармақ болдық. Солай еттік те, алдымен жақын маңдағы жатақханаларға тарату үшін Карл Маркс, Фридрих Энгелсь, Ленин томдарынан үзінділер жазып, «Мен қазақпын деген жан алаңға жиналсын», «Қазақты тек қазақ басқару керек» деген сияқты сөздерді қосып, дайын үнпарақтарымызды шиыршықтап бүктеп, етіктеріміздің қоныштарына салдық. Ондағы ойымыз біреу-міреу ұстап алса, үнпарақтарды таба алмасын деген бала көңіл болатын. Сақтық шараларын ұмытпай, жазумызды шимақтап, сол қолымызбен жазғанымыз есімде. Жазғандарымызды жақын маңдағы үйлердің аулаларына тастадық, жатақханаларда тұратын таныстарымыз арқылы ішке енгіздік, тіптен болмаған жағдайда балкондарына лақтырдық. Әлі есімде, жатақханада тұратын танысымызды шақыртып, келген шаруамызды айтқанымызда ол:

- Қазір кетпесеңдер ұстап беремін, - деді түсін суытып. Оның түріне қарап әзілі емес екенін түсінген, бір пәтерде тұратын қызылордалық Үрләй, шымкенттік Дүйсенкүл және Қамария, семейлік Ләззат пен талдықорғандық мен ұнжырғамыз түсіп, шарасыздықтан кері қайттық. Жол бойы «Сенген қойым сен болсаң» деп, оны шамамыз жеткенше жер-жебіріне жетіп сыртынан сыбағанымыз бар.

Салымыз түсіп кеткен. Әйтсе де ойымыз - алаңға қайта бару. Көшенің қараңғылау тұсындағы бұрыштан айнала бергенде, алдымыздан қараң етіп шыға келген ер адамнан қорқып, кері шегіне бергенбіз.

- Қорықпаңдар, түнделетіп неғып жүрсіңдер? Қалада мынадай жағдай болып жатқанда, – деген сөзден соң сабырға келдік.

Ағалық ниетін білдірген бейтаныс жігіт өзінің алаңнан келе жатқанын айтты. Біз де алаңнан келгенімізді, үнпарақтарды таратып, енді қайта алаңға жиналатынымызды айтып жатырмыз. Жаңағы жігіт: «Айналайындар, қанатымен су сепкен қарлығаштай болған қарындастарым-ай. Кейбір бауырларымыз қазақпын деуге қорқып, алаңға барудан қашып, тығылып жатқанда, сендердің мына жүрістерің жүрегімді ауыртты-ау. Бірақ амал нешік? Бүгін демалыңдар, кеш болып кетті. Алаңға ертеңгісін барыңдар», - деді.

Уәде бойынша ертеңінде алаңға қайта бет алдық.

Алаңда тұрмыз. Сықиып қаруланып алған жасақшылар бізді қуады, бірде біздер оларға ұмтыламыз. Сөйтіп тұрғанда алдымызда тұрған жасақшы қолындағы қолшоқпарын (дубинкасын) сермеп кеп жіберді. Жаңа ғана қасымызға келіп қосылған қалалық әйелдің жан дауысы шықты. Кері шегініп тұра қашқан біздермен бірге жаңағы әйел де қымбат пальтосының жеңінен қолы жерге сүйретіліп қашып бара жатты. Әдемі әйел әп-сәтте қартайып, бір жағына қисайып кеткендей көрінді.

Алаңдағы мыңдаған жас қозғалған сайын жағаға ұрған толқынды көзіңе елестеткендей. Лек-легімен келіп қосылып жатқандар қаншама? Қолдарында транспоранттары бар жастар да жетерлік. Трибунаға шығып, жастарға «үйлеріңе қайтыңдар» деп ақыл айтқандар да, «қазір шара қолданамыз» деп қорқытқандар да болды.

Қасымдағы бірге тұратын қыздардан адасып қалғанмын. Айнала у-шу, сатыр-гүтір. Біреуді-біреу біліп болмайды. Жылап жүрміз. Сол кезде көз алдыма мектепте оқып жүргенде тарих пәнінен оқыған «Қанды жексенбі» келді. Иә, дәл сондай оқиға әсем қала, мәңгі жас қала деп жақсы көріп, мақтанатын, солай қабылдаған Алматымызда болып жатқан еді. Айнала аппақ қар. Күн суық. Сақылдап тұр. Жасақшылардың сұсы сияқты қаламыз да жабырқау.

Өзгелермен жанталасып, кісі аяғы сирек көшелермен жүріп, сабаққа барғанмын. Ғимараттың сырты қоршауға алыныпты. Факультет те студенттерді түгендеп жатыр екен. Автобусқа тиеп, қаланың сыртына, айдалаға апарып тастаған жерінен әупірімдеп жеткен курстасым Үрләй Рысбаева жендеттер бұрап көгерткен қолын, домбығып іскен саусақтарын тығып әлек. Ал курстасым Бақыт Күлембекова жасақшының қолшоқпары тиген арқасын жаза алмай, сабақ бойы қиналып отырған еді. Бүгінде пальтосының сыртынан ұрса да, қолшоқпардың ізі сол бір сұрапыл күннің белгісіндей құрбымның арқасында сызат, тыртық болып қалған.

Содан кейін біздерді қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сабақтан соң алып қалып, айлап сұрақтың астына алатын. Алаңда түсірілген суреттерді көрсетіп: «Ішінде танитындарың бар ма?», – дейді. «Кім бастап барды, не үшін бардың? Кім бар?» деп сұрайды. «Ертең сен үшін бүкіл туысқаның жауап береді, өзің оқудан шығарыласың. Енді жоғары оқу орнының есігі өзіңе де, сенің тұқым-тұяғыңа да жабық. Соны білесің бе? Өмір бойы соңдарыңнан аңдумен боламыз, тұқым-тұяғыңмен қудаланып өтесіңдер». Күнделікті қойылатын осындай сансыз сұрақтан, қорқытудан ығырымыз шығып, қиналып кеткеніміз де рас. Әркім өз басымен қайғы болып кетті. Бірге жүруге, тіптен бір-бірімізбен қатар тұрып әңгіме айтуға қорқатын халге жеттік.

«Жазықсыздан-жазықсыз сотталып кетіп жүрмеңдер, бір пәлеге ұшырап қалмаңдар», – деп жанашырлық танытып, ақылын айтқан ұстаздар да болды. Алаңдағы оқиғадан кейін ананы жұмыстан алыпты, мынаны соттапты, енді бірі өліпті деген неше түрлі хабарлар жетіп жатты. Екі-үш күннен кейін бір курстасымыз Зейпін Қазанбаеваның бетін тіліп кетіпті десіп дүрліктік. Кешкілік сабақтан пәтеріне жаяу қайтып бара жатқанда, қарсы алдыларынан шыққан үш-төрт орыс жігіттерінің бірі «Ах, какая красивая девушка» деп бетін сипап өтіп, тез-тез басып жандарынан ұзап кеткен ғой. «Бетім тыз етті де, жылымшы болып кетті», – дейді ол. Сөйтсе, жаңағы жігіт бекер кетпей, курстасымыздың бетін лезвиямен тіліп кетіпті. Желтоқсан оқиғасы болған күндерден кейін де осындай келеңсіз оқиғалар болып жатты.

Талай боздақтың өмірін жалмап, Қайрат сынды қажырлы ұлымыз бен Ләззат, Сабира сынды аруларымыздың жанын алған, талай жастың жалындаған жастығын, асқақ арманын құм еткен сол күндердің қасіретке толы болғаны рас. Көтеріліске қатыстық деуге қорықтық. «Қатыстым десең, тұқым-тұяғыңмен құрыдыңдар» деген сөзді әсте ұмытқан емеспіз.

Қауіпсіздік қызметкерлері санамызға сіңіріп тастаған еді. «Қатыстық» десек бүкіл туыстарымыз ұсталып кететіндей көрінетін. Өзіміз үшін емес, туыстарымыз үшін қорықтық. Содан да болар, жылдар бойы үнсіз келгеніміз. Сол кездері соңымыздан бөтен адам ерсе, «Аңдып жүрген қауіпсіздік қызметкері ме екен?» деген күдіктен талай үрейіміздің ұшқанын несіне жасырайық?! Сондай күдіктің салдарынан, діттеген жерімізге жетпей, бара жатқан бағытымызды өзгертіп, кері қайтқан кездеріміз де болған.

Иә, сол күні өзге жастар секілді алаңда курстастарымызбен қатарласа жүріп, көп жылдай болып көрінген, естен кетпес екі күнде есейіп қайтқан едік. Сырттан көріп, бақылап қана қайтқандардай емес, екі күн алаңда жүріп, өз ойымызды білдіріп, қарсылығымызды көрсеттік. «Жол азабын тартқан білер» дегендей, сол күнгі азапты тәнімізбен, жанымызбен сезіндік. Солардың бірі болғанымды мақтан тұтамын.

Бүгінде менің курстастарымның алды 60-тан асты. Қарап отырсаң, аз жас емес. Бас қоса қалған кейбір сәттерде Желтоқсан оқиғасын еске алғанда, сол кездегі жастық жігер қайта келгендей, дабырласып, шуласып кететініміз, «Біз соғыс көргендерміз» деп қоятынымыз бар. Рас, біздер бейбіт заманда соғысты, әділетсіздікті көріп, жапа шеккендерміз. Желтоқсан оқиғасының ауыр азабын тартсақ та, курстастарымыздың әлі де ақтала алмай жүргені шындық. Өйткені, сол кездегі құжаттар, қауіпсіздік қызметкерлерінің бізбен істеген жұмыстары туралы бірде-бір мәлімет табылмады. Деректер әдейі жойылғандай.

1998 жыл. Мәскеу метросында зулап бара жатқан пойыз ішінде бір қарттың жүрегі тоқтап қалды. Жетпіс бір жастағы шалдың басынан бағы тайған емес еді. Бірақ абыр-сабыр қалың нөпір оны танымады. Шалды «қаңғыбас» ретінде тіркеп, артында сұрауы жоқ марқұмдардың моласына жерлемек болады. Соңғы сапар алдында милиция қызметкерінің бірі әлгі мәйітке бір қарап, Қазақстан компартиясының бұрынғы бірінші хатшысын тани қойды. Жерлеу рәсіміне жақын-жұрағаттарынан басқа ешкім қатыспады.

Қазақ ешкімге ит өлім тілемейді. Абыройсыз өлімді де ақтап алуға тырысады. Тіпті, болмады дегенде ол туралы жақ ашпайды. Саусағын шұқшитып, бетіне баспайды. Бірақ Колбиннің ит өлімі маған жапа шеккен жастардың лағынеті секілді.

Интернет желісінен осы жолдарды оқып отырып, мүмкін солай да шығар деп ойладым. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ғой. Жасаған жақсылығыңның да, жамандығыңның да бір айналып өзіңе соғары сөзсіз екенін талай рет дәлелденген нәрсе.

Желтоқсан оқиғасы болған күндері жастарымыз табиғат-ананың суығына шыдаса да, қолдан жасалған ызғарға, өрт сөндіргіш көліктерден су шашып, қыздарының шашынан алып, жігіттерінің кеудесінен итергеніне, жаппай ұрып-соққандарына, өтіріктен жала жауып, бұзақылар, нашақорлар, ішкіштер деп нақақтан-нақақ жала жапқандарына шыдамаған еді.

Тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізбегенімізді сол күндері алаңда болғандар жақсы біледі және ұмытпайды.

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды