"ҚАЛАЙ КҮЙІНБЕЙІН?" ӘЛИХАННЫҢ ОБРАЗЫН СОМДАҒАН АКТЕР ЖҮРЕК СӨЗІН ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 21.12.2019
Оқылды: 1028
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Өнердің қанаты – талант. Сондықтан да талантты жандар халық құрметтісі». Жетісулық жазушы-драматург Тәкен Әліпбайдың осы бір сөзі көпшілік құрметтейтін, қашан көрсең де ізденіс үстінде жүретін, кездескен сәттерде кіммен болса да жақын туысындай, сырлас досындай қал-жағдай сұрасатын Кендебай Темірбайұлын көргенде есіме түсе береді. Өздері келіп кірпіші болып қаланып, уығы болып қадалған облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі Кендебай аға Әбділда Тәжібаевтің «Көтерілген күмбез» драмасында – Шыңғысхан, Мұхтар Әуезовтің «Кенесары Наурызбайында»  – Нысан жырау, Тәкен Әліппайдың «О, Атилла, Атилла» трагедиясында – қолбасшы Хильденбранд, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» драмасында – Мұқағали, Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланында» – Естай, Ерсайын Төлеубайдың «Алаштың Әлиханында» – Әлихан рольдерін сомдайды. Басқа да рольдерін алып қараңыз, бірде ханның, бірде сатқынның, бірде сүйгеніне жете алмаған ғашықтың образын сомдауда қаншама ізденістің ізі жатыр?! Аңғал батыр, көңілі зарлы, көкірегі шерлі ақын, қазымыр заржақ шал, күлдіргі қу – қай ролі болмасын шеберліктің шыңы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, М.Мақатаев атындағы төсбелгінің иегері, Қазақстан Театрлары ассоциациясының «Сахнагер  – 2017» ұлттық театрлар сыйлығының лауреаты, күні кеше ғана Тәуелсіздік мерекесіне орай «Парасат» орденінің иегері атанды. Сол марапаттың ыстығы әлі басылмай тұрғанда Кендебай ТЕМІРБАЙҰЛЫНЫҢ «Жетісу» арнасындағы «Ой түбінде жатқан сөз» бағдарламысына берген сұхбатын елеп-екшеп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– «Адам өзінің туған топырағына тартып туады» деген сөз бар. Себебі, туған жердің табиғаты сіңірген нәр мен нұр оны аялай тербеп, алға ұмтылдырады, өмір құбылыстарына үңілдіреді, сұлулық сырларына құлшындырады. Сондықтан да әңгімемізді өзіңіз әрдайым төр жайлауды сағынған жылқыдай елеңдеп сағынышпен еске алатын, сәбиіңізде тербеткен, ержеткенде қияға құлаш серметкен алтын бесігіңізден бастасақ.

– Мен туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданын 1956 жылы КСРО-ның сол кездегі басшысы Н.Хрущев бастап, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов қолдап, Өзбекстанға беріп жібергенін білесің. Кейінірек Жетісай, Киров, Мақтарал қайтарылғанда біздің Бостандық ауданы Өзбекстанның жері болып қала берді. Жер көлемі 500 мың гектарға жуық аумақты қамтитын ауданның тұрғылықты халқы негізінен қазақтар. Бұл қасиетті жер ата-бабаларымыздың қанымен, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғалған мекен. Қалай күйінбейін? Азаматтық өз үнімді бала кезден жүрегімнің түбінде сақтап келсем, Әлихан образын сомдаған тұста сол зығырданым қайнап, запыранымды бір шығарып алғандай болдым.

Балалық шағым туралы сөз қозғасам анамның бейнесі көз алдыма келеді. Әкем Темірбай Калининград шайқасына қатысқан соғыс ардагері. Жарақатының зардабы да оңай болмай, ауыр бейнетпен көп жылдар жылқышы болып, боранның өтінде жүріп, ауру тапты. Әкем дүниеден өткенде үйдің төбесі бітпей, қамыспен жабылған болатын. Әпкем тоғыз жаста, мен жетіде, қарындасым үш жаста еді. Кенже інім Жарылқасынның өмірге келгеніне жеті-ақ күн. Біз бәріміз ержетіп, отын-суға араласқанға дейін Аққыз анамның арқасынан бау-бау буылған шөп түспеді. Біз үшін бір бұзаулы сиыр, екі-үш қой, ешкі ұстайтын. Солардың да қысқы азығын осылай жинап алушы еді. Жетімдіктің шері тағдырыма таңылып, базардың нарқы арманыма құрық, мақсатыма кісен салған сәтте бар ауыртпалықты анам көтеріп, қатарымнан қалдырмай өсіріп жеткізді. Әлекедей жалаңдаған әлеуметтік мәселелер мені тез есейтті. Мектептегі достарым жазғы каникулда пионер лагерьлеріне демалуға бара жатқанда мен ұжымшардың науқандық жұмыстарында жүрдім. Марқұм әкемнің көзін көргендер: «Сен әлі еңбекке жарамайсың, кішкентайсың» деп меселімді қайтармайтын. Жолыға кеткенде: «О, Темекеңнің азаматы келіп қалыпты ғой. Бұл бала жұмыстың түбін түсіреді әлі», – деп қолпаштайтын.

Аудан орталығындағы мектеп-интернатта  оқыдым. Ол кезде интернатта оқушыларға қойылатын талап әскери тәртіпке ұқсас еді. Ерте тұрасың, төсек-орныңды сыптай етіп жинап, өзің де тап-тұйнақтай киінесің. Кезінде оғаштау көрінетін осы әскери тәртіп бізді жинақылыққа, төзімділікке үйретті. Интернатта ауданға, облысқа танымал үрмелі аспаптар оркестрі болды. Жөргегімнен өнерге бейім болдым-ау деймін, әйтеуір, аз уақытта осы оркестрдің белді мүшесі болып алдым. Айына кем дегенде екі рет Ташкентке барып, Мәдениет сарайларының фойесінде марш ойнап, сахналарда өнер көрсетіп қайтатынбыз. 1967 жылы сегіз жылдықты бітіріп, Жетісай қаласындағы педучилищеге оқуға түстім. 1968 жылы күзде Жетісай қаласында мемлекеттік музыкалық драма театры ашылды. Мен оқуымды оқи жүріп, сол театрдың негізін салуға атсалыстым десем артық айтпаймын. Театрдың негізін қалаушы бас режиссер Қасымхан Шанин, артистер Жеңіс Қарғабаев, Мұхтар Өтебаев, Халық Саурықов, Төрегелді, Зарқын ағаларымыз, Зоя әпкеміз, Тасболат ағамыз бен Сәния жеңгеміз, Шолпан, Айғаным қарындастарымыз және театрдың бас дирижері Бөрі Исаев ағамыз болатын. Әлі есімде, театрды «Жалбыр» қойылымымен ашты. Мен сол кезде он алты жасымда сахнада Маусымжанның бетін аштым. Сондықтан да Жетісай қаласы мен үшін өте ыстық қала. Әнші бала атандым.

– Дән қанша асыл болсын қара тасқа тастаса не болатыны белгілі емес пе? Талант табиғат сыйы болғанымен, оның қанатының қатайып қалыптасуына көкірегінде көзі, аузында дуасы бар жекелеген адамдар атсалысады. Бойыңыздағы бұлықсыған бұла талант көзінің ашылып-аршылуына кімдер себепші болды?

– Педучилищедегі  ұстазым Алматыдағы консерваторияны бітіріп келген Бөрі Исаев Шамғон Қажығалиевтің шәкірті, хас шебердің өзі еді. Аз уақыттың ішінде өнердегі өкіл ағамдай, туған бауырымдай жақын болып кетті. Бөрі аға Төлеген Айбергеновтың, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқығанда  адамның жан-жүйесін босататындай, жүзіне ыстық қан тебетіндей күйге түсіретін. Біздің «артиспіз, кереметпіз» деп жүрген жастық асаулығымыз оның өнерінің жанында солғын тартып қалғандай болушы еді. Сол кісі мені өнерге: «Барсаң да барасың, бармасаң да барасың» деп алып келді. Мені оркестрмен қосылып ән айтуға бейімдеді. «Айттым сәлем, Қаламқастан» бастап, Абайдың бірнеше әнін, халық әндері мен «Абайдың ариясын» орындап жүрдім. Аудандық, облыстық, тіпті, республикалық байқаулардың қайсысына барсам да жүлдесіз оралмайтынмын. Лауреат, дипломант деген атақтарға да бой үйреніп, таң қалмайтын болдық. 1971 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінің актерлық бөліміне, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Наурызбаеваның шеберханасына оқуға түстім. Консерваторияны бітіргеннен кейін Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Шолпан Жандарбекованың курсын бітірген бір топ жас Талдықорған театрының іргетасын қалауға аттандық. Бұл дегенің жастардың өз өнерін жетілдіруге, жаңалықтар ашуға деген  керемет мүмкіндік болды. Біздің курс деген қандай, шіркін?! Шетінен әнші, биші, күйші. Қара сөзге де «сен тұр, мен атайындардың» нағыз өзі. Олар драма, трагедия, комедиялармен қоса, сахнада кенжелеп жүрген музыкалық шығармаларды құлпыртып жіберетін.

Сонымен, 1975 жылы Талдықорған театрының алғашқы сахна шымылдығы  Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен ашылғанда мен Қозының ролін сомдадым. Шолпан апайдың «алғашқы қырандарын» өнерсүйер қауым үлкен ықыласпен қабылдады. Сол жылдан бастап облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында актерлік қызмет атқарып келемін. Студенттік жылдарды қосқанда еңбек жолыма биыл елу жыл толады. Көлдерімен келбетті, өзендерімен өрнектелген, тауларымен асқақты, адамдарымен ардақты жер жаннаты Жетісуда жарты ғасыр ғұмырым өткенін Жаратушының маған берген бір сыйы деп ойлаймын. «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын алуым да осы өңірге сіңірген еңбегім мен Жетісуға деген махаббатымның жемісі. Осылайша өз көңілімнің күйін шерте, жүрегімнің әнін ыңылдай жүріп  Жомарт Айдаровтың «Туған жерім, өскен елім» деген өлеңіне ән жаздым.

– Сіз жайында әңгіме қозғалса жалпақ жұрт жақсы пікірін, жағымды сипаттамасын аямай төгіп жатады. Соның ішінде маған ұнағаны «Кендекеңде қиынның қыбын, қырсықтың қытығын табалатын ерекше қасиет бар ғой» деген сипаттама болды. Дегенмен де, сіздің еңбек жолыңызда  кейбір  жандармен  еркіңізден тыс «тіл табысуды» лайық көрмегендіктен театрдан біршама уақыт қол үзіп кеткен кездеріңіз болыпты.

– Адамның ойлағаны үнемі орындала бермейді ғой. Сол уақыттарда атқарған қызметтерімде талай жақсы адамдармен танысып-білісіп, сабақ болар жайларды санама түйдім. 1987 жылы сол кездегі Талдықорған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметіне жіберіліп, осы ұжымды үш жыл басқардым. «Талдықорған облысында айтыс ақындары жоқ» деген бір сөз сол кездері  намысыма қатты тиді. Ақын Сара Тастанбекқызының үлкен мерейтойы туып-өскен Қапал өңіріндегі Мұзбұлақта өтетін болды. «Айтыскер ақын жоқ» деген сөз қамшы болып, ел ішінен іздеуіміз сол екен, жасы 60-ты алқымдаған Қален Тәжібаевтан бастап  Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райыс, Жандарбек Бегімбетов сынды ақындар орайласып, топтала кетті. Ақсу, Алакөл, Кербұлақ сияқты аудандарда  айтысқа қатысқысы келетін талапкерлер үсті-үстіне табылып жатты. Еселі еңбектің арқасында басқа да күрмеуі қиын мәселелер рет-ретімен өз шешімін тауып жатты. Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысына  қосылған өлара шақта бірқатар актерлеріміз өзге театрға кете бастады. Сөйтіп, мен өзімнің сүйікті театрыма, сағындырған сахнама қайтып келдім. Келе салысымен Камал Әбдірахманның «Қаракерей Қабанбай» драмасындағы Ақтамберді жыраудың, Ш.Хұсайыновтың «Алдаркөсесінде» Алдарды, Камал Әбдірахманның «Мұнар да мұнар күн» қойылымында Махамбеттің  образын сомдауға кірістім де кеттім!

– Қашанда таланттар қарауылға бірінші ілінетіндей болып көрінеді. Бүгінде үзеңгісі аман үзеңгілестердің біразы жоқ. Қатарыңызды толтырып, тебінгі тебісіп тұрмайтыны өкінішті.

– «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген. Болашақ ұрпақ алдында, Жетісу жұртшылығы алдында  театрдың негізін қалаған балаң Қозы  – Тілек Әбжәлиді, қара жер қайысса да  Қарабай болып қайыспаған Асан Исаевты, Алтын Ружева апамызды, Оразғали, Сағымбек, Бәйтен ағаларымызды, кеше ғана қатар жүрген замандасымыз  Базарбек Ысқақұлын, құрдасым Нұрлан Әлбосыновты және бәрімізге қамқор болған Назарбек ағамыз бен Дәмен тәтемізді, артымыздан ерген әріптесіміз Құдашты қалай еске алмайсың?! Театрымыздың бас суретшісі Сұңғат аға, Қанат бауырымыз, әсіресе, өз ісінің шебері, жарық шебері, үлкен қойылымдарға жан беріп, уақытпен санаспайтын, мінезді, өнерге еңбегі таза сіңген марғасқа үлкен тұлға – Қасым Тұрсановты қалай ұмытамыз? Бізбен бір курста оқымаса да 1970 жылдан консерватория қабырғасында бірге жүрген, бірге оқыған қадірлі ағамыз Өмірсерік Қалиев нағыз өнер тарланы еді. Өлді деуге бола ма?! Өкініштісі, жаңа театрдың сахна қызығын көрмей кетті.

Аллаға шүкір! Біздің театрда Тілек досымның, Асан інімнің орнын басар ақын жанды жастарымыз баршылық. Абылай болған Тілегім, Қабанбай  атанып кеткен Өмекең, Ілияс бейнесіндегі Асаным, менің сүйікті ақ жеңгем, сыңғырлаған күлкісімен ерекше  Әлия Арысбайқызы жаңа театр ғимаратына кіріп келетін сияқты.

– М.Әуезов «Театр – таразы, сахна – сыншы» деп айтыпты. Кез келген халық рухани оянған сайын тарихтың талма тұстарын, күйініші мен сүйінішінің себеп, сырларын, бүгінгі қоғамдағы жақсылық пен жамандықтың төркінін, кешегі мен қазіргі тірлігінің арасындағы кемшіліктері мен кемелденудің аражігін ашып, ертеңгі күнінің қайда жетелейтінін білгісі келеді. Міне, осы тұста өткенін де, ертеңін де таразылайтын театр, мінді түзейтін сыншы сахна болса керек. Сіз сомдаған Әлихан ролі осының бір дәлелі. С.Әшімбаевтың «Қазақтың қасіретін білмеген қасиетін білмейді» деген сөзі бар. Әлихан сияқты тұлғаны сомдап шығу үшін сол заманның бар қасіретін бойыңызға сіңіре алдыңыз ба? Осы ролге қалай келдіңіз?

– Бұл Алашорда үкіметінің 100 жылдығына және ұлт көсемі Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығына орай сахналанған Қазақстанның халық әртісі, қоюшы режиссер Ерсайын Төлеубайдың  «Алаштың Әлиханы» атты тарихи драмасы ғой. Драма трагедияға құрылған. Бір адамның басындағы трагедия емес. Қазақ халқының қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінен көрген зорлық-зобалаңы, қайғы-қасіреті, нәубеті. Оқиғалар тарихи шындыққа негізделген. Әрине, Әлихандай әйгілі қазақ зиялысының образын сомдау оңай емес екені анық. Әлиханның саяси бағыттағы біліктілігін, батылдығын, халқым деген қабырғасы қайысқан ұлтжандылығын, ұлт мәдениеті мен өнерінің, әдебиеті мен баспасөзінің нағыз жанашыры, қамқоршысы тұрғысындағы ұлы бейнесін шебер көрсетіп, ашық бояумен нақышына келтіре ойнау, образын ашу оңай болмады.

Талай тер төгілді, талай түн ұйқысыз өтті. Бір сүріндік, бір тұрдық. Жоғарыда айтып өткенімдей, бала кезден жүрегімде қалыптасқан, қатты толғандырған ел, жер мәселесі Әлиханның образын барынша сомдауға әсер етті. Бағасын көрермен берер, беріп те жатыр. Кезінде Гогольден кейбір замандастары «Ресейді осыншама неге құбыжық етіп көрсеттіңіз?» деп сұрапты. Сонда ұлы жазушы ешбір ойланбастан: «Халқының болашағын ойлайтын азаматтың шынында да біз не боп бара жатырмыз деп, намысын оятып, жанын күйзелткім келді», – деп жауап берген екен.

Мен де көрерменге ой салу үшін Әлихан болып күңіреніп, адамдық асыл қасиет пен шынайы адамгершілікті көксеген, мансаптан да биік мұрат бар, атақтан да зор қуаныш бар деп санаған, ұлыстың мерейі, ұлттың болашағы үшін еңбек еткен, елдің ертеңі үшін құрбан болған азаматтардың біз не боп бара жатырмыз деген ойын жеткізуді мақсат тұттым. Көрерменнің жүрегіне иненің жасуындай сәуле шаша алсам, ол менің актерлік бақытым. Бір тамшы болса да қазақ театр өнеріне қосқан үлесім деп білемін.

– Батыстың бір ойшылы «Таланттар провинцияда туады, Парижде өледі» деп айтыпты. Яғни, дарынды адамдардың барлығы ел астанасында жүруі керек деген ойға итермелеп тұрғандай. Сіз бір сөзіңізде «Облыс орталығы Алматыға көшіп, біраз актерлер жылы жер іздеп кеткен кезде өз театрыма қайта оралдым» дедіңіз. Сіздің де сол тұста Алматыны немесе астананы жағалап кетуіңізге мүмкіндіктер болды ғой. Бүгінде облыста қалдым деп өкінбейсіз бе?

– Ешқашанда өкінбеймін. Алматыға да, елорда театрына да шақыру алған кезіміз болды. Бірақ өзіміз ашқан Талдықорған театрын далаға тастап кеткендей болғымыз келмеді. Облыс тарағанда қиын-қыстау кездерді бастан өткізсек те  сүйікті театрымыздан қол үзгеміз жоқ. Өйткені облыстық мекемелер Алматыға ауа көшкенде жалғыз облыстық статуста қалған өнердің қара шаңырағы саналатын бұл біздің театр еді. Арада санаулы жыл өткенде тап осы театр сахнасында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшіру туралы шешімге қол қойды. Мұндай сахнаны киелі демей не дерсің?! Аллаға шүкір, Елбасымыз қолдап, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жаңа театр ғимаратын салып берді. Бұл Жетісу жұртшылығының да қуанышы. Біздің театр жастарының жарқын болашаққа, өнер додасына жасқанбай сеніммен еңбек етуіне толыққанды жағдай жасалғаны деп білеміз.

– «Мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны – ғұмырды мінсіз шығармаға айналдыру» депті Асқар Сүлейменов. Талай асулардан өттіңіз, талай биіктерді бағындырдыңыз қолыңыздан келгенше ғұмырыңызды мінсіз шығармаға айналдыруға тырыстыңыз. Бүгінде бір әулеттің алып бәйтерегісіз. Көп адамның жел жағындағы панасы, күн жағындағы саясы болып отырсыз. Дегенмен де алып бәйтерек болу үшін құнарлы топырақ, самал жел, таза су керек емес пе? Ол, әрине, жастайыңыздан жан серігіңіз, бір жағы әріптесіңіз Алмахан Кенжебекова екені анық.  Әр адам өзінше сыр сандық, ашылмаған, зерттелмеген қазына ғой. Көп жылдар тату-тәтті өмір сүріп, таңдайдан кетпес дәм татысып, көкейде жүрер тәтті сөз айтысып сырластыңыздар. Біреу біліп, біреу білмейтін көп қырлы өнер адамын көпке қалай таныстырар едіңіз?

– Қазақта «Қолдасқанды құдай да қолдайды» деген сөз бар. Алмахан екеуміз өмірде де, өнерде де қолдасып бірге келе жатырмыз. Құдайдың қолдағаны болар, бақытты отбасылардың біріміз. Бойындағы айрықша сезімталдық, жан дүниесінің жылуы мен жүрегінің жұмсақтығы, мейірім мен қайырымы, адамға сенгіш көңілі, адамдарға деген ақкөңіл, аңқылдақ пейілі өмірдің қиын өткелдерінде болсын, мерейі тасып, қуанышты күндерде болсын, бір сәт өзгерген емес. Бізді өнер, арман тоғыстырды. Не көрсек те бірге көріп келеміз. Бұл күндегі абырой, атақ та жайдан-жай келе қойған жоқ. Сахнаның, өмірдің сан қырлы сын сағатынан бірімізге-біріміз сүйеніп, сүрінбей өттік. Өнердің өз бораны, өз ыстық-суығы, ой-қыры болады. Шыдасаң өттің, шыдамасаң құрдымға кеттің. Маған сүйеу, өнеріме жанашыр тірек болды. Қайта оның алдында менің әлсіздік танытқан тұстарым болмады емес, болды. Актердің тағдыры режиссердің қолында. Қаншама мүмкіндігім бола тұра  сынып кеткен сәттерде, жан серігім, жан-жарым менен артық күйді. Бойындағы өмірге, өнерге деген құлшыныс пен күш-жігерді биіктен құлап аққан сарқырамалар мен тасқынды өзендерден, ал бастау бұлақтардан тазалықты, көктем шыға көздің жауын алатын сан алуан гүлдерден талғампаздықты алса, тектілікті сонау шың басындағы шаңқылдаған қырандардан алғаны даусыз. Осының бәрін бала күнінен бойына сіңіріп, болмысын қалыптастырды.

Жетінші сыныпқа дейін ұлша киініп, доп қуып, ұлдармен алысып-жұлысып, керек болса төбелесіп, ұл бала боп өсіпті. Сондықтан болар, ер мінезді, батыр. 7-сыныпта қыз көйлегін кигізуінің өзі бір қызық оқиға. Алмаханның ең басты қасиеті – өз кәсібіне деген адалдығы дер едім. Сегіз қырлы, бір сырлы деп бір адамдарға баға береміз ғой, міне, осының барлығы оның бойында бар. Тереңнен тартып айтатын білімді, таңдайды қуырып айтатын тапқыр. Естігенін, көргенін, оқығанын ой елегінен өткізіп, өз көзқарасын қалыптастырды. Әнші, сазгер, домбырашы, жас кезінде күй де шығарған. Ақындығы, көркемсөз оқу шеберлігі, актерлігі, тағысын тағы, кітап жазды. Сондай-ақ, екі пьеса жазды, біреуі инсценировка. Нағыз өнер адамына тән бар қасиетті іздер болсаңыз, Алмаханның бойынан табасыз. Ұлағатты ұстаз. Ұл-қыздарына, немерелеріне деген махаббаты шексіз. Өмірін тек соларға арнаған жан. Кейде сол үшін де сөзге келіп қаламыз.

Аллаға шүкір, ұл-қыздардың, келіндердің, күйеубаланың әрқайсысы бір отбасы. Аяулы ана, мейірбан әже, сүйікті жар десем де  театр десе отбасын ұмытып кететіні тағы бар. Театрдың барлық тіршілік тынысына күйеді де жүреді. Қолынан келгенше жастарға өнеге болсын, біз тұрғанда театрдың туын жоғары ұстап, соларға 70 жастан кейін аманат қып тапсырып, өзіміз солардың ата-апасы боп жүрсек болды деп қояды. Көңілі көктем ғой. Мінезге бай. Әнін шырқап, биін билеп, әңгімесін айтып жүре береді. 49 жыл бірге жүрміз. Отбасы болғанымызға 48 жыл. Әулетіміздің тірегі, ақылшысы. Қайнылары, қайын сіңлілері, жиен бауырларым да Алмашымның айтқанын екі еткен емес. Өзі де олармен сөйлескенде ерекше бір зейін-зердемен, ықылас таныта, іш-бауырына кіре, жанына тарта әңгімелеседі. Әлі де бойында сарқылмаған шығармашылық мүмкіндігі бар. Нағыз Сәбира, Бикен, Фарида, Шолпан апаларымыздың ізбасары дер едім. Өз кәсібінің сенімді сарбазы, керек болса қолбасшысы.

– Шаршы топтан сұңғыла болып суырылып бара жатқан кісі де бір мөлшерді көңіліне түйіп кетпек үшін артына бұрылып бір қарайды. Қараған сәтте бар екен ғой, өнерлі жастар өсіп келеді екен деген ой келе ме? Жалпы жас ұрпақпен, оқушылармен шығармашылық, ұстаздық байланысыңыз бар ма?

– Үш жылдан бері облыстық Оқушылар сарайы жанында «Жас актер» үйірмесі деген шеберхана орталығы жұмыс істейді. Тәлімгерлерге бар білгенімізді үйретіп жүрген жайымыз бар. Екі-үш жылдың ішінде оқушы балалардың күшімен бес-алты автордың шығармасы бойынша қойылымдар сахналанды. Мәселен, ақын Болат Шарахымбайдың ақ өлеңмен жазылған Желтоқсан құрбандарының 30 жылдығына арналған «Желтоқсанның 16-17-і қандай күн?» атты поэмасы, сол сияқты «АЛЖИР» деп аталып кеткен Қарағанды лагерінде репрессия құрбаны болғандарға арналған зұлмат заманның қара ниетін ашық айғақтайтын, тарихи шындыққа негізделген Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» немесе «Қыз жылаған» поэмасы негізінде қойылған туындылар көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Болашақта Оқушылар  сарайының ғимаратында поэтикалық балалар театрын ашу мақсатында игілікті істер атқарудамыз. Алмахан Кенжебекованың «Жаңажылдық ертегі» думан бағдарламасы да екі жылдан бері атқарылған еңбегіміздің тағы да бір айғағы. М.Мақатаев ағамыздың туған күніне арнап поэтикалық кеш өткіздік. Автордың «Алтай-Атырау» поэмасын сахналадық. Әрбір тәлімгер ақын жүрегінен шыққан өлеңдерден қанаттанып, жырға деген сүйіспеншіліктерін паш етті. Жеткіншектеріміздің поэзия әлеміне деген құштарлығын көріп баладай қуандық.

ТҮЙІН: Кейде өнер адамының балалығына, кейде даналығына таңғаласың. «Біздер, біздер патшадан да паңдармыз, біздер, біздер біреулерге арманбыз» деп Есенқұл ақын айтқандай, актер бірде қыран, қияға қонады, бірде адам, далаға да қонады. Жаны оңай жараланады, оңай жазылады. Ең бастысы, жүрегіне кек тұрмайды. Міне, осындай кеңпейілді, езуінен енші бөліп беретін дарынды актер, дара тұлға Кендебай Темірбайұлының ой түбінде жатқан сөздері осындай болды.

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Алматы облысы