"ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ": РАУАН РАҚЫМБЕКОВ ГАЗЕТ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1066
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы жыл еліміз үшін табысты жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміз қарыштай дамып, әлеуметтік салада, экономикада, ғылым мен өндірісте, білім мен мәдениетте үлкен жетістіктерге жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары мен тың идеяларының да нәтижесінде еліміз дамудың жаңа бағытына түсті.

Қазақстанның қазіргі таңдағы жеткен жетістіктері халқымыздың ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Бірер күнде 2019 жыл тарих қойнауына еніп, күнтізбенің жаңа парағы ашылып, жаңа жылға қадам басамыз. Ауданның тыныс-тіршілігіне қарап, өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ деуге болады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Ескелді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалды.

Ауданда 2818 шағын және орта бизнес субъектілерінде 5251 адам жұмыс істеп, 14,9 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, осыған сай халыққа қызмет көрсетілді. Құрылыс саласында 6520 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауданда 1136 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, ағымдағы жылдың 10 айында 1378 жаңа жұмыс орны ашылып, біраз күрделі мәселе шешімін тапты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту» бағдарламасы шеңберінде барлық үш бағыт бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Жалпы Ескелді ауданы Жетісудың ең шұрайлы жеріне орналасқан. Қысы жайлы, жазы берекелі өңір. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына өте қолайлы.

Мәдени-рухани құндылықтарға да жыл сайын сұраныс арта түсуде. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, аудан көлемінде өткізілген барлық іс-шаралар ауыл мәдениетін көтеруге, жастарды өнегелі істерге тәрбиелеуге бағытталып, өз жемісін беріп келеді.

Ауданға қарасты 13 Мәдениет үйі мен клуб, 15 кітапхана, 1 мұражай халықтың рухани сұранысын қамтамасыз етіп келеді. 

Міне, біздің осындай игі істерімізді халыққа жеткізіп, бұқара мен биліктің арасында алтын көпір болып келе жатқан басылымның бірі – облыстық «Жетісу» газеті. Күнделікті өмірде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтар қай заман болсын газет пен журналдардың бетіне жариялануын тоқтатпайды. Ал осы жаңалықтарды халыққа жеткізетін журналистер қауымы үлкен құрметке лайық. Қоғамдағы төртінші билік өкілдері халықтың қамын ойлап, мұң-мұқтажын тыңдап, көптеген мәселелердің өз шешімін табуына ықпал етуде. Сіздердің еңбектеріңіз ел алдында өз бағасын алып, абыройларыңыз көтеріле берсін. Келер жыл да табысқа толы болғай.

Рауан РАҚЫМБЕКОВ,

Ескелді ауданының әкімі

Алматы облысы