ЖАРАЙСЫҢДАР: ЖМУ ЖАСТАРЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДЫ БЕРМЕЙ КЕЛЕДІ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 932
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті педагогика және психология факультетінің білімгерлері Қазақстан мен ТМД елдерінде өткен конференция, олимпиада, спорттық және шығармашылық сайыстарда жастыққа тән жалыны және білім көкжиегінің кеңдігімен жүлделі орындарға ие болып келеді.

Атап айтсақ, 2018 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен  республикалық студенттік ғылыми-зерттеу байқауында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының білімгері Маргарита Бондарь ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, ол «Қазақстанның 100 үздік көшбасшы студенті» атты республикалық байқауда жеңіске жетіп, есімі «Жылдың үздік студенті» атты кітапқа енгізілді. Ол, сондай-ақ, «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Ал әлемдік экономика бойынша қашықтан өткізілетін халықаралық олимпиадада ІІІ дәрежелі дипломын алды.

Кафедра тәлімгерлерінің жеткен жетістігі мұнымен бітпейді. Мысалы, тәлімгеріміз Аида Құспанова республикалық ғылыми-зерттеу байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының білімгері Айдана Мұқат «Жаңартылған бағдарламалар бойынша бастауыш білім беруде топтық жұмысты ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсына қатысып, ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді. «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының білімгері Евгения Телятникова армрестлингтен Ашық Азия кубогында І орыннан көрінді. Сонымен қатар, Евгения Телятникова  армрестлингтен Анталияда  өткен  әлем чемпионатында ІІІ орынды иеленді.

Университет тәлімгерлері алыс-жақын шетелдердегі семинар, конференциялардан қалыс қалып көрген жоқ. Мысалы, «Дефектология» мамандығының білімгері Виктория Карабут Ресей Федерациясының Пенза қаласында өткен «Ғылым мен білім берудегі инновациялық үрдістер» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Көшбасшылық білім ордасының қыз-жігіттеріне тән қасиет. Сөзімізді дәлелдер болсақ, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының білімгері А.Құспанова мен А.Арыстанова «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен Үздік студенттер академиясы ұйымдастырған халықаралық «ҮЗДІК СТУДЕНТ» жобасына қатысып, ІІ дәрежелі диломмен марапатталып, мерейлері өсті. Байқау – Нұр-Сұлтан қаласында  «ХХІ ҒАСЫР КӨШБАСШЫСЫ» жобасы аясында өткізілген еді. Сонымен қатар, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының білімгері А.Биссирова Ресей Федерациясының Пенза қаласында өткен «Студенттік ғылыми жетістіктер» атты халықаралық ғылыми-зерттеу байқауында І орын алды. Пәндік олимпиада бойынша өткізілген жарыстарда да біздің тәлімгерлер топ жарып келеді.

Атап айтар болсақ, «Педагогика және психология» мамандығы бойынша XI республикалық студенттердің пәндік олимпиадасында педагогика және психология факультетінің білім алушылары Ақбаян Сүниятова, Маржан Мұқан, Шырай Нұрлыбаевалар жүлделі 2-ші  орынды иеленді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын бақ сынасуларда тәлімгерлер өздерінің танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін дәлелдеп, басып озды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бірігіп, Сатыбалды Жақыповқа арнап өткізген олимпиадада «Педагогика және психология» мамандығының 2 курс магистранты Э.Аслан І орынды иеленді. Ал «Педагогика және психология» мамандығының 3 курс студенттері Т.Жұманғазиева мен С.Нұрлыбаевалардың білімдері тең  түсіп, жүлделі  II орынды еншіледі.

«Білгенге дүние кең» демекші, сәулелі дүниенің сарайы әсем әрі ғажап! Жастарымыздың талап пен талпынысы күшті! Факультет тәлімгерлерінің ізденісі мен табандылығы әлі талай жетістікке жетудің дәлелі іспетті.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды