"ЖІҢІШКЕ ЖІПТІ ҮЗДІК": ЖҰМАБАЙ, РАМАЗАН, ЖАНДАРБЕК - ҮШ БУЫННАН ҮШБУ ОЙ

Уақыты: 30.12.2019
Оқылды: 916
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәрбие – мәңгілік тақырып. Сол себепті ол турасында қанша толғансақ та артық етпейді. Бала тәлімі, қоғамдағы адам тәрбиесі, жалпы ұлттық үлгі-өнеге – осының бәрі адамның қалыптасуына ғана емес, қоғамның да алға жылжуына әсер ететін үлкен күш. Осы орайда үш буын өкілінен бүгінгі тәрбиенің мән-маңызы мен кемшіліктері, ұлттық педагогиканың қыры мен сыры жайында сұрап көрген едік.

АҒА БУЫН

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазір әлемдегі ең мықты оқу орындарында қазақ жастары оқып жатыр. Біз соған қуанамыз. Бірақ бір нәрсені ұмыт қалдырамыз. ХІХ ғасырдың зиялылары да шет елдерде оқыды. Әлемдік білім ала тұра олар түбінде ұлттық тамырға қарай бет бұрды. Көп жауапты Абайдан тапты. Қазіргі қазақ қоғамында Абай өзекті емес болып көрінуі мүмкін. Ұлттық тәрбиеге келгенде Абайдан нәр алуымыз керек. Он жерден шет елден оқып келсін, ұлттық тамырға оралмайынша көсегеміз көгермейді.

Шындығы керек, қазір ауылдан, ұлттық тәрбиеден алыстап кеттік. Бұл мәселе өте көкейкесті. Ер мен әйел, әке мен бала, шеше мен қыз арасындағы қарым-қатынасты жоғалтып алдық. Бабадан келе жатқан жіңішке жіпті үздік. Біз осыған алаңдауымыз керек. Қазақилығымыздан ажырап, басқа ұлтқа айналып барамыз. Енді бір отыз жылдан кейін бүтін бір басқа ұрпақ өмірге келеді. Солар ұлттық құндылығымызды сақтай ала ма? Ата-баба аруағын, әке-шешенің айтқан сөзін құрмет тұта ма? Олардың әлеуметтік жадысында осы нәрсе жаңғыра ма? Олай болмас үшін жемқорлық, ұрлық-қарлықтан ада болып, ұят деген нәрсеге қайта айналып келуіміз керек.

Өнері жоқ адамдар шындықты айта алмайтынын меңзейді Абай. Қазір өнерсіз халық болып бара жатырмыз. Сырттан сөйлейміз. Ішкі мәдениет, бетке айту деген жоқ мүлде. Осыны қалыптастыру керек. Сондай-ақ, таныс арқылы тіршілік ету ұятқа айналуы тиіс. Басты тәрбие осы болуы керек.

Балаларды мейлінше еркін тәрбиелеп жатырмыз. Ол жақсы. Бірақ шындықты айтудың да өзіндік мәдениеті, жолы бар. Соны пайдалануымыз керек. Бірақ бәле қуудың қажеті жоқ. Тек қана шындықты айтуға деген ұмтылыс керек. Ұлттық тәрбиенің негізі – шындықты айтуда. Ұлтық тәрбиеден ауытқып кеттік, құндылықтар ауысып кетті. Салт-дәстүр, ырым деген нәрселер де ескіріп барады. Үлкеннің көңіліне кір келтірмеу, ананың жүрегіне жара салмау, баланы жетім қалдырмау – осының бәрі ұлттық тәрбие. Бірақ оған қайта оралуымыз керек. Бұл орайда үлкен бір институт жұмыс істеуі тиіс. Қазақ халқының ұстанымдарын қайта тірілтуіміз қажет.

ОРТА БУЫН

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Мен өз басым балаларымды тілі шығып, ес біле бастағаннан ауылдың қасиетін сездіріп, ондағы қаймағы бұзылмаған қариялардың әңгімесін тыңдатып өсірдім. Қазақ мектебіне бердік, тілдерін қазақша шығардық. «Қазақ деген кім?» деген сауалды санасына сіңіруге тырыстық. Әр нәрсенің парқын білуге, жақсы мен жаманды ажырата алуға, кеңпейілдік, кішіпейілдік, сыйластық, адамгершілік, қамқорлық, жанашырлық сынды қасиеттерді дарытуға күш салдық. Өзіміздің ата-анамыздың берген үлгі-өнегесін балаларға үйреттік.

Менің әжем үнемі: «Балам, көптен қалма», – деп отыратын. Кейін неге олай айтатынын ойланып көрсем, «алдыда жүрсең көз тиеді, артта жүрсең сөз тиеді, қатарыңнан қалма» дегені екен. Бала кезден жадымда мен үшін әкем-шешем, мұғалімім жерге қарамау керек деген түсінік болды. Сол үшін дұрыс жүріп-тұруға тырыстым. Сол өнегені балаларға сөзден бұрын іспен көрсетуді жөн санадым. Баяғы билер, шешендер адамдарға дәріс оқыған жоқ қой, бір ауыз сөзбен кесіп айтты, аңғартты, талай істің шешімін көрсетті. Үлкеннің кім, кішінің кім екенін, әркімнің орнын, артық кеткен жерін айқаймен емес, ақырын ымдап отырып жеткізді.

Жалпы адам үшін айнымас үш қағида бар. Ол – өмірден өз орныңды табу, қоғамға пайда келтіру, ұрпақты дұрыс тәрбиелеу. Бүгін тәрбие беріп жатқан ұрпағым ертең кім болып қалыптасады, соған мән беруіміз керек. Қазір әр елдің мәдениеті есігімізден ентелеп тұр. Оның бәріне төтеп беретін бір-ақ күш бар, ол – ұлттық тәрбие. Адамның жан-дүниесінің рухани биіктігі. Осы нәрсе ғана қазақты сақтап қалады. Сондықтан мен қазақпын, осы елдің азаматы, шынайы патриотымын деген адам ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі жолды сақтай білуі тиіс.

Қазіргі қоғамда тілдің рөлі әлсіреді. Салт-дәстүріміз кенжелеп қалды. Балалар кімге еліктеп, қайда кетіп бара жатқанын білмейді. Оның үстіне үштілділікті таңып қойдық. Бұл өзін танып-білмеген баланы одан сайын адастыру. Олай болмасын десек, өз баламызбен өз тілімізде сөйлесуіміз керек. Бірінші ұлттық тілдің уызына қандыруымыз керек. Тіл білмегеннен кейін дәстүр жоғалады. Тілі мен дәстүрі жоғалған халықтың жойылуы да таңсық емес.

ЖАС БУЫН

Жандарбек БҰЛҒАҚОВ,

ақын:

– Бала тәрбиесіне келгенде мына бір дүниені алға тартар едім. Бұрын мектептерде «Аналар мен қыздар жиналысы» және «Әкелер мен ұлдар жиналысы» болатын. Мен осы әдісті қос қолдап тұрып қолдар едім. Бізде көбіне ата-аналар жиналысына аналары барып қатысып жатады. Ұл баланың қайсар да жігерлі болып өсуі үшін әкенің тәрбиесі керек-ақ. Өйткені, бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Осы әдісті барлық мектептер қолданар болса, талай кесапаттың алдын алар едік.

Жалпы, тәрбиеде ана мен әке рөлін арттырған абзал. Өйткені, бала үшін ата-анадан асқан тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі. Тәрбие балаға сөзбен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз «Мың рет айтқанша, бір рет көрсет», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген  ұстанымдарды темірқазық еткен. Баланы жасынан тәрбиелеген. Тәрбиедегі қайбір істі де ұсақ-түйек деп қарамаған. Бүгінгі қоғамға да осындай жауапкершілік керек. Ол үшін ата-ана өз міндетін дұрыс атқарып, тәлім-тәрбиенің алтын ұясы – отбасының негізін берік қаласа, онда тәрбие алған балалар да жаман болып шықпайды.  Мектеп ата-ана берген тәрбиені одан ары байытып, толықтырып жатса, алынбайтын қамал, қол жетпейтін биік болмас еді.

Міне, тәрбие тұрғысында үш буын өкілі осылайша пайым жасады. Одан қорытарымыз, баланы ұлттық құндылықтарға сусындатып өсірсек, тәрбиеде үлкен жетістікке жетеріміз сөзсіз. «Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең» демекші, жақсы үлгі-өнеге көріп өскен адам өмірде ешбір жаман қылық, іс-әрекетке бармайды. Бұл орайда «Баланы 5 жасқа дейін мәпеле, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, ал 15-тен асқан соң досыңдай сырлас» деген даналық ойды шамшырақ етсек, ұтылмайтынымыз анық.

Алма ЕСЕНБАЕВА