ТЕМЕЖАН (әңгіме)

Уақыты: 01.01.2020
Оқылды: 1528
Бөлім: РУХАНИЯТ

Уақыт деген – көңілмен жарысқан көк дөнен. Әне-міне дегенше зу етіп өте шығады. Мүмкін керісінше, уақыт мәңгілік, ал көк дөненше зу етіп өте шығатын адамның өмірі. Күні кеше ғана туған Темежан ат жалын тартып мінер азамат, қыз айттыруға жарайтын бозбала шаққа да келіп қалды.

Құдалық мәселесін алдымен қозғаған, Есукейдің бақытына жолыққан, соғыста ауыр жараланып келген кезінде өмірін сақтап қалуға Ұлы Жаратушыдан кейін бірден-бір себепші болған, ошағының ұйытқысы, көзінің қуанышы – Керім-Көзен. Төркіндеп барған жерінде Тай-Шешеннің қызын көрген, ақылына көркі сай Бөртеге бірден көңілі түскен. Есукей қарсы болайын десе, Керім-Көзеннің төркінінен келін алуының ол үшін қаншалықты қуаныш екенін байқап, мақұл көрген.

Арадағы барыс-келіс, алыс-беріс жоралғылар араларын тез жақындатып, көңіл жақындығы бірін-бірі құдам бар деп арқа тұтатын жағдайға да келіп қалған болатын. Бұл жолғы барыс – арнайы құда түсу рәсімін атқарып, қоңыраттың төбе биімен төс қағыстырып қайту. Бұл құдалықты мақұл көруінің тағы бір себебі, іргелі ел қайын жұрты қоңыратпен одақтас болуы келешекте құратын Ұлысының іргесін бекемдеп, керегесін кеңейте түсерін де пайымдаған.

Алдын ала хабардар Тай-Шешен құдалыққа келе жатқан топты Шегжер мен Шығарғының аңғарынан өзі шығып, қарсы алды. Бұл әне-міне қаған болайын деп тұрған баһадүр құдасына көрсеткен құрметі. Есукейдің күндіз-түні ат үстіндегі қажырлы жорықтарынан, керей ханы Тұғырылмен андаласқанын, аяқ астынан жасалған жойқын шабуылмен басқыншы Ерек-Қараны қуып шығып, Тұғырылға ордасын тартып әпергенін, бәрін-бәрін құлағы түрік, көкірегі зерек төбе би білетін.

Амандық-саулық сұрасып, мөлдір бұлақ басындағы ағаш көлеңкесінде қымыз ішіп, сәл тыныққан соң Тай-Шешен ауылға бастады. Салтанатты топ алдында екеуі оңаша келе жатыр.

– Балаңыздың нышанды қалы бар екен, жүзі де нұрлы, болайын деп тұрған ұлан. Жаратқан тіл-көзден аман қылсын, – деп разылығын білдірді.

Жеке сөйлесуінің тағы бір себебі – кеше көрген түсін айтты.

– Бір ақ сұңқар қос шеңгеліне ай мен күнді қатар іліп алып, қолыма келіп қонған екен деймін. Сіздің балаңызды әкеліп, оның үстіне өзіңіздің дидар көрсеткеніңіз сол түсімнің келгені дедім. Әрі екі жақтағы ата-баба аруағының қолдауы екен деп жорығам.

– Лайым солай болғай, жорыған түсіңіз қабыл болсын! Басқа балаңның жөні бір бөлек, тұңғышың ыстық болады екен, құда! Есік көру жоралғысы біткенше көзіңізден таса қылмағайсыз. Бұрын үйден шықпаған бала, сағынып қыңқылдаса, сенімді адам қосып, қайтарып жіберерсіз. Сағынуды Темежанға сілтегенім болмаса, бұл менің өз жайымды ойлағаным, – Есукей батырға тән шын көңілімен жадырай күлді.

Ертеңіне екі жақтың құдаласу, баталасу рәсімі біткеннен кейін Есукей тобы қайтатын болды. Аттанар кезде Темежанның қалатыны Есукейдің көңілін астан-кестен етіп, әлдебір алай-дүлей күйден ажырай алмай-ақ қойды. Әке балаға сыншы – Темежанның басқа баладан ерекше екенін іші сезеді. Бұл оның сыртқа шығаруға қимайтын көңіл төріндегі құпиясы. Бар тілегі тіл-көзден аман болса екен. Тай-Шешеннің қолында Темежанға жайсыз бола қоймасын біле тұра, қоштасарда жүрегі лоблып, шекесі шыңылдап, ерекше күйге түсті. Не де болса ешқашан басынан кешпеген ғаламат жағдай.

Бала дегенің әп-сәтте жігіт боларын, оның да өзіне тән бөлек өмір иесі  екенін ескермейді екенбіз, бірақ қыран өз бетімен ұшпай, топшысы қатая ма? Олардың өсіп ер жеткенін, өзіңнің кәрілікке бір табан жақын қалғаныңды байқамайтының қызық.

Есукей өз ойына мырс етіп күлді. Екі күннің бірінде өмір мен өлім айқасқан мына заманда кәріліктің ауылы мүлде алыс шығар. Күндіз-түн демей қол бастап, ел мен жерді жан-жақтан анталаған жаудан қорғау керек. Ағайын-шонжарлар жеңіске жеткен сайын қуанудың орнына бұған әлдеқандай күдікпен қарайды. Істің қайда бет алып бара жатқаны – көре алмаған ағайын үшін әзірше биліктен айырылу. Есукей қаған сайлана қалса, бүкіл бостандығынан айырылу деген сөз. Есукейдің керей ханы Тұғырылмен андаласуы – меркітпен, татармен күресетін қуатты одақтасқа қолын жеткізді. Енді олардың Есукей жеңіліс табар деген әлсіз үміті түгелімен өшті.

Сары-Қырда¹ татардың² үлкен құрымы³ ашылды. Бірінші күннің түскі асын ішкеннен кейін Есукей өзін өте жайсыз сезінді. Тездетіп үйіне жетуден басқа ештеңе ойына келмеді. Қатты ауырып қалғанын білді. Ал үйге жетер жерде көз алды тұманданып кетті.

– Маған у берді, мен кетіп барам, – әр сөзін зорлана айтты. Сәлден кейін бар күшін жиып:
– Меңлікті шақырыңдар, – деді. Меңлік келіп Есукейдің қасына тізе бүкті. 
– Тездетіп бар да, Темежанымды алып қайт. Мен туралы әзірге ешкім ештеңе білмесін. – Ес пен ақылдан, сабыр мен батылдықтан жаралған, сырт келбеті көз тартқан Есукей баһадүр өсиетін бітірісімен үзіліп кетті. Ең соңғы ойлағаны «Қоштасарда Темежанды қайта көрмейтінімді білген екем» болды.

Адамзат үшін бір адамның өмірі саналатын қырық  жыл – мәңгіліктің қас-қағым сәті тағы да зу етіп өте шықты.

Сеңгір өзені бойындағы Қара-Зұрық өңірінің Көк-Нөр⁴ деген нулы жеріндегі Темежан ордасы. Екі босағасы мен арт жағына ақ шаңқан тоғыз құйрықты үш Нән-Тұқ⁵ орнатылған. Қаған көтеру рәсімі. Ішінен ел көшетін кемеңгер, үйсін Көксес абыздың жалынды сөзінен кейін нояндар Темежанның алдында ақ киіз төседі.

Темежан ақ киіздің үстінде малдас құрып отырды. Көз алдына әкесінің бұлыңғыр бейнесі келді. «Әке, мақсатың орындалды», – деді іштей күбірлеп. Есукей баһадүрдің аса тартымды келбеті тұман ішінен айқындала келе бұған ризалықпен жымия қарады. Дәл осы кезде нояндар бір кісідей еңкейіп, Темежан отырған ақ киізді жерден көтеріп алды.
_______________
Сары-Қыр¹  – Барқытбел жотасы.
Татар² – кіші жүз рулары.
Құрым³  – үлкен жиналыс, ауқымды басқосу.
Көк-нөр⁴ – көк майса, Көкну деген жер аты.
Нән-тұқ⁵ – үлкен ту, Орда туы.

Данияр ӘЛБОЗЫМ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың иегері, этнограф

Сурет ғаламтордан алынды