"ӘКЕДЕН ЕРТЕ ҚАЛДЫҚ": ОҚУШЫЛАР ӘМІРЕ ӘРІННІҢ ӘҢГІМЕСІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 23.02.2020
Оқылды: 1170
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр сайына жыр қонақтап, әр бұтасына өлең ұялаған қасиетті Жетісу жерінде өмірі өнермен, өлеңмен астасқан дара дарындар аз емес. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облыстық департаменті жанындағы ақпараттық-ағарту жұмыстары жөніндегі облыстық штабтың мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре ӘРІН сондай тарлан таланттардың қатарында. Қасиетті сөз өнерінің қадіріне жеткен ақын, журналистік қарбалас қызметінен қолы қалт еткенде шабыт тұлпарына мініп, өлең өлкесіне өзіндік дара жолын салған басшымыз бұл жолы Талдықорған қаласындағы №15 орта мектеп оқушыларымен жүздесіп, ғибратты да өнегелі әңгімесімен бөлісті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Толқын ғұмыр» тақырыбында өткен рухани кештің шымылдығын ақжарма лебізімен ашқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржан Қалиев «ел мұңын Едігедей қаузаған» ерен тұлғалармен жүздесудің жөні бөлек екенін жеткізді. Сонымен қатар, рухани кештің негізгі мақсатын түсіндіріп, кеш «Шаттандым жырын оқып Әміренің», «Адалдықтан жаратылған», «Әміренің әлемі» атты бөлімдерден тұратынын айтты.

Айбоз ақын ұлттық руханият пен қоғам, адам құндылығы, жемқорлық турасында мәйекті әңгіме өрбітіп, өзінің өмірлік және шығармашылық жолынан сыр шертті.

– Жеті атадан жалғасқан адамгершілік жібін ешқашан үзіп алмаңдар, айналайын. Қазақта тексіз, негізсіз деген ең ауыр сөз бар. Әрбір саналы адам тегіне қиянат жасамауы керек. Сендер елдің ертеңгі болашағысыңдар. Болашақ жарқын болуы үшін адамға еңбек, білім, ізденіс керек. Ұлағатты ұстаздардың өнегесін көріп, биік белесті бағындыруға ұмтылу қажет. Ақылсыз адам еңбек етіп мандытпайды. Олардың ісі келте, жұмысы жеміссіз болмақ. Берекесіздікке бастайтын ондай әрекет оның отбасына, қоғамына, Отанға деген азаматтығына әсер етеді. Егер жақсы азамат боламын десеңіздер жас кезден өздеріңізді тәрбиелеңіздер. Мен интернатта оқып жүргенімде үлкен сыныптың балалары бізді күнде таңертең жүгіртетін. Оларға ренжіп, амалсыздан интернатты айнала жүгіретінбіз. Сөйтіп жүріп спорт қанымызға сіңіп кеткенін өзіміз де байқамай қалдық. Қазір де ертеңгісін жүгіремін. Әлі күнге дейін сол жүгірткен балаларға риза болып, алғыс айтамын, – дей келе, оқушылар үшін басты еңбек – білім алу керектігін  жеткізді.

Өмірден көптеген мысал келтіріп, іркес-тіркес тәмсілдермен әңгіме түйінін тарқатқан қайраткер балалық шаққа да саяхат жасап, ұшқан ұя тұрғысында әңгіме өрбітті.

– Әке-шеше бала деп өтеді ғұмырдан. Әкеден ерте қалдық. Анам інім екеумізді мәпелеп өсірді. Әлемдегі ең керемет ана, ең сұлу ана, ең ақылды ана менің анам секілді болып тұрады. Биік рухының алдында мәңгі қарыздармын. Қазақ үшін сөз қасиетті, киелі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаймыз. Анам басымнан сипап: «Менің Әмірем ақылды. Болашақта ұлым елін, жерін сүйетін, халқын ойлайтын, қадірлі азамат болады», – деп үнемі құлағыма құюшы еді. Ана тілегі қашанда қабыл болады. Бүгінде қолым қандай да бір жетістікке жетіп жатса бәрі-бәрі анамның арқасында келді деп есептеймін. Тәрбиеден кінәрат кетпеуі керек, – деген қаламгер оқушыларды ата-ана үмітін, ұстаздардың сенімін ақтап еңбектенуге, тәрбиелі болуға үндеді.

Мектеп оқушылары «Коммунизм жолы» газетінің редакторы болған Мәкен Өсербаеваның Әміре Әрін жайлы жазған естелігінің желісіне сүйене отырып, дайындаған көріністі көпшіліктің назарына ұсынды. Көріністе Қаратал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Гребенщиковтың нұсқауымен қазақтың кісі жерлеу рәсіміне қатысты интернационалдық бейіт болатыны туралы шешім шығарғаны көрсетілді. Көрініс желісінде редакция қызметкерлеріне молдалардың іс-әрекетін әшкерелейтін мақала жазуды тапсырғаны айтылды. Туған халқын бар жүрегімен сүйетін, ел қамын ойлауды бірінші орынға қойған азамат Әміре Әрін мұндай істі ешқашанда орындамайтынын кесіп айтып, қазаққа тән салт-дәстүр, әдеп-ғұрып қазақтай ел тұрғанда ешқашан өз құндылығын жоймайтынын алға тартады.

Міне, өз ойын ашық айтуды жас кезінен бойына сіңірген қайраткер елге кәтепті қара нардай адал қызмет етіп келеді. Бұл көріністен оқушылар ақынның азаматтығын, өз ойын дәлелдеп шығатын тұлғалық қасиетін байқады.

Ғажайып сырлар ақтарылып, өнегелі өсиет өріс тартқан рухани кеш барысында оқушылар Әміре Әрінге көңілдегі сауалдарын жол-дады. Періште пейілдерге риза болған ақын оқушылардың барлық сауалына жауап беріп, өмірдегі үш құндылық – еңбек, денсаулық, білім екендігін айрықша атап өтті.

Қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосып келе жатқан қаламгердің өлеңдерін 2-5-сынып оқушылары тебірене оқыды. Ақын жырлары жүректен шығып, жүрекке жеткендігін тамашалаған көрермен ыстық ықыласын білдірді. Ақынын ардақтаған елдің ұрпағы ретінде 4-сынып оқушысы Әсет Құрманжан қадірлі қонаққа арнап "Балбырауын" күйін шертті. Бастауыш сынып мұғалімі Лаура Арынова Ахмет Кендірбекұлының Әміре Әрінге арнаған арнау өлеңін нақышына келтіре оқып шықты. «Болашақта тілші боламын» деп алдына мақсат қойған 11-сынып оқушысы Арайлым Темірбекова «Жақсылығың өзіңе» атты аңыз-дастаннан үзінді оқып, көптің ризашылығына бөленді.

Оқушылардың шығармашылыққа деген ықыластарына разы болған ақын жас жеткіншектерге үнемі жақсылық жасап жүруді насихаттады.

– Жақсылық жасаңыздар, қайырын өздеріңіз көресіздер. Сол үшін елдің тек алғысын арқалауды ойлаңыздар. Қазақ қашанда ұлттық құндылықтарымен құнды. Сіздердей зерделі, білімді ұрпақ барда қазақ тілі ешқашанда өлмейді. Сіздер қазақты тек қазақ болып қана әлемге таныта аласыздар. Қазір әлем біздің қаршадай ғана Димаш баламыздың өнерін ғажап бағалап жатыр. Ол өзінің қазақы болмысымен, қазақты сүйетін жүрегімен, қазақты қадірлейтін адамгершілік қасиетімен әлемді мойындатты. Қазақ тілі әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойға дариды. Сол үшін қазақ тілін қадірлеу әрқайсымыздың міндетіміз, – деген Әміре ағамыз жастарды білімді, тәртіпті, өз Отанының патриоты болуға шақырды.

Әміре Әрін «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы берік ұстанады. Ақынның бір қыры – домбыра шерту, ән салу. Қаламгердің шығармашылығын көрсету үстінде ұйымдастырушылар ақыннан қонақкәде сұрады. Жеті қырлы, бір сырлы ақын батыстың мақамымен «Дариға» әнін әуелетті.

Ақынның өзі оқыған «Тіліме кіршік жуытпан» өлеңін оқушылар «Жетісу» газетінің YouTube арнасы түсірген бейнеүзік арқылы тамашалады. Оқушылардың өлеңге деген сүйіспеншілігін байқаған қаламгер аталған өлеңнің не үшін бес мың долларлық өлең деп аталуының себебін де түсіндіріп берді. Бірде кеңсеге рұқсат сұрай енген бір ана қызын жетелеген күйі ақынға алғысын жаудыра бастайды. Бұл Көксу ауданындағы Зылиха Тамшыбаева ауылының тұрғыны екен. Жүрек сөзін жеткізген ол: «Қызым облыстық байқауда сіздің өлеңді талдап, тебірене оқып, жеңімпаз атанды. Көп өтпей республикалық додаға барып, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің грантын ұтып алды. 5 мың долларлық грант-ты ұтпағанда бұл баламды оқытуға менде шама да жоқ еді. Сіздің осынау отты жырыңыздың, ақындығыңыздың шарапаты бізге де тигеніне шүкіршілік айтамын», – деп ақынға ризашылығын білдіріпті. Бұл енді қасиетті өлеңнің құдіреті болса керек-ті.

Рухани кештің соңында мектеп директоры Ләззат Кертаева алтын уақытын бөліп, тағылымды дүние айтып, жас өрендерге өнеге көрсетіп, ақыл-кеңесімен бөліскен ақынға мектеп ұжымы атынан алғыс айтты.

Әдемі де әсерлі кешті ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Гүлжан Нұрсалимова, Нұржан Қалиев, Дидар Тоқтарбайұлының еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Ұлағатты ұстаздардың өткізген кездесуінен оқушылар күш-қуат алып, тың ізденістерге ұмтылары сөзсіз. Мұғалімдер мен оқушылар ғибратты әңгіме, отты жырмен жан жадыратқан кеш кейіпкеріне ризашылықтарын жеткізіп, естелікке суретке түсті.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы