Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 23 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДА"

Уақыты: 12.03.2020
Оқылды: 1151
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалық етуімен селекторлық режимде білім саласының өткен жылғы қортындыларын саралап, биыл атқарылатын міндеттерді белгілеген кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова баяндама жасады.

Баяндамашының сөзіне жүгінсек, облысымыздағы білім сапасы 61,7 пайызды құраған. Бұл орайда Талдықорған қаласы, Райымбек, Ұйғыр, Көксу аудандары ең төменгі нәтиже, ал Іле, Алакөл аудандары ең жоғары сапаны көрсеткен. Білім сапасының төмен болуына тікелей әсер ететін бірнеше фактор бар. Оның бірі – мектептердің керекті педагог кадрмен қамтамасыз етілмеуі. Бүгінде облыс мектептерінде 460 педагог жетіспейді. Оның ішінде орыс тілі мен ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне деген сұраныс күрт өсуде. Одан кейін математика, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып, физика және химия пәндерінің мұғалімдерінің қажеттілігі артуда. Бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылуда.

– Білім сапасына әсер ететін тағы бір мәселе, мектепішілік бақылаудың әлсіз болуы. Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу бойынша төмендегідей олқылықтар орын алып отыр. Кейбір білім ошағының оқу-тәрбие жұмысына толық саралау жасалмаған, мектепішілік бақылау әлсіз. Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға мектеп басшысы тікелей әсер етуі тиіс. Алайда мектеп дамуын басқару тұрмақ, педагогтарға кәсіби қолдау көрсете алмай отырған басшылар да кездесуде. Облыста зейнеткерлік жаста мектеп басқарып жүрген 23 директор, ал он жылдан артық бір мектепте қызмет етіп отырған 100 басшы бар. Білім бөлімдерінің басшылары кадрлық резервпен мүлде жұмыс жүргізбейді. Осы орайда мектеп директорларын менеджмент негіздеріне оқыту «Табысты мектеп» жобасын іске асыру көзделуде, – деді Майгүл Тілеутайқызы.

Жиын барысында сөз алған облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дәния Қыдырбаева кейбір мектеп асханаларындағы тамақтың дәмсіздігі мен сапасыздығын сынға алып, қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыру қажеттігін алға тартты. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров мектеп директорларының үстінен арыз-шағымдардың көптеп түсетінін, білім ошақтарында жемқорлық пен ақша жинау мәселесінің әлі де өзекті болып тұрғанына тоқталды.

Алқаны қорытындылаған Батыржан Құлаймергенұлы балалардың алаңсыз оқуы үшін мемлекет тарапынан барша жағдайдың жасалып жатқанын айта келіп, білім басқармасына, аудан, қала әкімдеріне, білім бөлімінің басшыларына біршама тапсырма берді. Бұл орайда биыл білім сапасын 65,4 пайызға жеткізуді, бүлдіршіндерді қамту мәселесін бақылауда ұстауды, инвесторларды тарту арқылы жекеменшік мектептер салуды, аула клубтарын көбейтуді, қосымша білім беруді қамтамасыз етуді, үйірмелер мен секциялар жұмысын жандандыруды тапсырды. Білім басқармасына аталған тапсырмалардың орындалу барысын қадағалауды міндеттеді. 

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы