"ЖҮЙКЕ АУРУЫНА ШАЛДЫҒУЫ МҮМКІН": ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ЗИЯН БА?

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 1504
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді дүрліктірген пандемия қай салаға болмасын өзгеріс әкелді. Қазіргі уақытта еліміздегі білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Яғни, компьютер, смартфон, планшет және интернет желісі арқылы жаңа білім әдістері қолданысқа енгізілді. Қосымша оңтайландырылған білім платформалары пайда болды.

Карантин талаптары енгізіліп, оқу форматы онлайн режимге көшкеннен кейін қолданушылар екі тарапқа бөлінді. Бірі қашықтықтан оқыту тиімділігін тізбектесе, екіншісі жаман жағынан басқаны көрмейді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді екі түрлі пікірдің айтылуы – заңдылық.

Баласына жаны ашыған әр ата-ана өз кезегінде көмек қолын созуы тиіс. Тапсырманың уақытылы орындалып, бааның сабақ платформасына кедергісіз кіруіне мүмкіндік жасауы керек. Тіпті, қазіргі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығы кезінде балаңның жаныңда отырып оқығаны да жүрегіңе тыныштық ұялатады. Ата-ана мен бала арасында байланыс орнап, мұғалім жүгінің ауырлығын сезіндік.

Десе де, баланың сапалы білім алып, қатарластарынан қалыспай оқуына зиянын тигізіп жатқандай. Одан қалса, денсаулығы да нашарлайды. Біріншіден, интернет жоқ болған жағдайда немесе жарық өшкен жағдайда сабақтан қалу тіркеледі. Сонымен қатар, ұзақ уақыт смартфонды пайдаланғаннан көзі нашарлап, жүйке ауруларына шалдығуы әсте мүмкін. Ең қиыны – сөйлесіп, жарыса сабақ айтып, орындайтын қатарластырының экранның ар жағында болуы. Мұның барлығы бүгін болмаса да, әйтеуір бір әсерін берері сөзсіз.

Қорыта келе айтарым, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін өте жоғары. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, білімдерін онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шындауга зор мүмкіндік алады.

Арайлым ӘЛІМЖАНОВА

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан