ЖЕТІСУДА ЕЛІН ЖАУДАН ҚОРҒАҒАН ТАҒЫ БІР БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 06.11.2020
Оқылды: 1800
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аққайнар ауылында Жанай батырдың ескерткіші ашылды. Еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығы жолында көк сүңгіні қолынан қартайғанша тастамаған тарихи тұлғаға құрмет көрсетудің жарқын шарасына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, батырдың бүгінгі ұрпақтарының бірі Серік ҮМБЕТОВ арнайы келіп қатысты.

Жанай батырдың ескерткіш-бюсті ауылда өткен жылы ашылған Ардагерлер саябағының қақ ортасына орнатылды. Ескерткіш түбінде жерлестеріне сөз арнаған Серік Әбікенұлы тарих тұңғиығынан сыр қозғап, батыр бабаның көрсеткен көзсіз ерлігін еске салды. Сонау Есім ханның кезінде осы Суықтөбе аймағынан жасақталған қолды бастап, туын көтерген Жанай батырдың ханға тіреу болғанын, талай жекпе-жекте жауын аттан түсіргенін атап өтті. Ұлт тарихын ұлықтауда көне шежіренің сырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – көзі ашық, көкірегі ояу әрбір аға буын өкілінің абыройлы міндеті екеніне тоқталды. «Бабаға лайықты құрмет көрсете алдық па?» деген ой кейінгі уақытта өзін жиі мазалап жүргенін айтты.

Сөйтіп, Ту көтеріп, қол бастаған Жанай батырды мәңгі есте қалдырудың бір шарасы орындалды. Бұған аққайнарлықтар шын қуанды. Олар Серік Үмбетов және басқа да азаматтарға шынайы ризалықтарын білдірді. Көне заманда талайлар суын ішіп, атын суарған қасиетті Аққайнардың өткенінен шежіре тарқатылып, ерлік пен елдіктен тағылымды ойлар қозғалды. Бұл орайда ауыл ақсақалдары Бердіқұл Құрманғалиев пен Тұрар Нүсіпов, аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы, осы ауылдың түлегі Рәтбек Терлікбаев лебіз білдірді. Ауыл қариясы Ертарғын Қарсақбаев көпшілікке бата беріп,  Қамбархан Үмбетов пен Бақберген Шалабаев ақсақалдар ескерткіштің ашылу рәсімін орындады.

Жанай Шонайұлы 1536 жылы туған. Ол Хақназар ханнан (1537-1580) бастап, Тәуекел хан мен Есім ханның тұсында қол бастап, туды қолынан жарты ғасырға жуық түсірмеген Шапырашты батырларының атасы. Біріккен Шапырашты-Дулат қолын бастап талай майданға түсіп, жеңіс туын желбіреткені тарихтан мәлім. «Қазақтың Қарасай батыры» атанған Қарасай Алтынайұлын жастайынан ұрыс тәсілдеріне баулыған ұстазы. Кейін жетпістен асқан шағында қолындағы туды жас батыр Қарасайға үлкен сенім артып тапсырған. Жанай Шонайұлы туралы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты жазбасында нақты деректер келтірілген. Онда ол орта бойлы ғана, қабағы адам бетіне тура қарай алмайтындай түксиген адам екені, қару-жарақсыз жүрмейтіні, үйінде отырғанда да жанында қылыш, белінде сапысы болатыны суреттелген.

Жауға шапса айы туған оңынан,

Қаһарланса жер жібіген тоңынан.

Шапырашты «Бөрі байрақ» Көк Туын

Жанай батыр түсірмеген қолынан, – деп өткен ғасырда ақын Қожабек Ахметұлы өзінің «Шапырашты ұлысы туралы деректер» деген поэмасында жыр арнаған.

Батырдың ерлігімен қоса ізгі қасиеттері ел аузында жақсы сақталған. Әсіресе, Аққайнар ауылындағы қазіргі ұрпағы баба есімін мақтан тұтады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Аққайнар ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы