ГРАНТ ҰТЫП, ТІС ЕМХАНАСЫН АШТЫ

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 2241
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу облысының 750-ге жуық тұрғыны «Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту» жобасы бойынша өтеусіз грантқа ие болып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Олар өз кәсібін ашып қана қоймай, облыстың өзге тұрғындарын да тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін дөңгелентіп отырғандардың бірі – Текелі қаласының тұрғыны, 1-топтағы мүгедек Мэлс Мұратбеков. 


Мэлстің медицина саласында 10 жылдық жұмыс өтілі бар. Ол бұрын да тіс емдейтін. Алайда, денсаулығына байланысты оны жабуға мәжбүр болады. Енді міне, араға 4 жыл салып, мемлекеттен 1 225 200 теңге грант иеленіп, қажетті құрал-жабдық  алып, кәсібін жаңадан бастады. Өткен жаздың аяғынан ол қайтадан стоматологиялық қызмет көрсетеді.

 – Менің мамандығым стоматолог-ортопед. Осы салада 1990 жылдардың басынан еңбек етіп келемін. Гранттың арқасында керамика күйдіретін тіс вакуумды электр пешін сатып алдым. Бұл металл керамикалық тістерді жасау үшін қажет. Мемлекеттік бағдарлама туралы әлеуметтік желіден біліп, қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, қажетті кеңес алдым. Айтайын дегенім, өтеусіз грант – бұл жақсы мемлекеттік қолдау, өйткені несие алуға кез келген адамның мүмкіндігі бола бермейді, ал несиелік қаражатты, тіпті пайызбен өтеу өз ісін енді бастап жатқандар үшін өте қиын, – деді кәсіпкер.

Жаңадан бастаған кәсіпкердің айтуынша, стоматологиясының басты қағидасы – қолжетімді баға. Мұнда терапевтік және ортопедиялық қызмет көрсетіледі.

– Текелі тұрғындары көп табыс таппайды. Сондықтан біз ұсынатын қызметтер барынша қолжетімді болуы өте маңызды. Өз тәжірибеме сүйене отырып, диагностикадан бастап қажетті емге дейінгі процесті толығымен бақылаймын. Бізде жақсы команда, тұрақты клиенттеріміз де бар. Тіс емханасында 4 адам жұмыс істейміз. Жас мамандар да бар. Қандай жағдайда да жұмыс істеймін десең, мүмкіндік туады, ең бастысы – тілек пен ерік-жігер, – дейді Мэлс Мұратбеков.

Текелі қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жасұлан Қапаловтың айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 21 өтініш қабылданып, жалпы сомасы 25 725 000 теңгеге өтеусіз гранттар бөлінген. Оның ішінде 10 грантты халықтың әлеуметтік осал топтағы өкілдері, 10-ын жастар алды. Іске асырылған жобалардың қатарында сұлулық салоны, стоматология, балалар массаж орталығы, автоэлектрик сынды қызметтер бар.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Текелі қаласы