Меринос қойдың еті дәмді әрі тығыз: «Тұқымын аламын дегендерге сатып тұрамын»

Уақыты: 06.04.2023
Оқылды: 1213
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мал шаруашылығымен тіршілігі жанданған қазақтың көктем шықса болды «Қой қоздап, қорада шу...» деп келетін сөзі құлақта жаңғырады. Әдетте көктемгі мал төлдету маусымында бұл тіркестің мәні ерекше жылы естіледі. Төрт түлік төлі көбейіп, мал басының артуы құт-берекенің бастауы деп бағамдайтынымыз да ақиқат. 

Бүгінде шоқысы мен беткейі, сайы мен бауыры манатқа малынған Шаған тауындағы шаруалар да мал төлдету қамымен жүр. Киелі Көксу ауданына қарасты Қабылиса ауылдық округіндегі 76 шаруа қожалықта төлдің үні аспандап жатқанын көзбен көріп қайттық.

Біз арнайы сапармен барған «Сарыой» шаруа қожалығында да Шопаната төлі шаруа баққан азаматтың көңілін орнықтырған.

– Биылғы қыстың кәрін айтпаса да білесіздер. Қаншалықты қиын тисе де  көктемге есендікпен жеттік. Мал төлдету маусымының жалпы нәтижесі қыстың жайлы-жайсыздығына байланысты болады десек те біз әр 100 саулыққа шаққанда қозы есебі 90-нан айналады деп болжаудамыз, – дейді «Сарыой» шаруа қожалығының иесі Ерден Бейсенов.

Сонау 1996 жылы құрылған бұл қожалықтың бүгінде шаруасы шалқып тұр. Қыстау орнында 650 бас меринос қой төлдеп жатыр. Мұның сыртында кәрі малды ауыстыратын 150 бас тоқты-торпақ бар. Бұл жайлы айтқан қожалық иесі жайылымның көлеміне байланысты асыл тұқымды қойдың санын арттыруды көздемейтінін, осы есепті сақтауды мақсат тұтқанын жеткізді. Аталмыш шаруа қожалықтан тұқым алып, қойын асылдандырғысы келетіндер де баршылық екен. Сонымен қатар, 4 түліктің ірі қара, жылқы түрін де өсіріп, баптап келе жатқан бұл қожалық жылдың 4 мезгілінде көктеу, жайлау, күзеу, қыстауға көшіп, ата-баба өмір салтын ұстанып келеді. 

– Қожалыққа тиесілі 98 гектар егіс алқабына арпа өсіріп, оны тек мал азығы ретінде қамбаға жинаймыз. Қырдың, беткейдің қау шөбін жаз, күз мезгілінде шауып аламыз. Меринос қойдың еті дәмді әрі тығыз болатындықтан сұраныс көп. Тұқымын алып, өсіремін дегендерге де ризашылықпен сатып тұрамын. Негізінен тіл үйірер етті түлікті о бастан саналы түрде өсірудеміз, – дейді қожалық иесі.

Қазақы жабының 350 басы төскейінде кісінеген аталмыш қожалықта 8 адам жұмыс істейді. Түлік бағып тіршілік жалғаған бақташылардың бәрі шай-тұз бен көже-қатық есебінен тыс 200 мың теңгеден астам жалақы алып, отбасын асырап отыр. 

Айта кетерлігі, Көксу ауданы бойынша қой-ешкінің саны 170 мың басты құрайды. Оның 90 мыңнан астамы аналық. Бүгінге дейін мал төлдету науқаны бойынша 90%-ға жуығы төлдеп болған. Өңірде әр 100 саулықтан 90-нан қозы-лақ алу межеленіп отыр.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы