Немістер өндірген тұқымның жаңа түрі алғаш рет себілуде

Уақыты: 11.04.2023
Оқылды: 1005
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу жерінде қызылша егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданындағы «Дүйсембінов» шаруа қожалығында болып, алқаптағы қызу тірлікті көріп, жоба-жоспарларын талқыға салды.

«Дүйсембінов» шаруа қожалығының қызылша егумен айналысып келе жатқанына 5 жыл болды. Былтыр 270 гектардан 22 мың центнер тәтті түбір алды. Биыл егіс аумағын 55 гектарға ұлғайтып, әр гектардан  800 центнер  өнім алуды көздеп отыр. Топырақты тыңайту жұмысына ерекше мән берген.   

– Немістер өндірген тұқымның жаңа түрін биыл алғаш рет қолдана бастадық. Ауа райы қолайлы болса,  10 күнде өніп шығады. Бұл тұқымдардың шығымы жақсы. Бірақ жақсы өнімге қол жеткізу үшін техникамен ғана емес, жермен де жұмыс істеу керек. Талдау жасап, қандай тыңайтқыштар керек екенін анықтап, соған қарай жұмыс істейміз.  Егіс жұмыстарын 3 сәуірде бастадық, қазір 150 гектар жерге сеуіп болдық. Заманауи техниканы пайдаланып отырмыз, олардың арасында пневматикалық сепкішіміз де бар. Онда барлық процесс автоматтандырылған. Тұқым тереңдігі 2,5 см. аралық қашықтығы 15 см. болатын ретпен себіледі, – дейді шаруа қожалығының иесі  А. Дүйсембінов.

Егістік алқабындағы жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі биыл өңірде қызылша себу екі есе мөлшерінде артатынын айтты:

– Өткен жылы қызылша алқабы 4,2 мың гектар болса, биыл оның көлемі 8,1 мың гектарға жетеді. Соған сәйкес өнім көлемі де екі есе болмақ. Бүгін «Дүйсембінов» шаруа қожалығында болып, егістік жұмыстарының барысын көрдім. Бұл – облыста қызылша өсірумен ұзақ уақыттан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі шаруашылықтың бірі. Қазір мұнда барлық агротехнологияны сақтай отырып, қант қызылшасы себіліп жатыр. Облыста Ақсу және Көксу қант зауыттары бар екенін білесіздер. Шамамен 40-45 мың тонна қант аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұған қоса екі зауытта да қант құрағы өңделеді, – дейді облыс басшысы.

Ескелді ауданында қант қызылшасын өсірумен   70-ке жуық шаруа қожалығы айналысады. Өткен жылы егіс алқабы бір жарым мың гектардан асып, 100 мың тоннадай өнім алынған болатын. Ал биыл аудандағы қызылша алқабы екі мың гектарға өсті. Жалпы Жетісу облысы бойынша қант қызылшасы 8,1 мың гектарды құрамақ.

Серік ҚАНТАЙ