Көлігіңізді қуаттап алыңыз

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 896
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорған қаласында электромобильдерге арналған стансылар қызмет көрсете бастады.

Бұл жұмысты 5 жылдан аса уақыт кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Талдықорған қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Екатерина Молдахметова қолға алды. Ол алдымен «Даму» қоры арқылы несие алып, отбасылық алғашқы дәмханасын ашқан еді. Ал өткен жылы экологияны сақтауға үлес қосып, электромобильдерге арналған алғашқы қуаттағыш стансысын іске қосты.

Екатерина Молдахметова бұл идеяның белгілі блогерлермен әңгімелесу кезінде пайда болғанын және оның экологияны сақтауға ықпал ететінін айтты. Кәсіпкер әйел бірінші қуаттағыш  стансысына 2 миллион теңге жұмсапты, оның қуаты 20 кВт. сағатты құрайды, бұл автокөлікті 3-4 сағат ішінде толық зарядтауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл үдеріс үй жағдайында түні бойы жалғасады.

Кейіннен қалада қуаты  80 кВт. сағат электр көліктеріне арналған екінші стансы іске қосылды. Бұл автокөлікті 1 сағат ішінде толық зарядтауға мүмкіндік береді. Кәсіпкер келіншектің айтуынша, стансы қызметіне сұраныс біртіндеп артып келеді. Бұл қызмет әсіресе туристер арасында ерекше сұранысқа ие. Қалада қазір электромобильдердің саны артқан.

– Мен бастапқы кезде электромобиль сатып алғаныма біраз күмән келтірдім. Ал қазір оған өкінбеймін. Өйткені, қалада электрлі көлікті тез зарядтайтын құрылғылар бар. Қазірдің өзінде 2 стансы жұмыс істейді. Мен оған қуанамын, – дейді өз ойымен бөліскен автомобиль иесі  Даниал Рахимов.

Ал жүргізушілердің сөзінше, облыс орталығында қаланың ақылды әрі жайлы болуы үшін барынша жағдай жасалуда. Бұған кәсіпкерлер де үлес қосып жатыр. Осындай істі табысты жүзеге асырған Екатерина Молдахметова өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауын сезінгенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол кәсіпкерлер палатасында түрлі тренинг, кездесу өткізілетінін және онда пайдалы ақпарат алуға болатынын, мұнымен тоқтап қалмай, қазір ол тағы бір жаңа ойды табысты іске асыру үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын бизнес тағылымдамадан өту мүмкіндігін пайдалануды ұйғарып отырғанын және ол «Іскерлік байланыстар» бағдарламасына қатысқысы келетінін, оған құжаттар тапсырып, бүгінде іріктеу жүріп жатқанын сөз етті. Сонымен бірге бұл бағдарлама елдегі шағын және орта бизнес жетекшілеріне Германия нарығымен танысуға, іскерлік байланыс орнатуға және неміс компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы
Фото: dzen.ru