Жазда шаруа, қыста таксист

Уақыты: 14.03.2024
Оқылды: 1383
Бөлім: ОН САУСАҚ

Такси қызметін жиі пайдаланамыз. Кезекті бір шақыруымызға келген елуді еңсерген жігіт ағасымен әңгімеміз жараса кетті. 

– Бұл кәсіппен шұғылданғаныңызға көп болды ма?– дейміз біз. 

– Мен тек қыста бір-екі ай ғана таксист боламын.

– Неге?

– Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін қожалықта жұмыс атқарамын. Мамандығым – механизатор. 

Біз жыл он екі ай бойы шаруадан қолы босамайтын бейтаныстың әңгімесіне қызыға ден қойдық. Ол бәзбіреулер сияқты «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыратындардың сапынан емес екен. 

Аманбөктер ауылдық округіне қарасты Баянбайда туып-өсіп, балалық, жастық шағы сонда өткен. Әкесі Қалқаман кеңестік шаруашылықтың белді механизаторы болыпты. Жастайынан темір-терсекке үйір болған Жәнібек 9-10 жасынан жаз айларында әкесіне қолғабыс етіп, күн ұзақ уақытын шөп тіркемесінің үстінде өткерген көрінеді. 

– 1985 жылы 16 жасымда дербес тракторға ие болдым, – деп өткенді еске алды Жәнібек Мұхамеджанов.  – Оның алдында 8-сыныптан кейін отбасына тірек болу үшін оқуды тоқтатқанмын. 

Осылай өмір мектебінің дәрістерін ертерек оқыған Жәнібек 18-ге толғанда әскерге шақырылады. Азаматтық борышын Мәскеуде құрылысшылар батальонында өткізіп, елге шыңдалып оралған азамат үйреншікті жұмысына кіріседі. Тракторыңызды тізгіндеп, комбайн рөліне де отырады. Кейіннен кеңестік шаруашылықтар таратылғанда әркім өз үлесін алып, таулы өңірдің санмың жақпар тастарындай ірілі-ұсақты қожалықтар бой көтергені белгілі. Көбі қанатын кеңге жая алмады, нарық заңының талаптарына жауап бере алатындары ғана бүгінгі күнге жетті. 

Жылдар бойы Жәнібек бір ғана қожалықта еңбек етіп келеді. Қамбарбек Сайранбековтың жетекшілігіндегі «Агро-Сайранбек» серіктестігіндегі білікті механизаторлар сапында алты ай жаз еңбек етіп, несібесін айырады. 

– Қазіргі заманғы тракторлар мен комбайндардың сырты ғана көз тартып қоймайды. Еңбек өнімділігі де ересен,– дейді жазда шаруа, қыста таксист болған Жәнібек Мұхамеджанов.

Ер еңбекте шыңдалады. Бос уақыты жоққа тән Жәнібектің зайыбы Сайрагүл де, 4 баласы да еңбекпен етене қайнасқан жандар. Бұл күндері 2 қызы тұрмыс құрып, кейінгі 2 ұлы ержетіп келеді. 

Жақсылық  ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы
Фото: vk.com