Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТАҢНАН КЕШКЕ ДЕЙІН АЛҚАПТАМЫЗ": ҚЫЗЫЛШАШЫЛАР БИЫЛҒЫ ЖОСПАРЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 24.09.2019
Оқылды: 619

Бақтыбай ауылдық округіне қарасты «Арапхан» шаруа қожалығы қызу еңбек үстінде. «Таңнан кешке дейін алқаптамыз», – дейді қожалық жетекшісі Арапхан Азанбеков.

Шаруашылық жетекшісінің жерден нәпақасын тауып келе жатқанына 20 жылдан асты. «Егіншілік оңай жұмыс емес» деп сөзін бастаған А.Азанбеков:

– Алқаптағы жұмыс – күнделікті, бірқалыпты болғанымен, ауа райына, тұқым сапасы мен техникаға да байланысты. Биылғы жаз ыстық және қуаң болды. Ал жаңбырсыз тәтті түбір өспейді. Қиыншылықтарға қарамастан, өнім бар. Шамамен әр гектарына 400 центнер өнім алуды жоспарлар отырмыз. Тәулігіне 10 гектар алқаптан өнім жинауға қуаттылығы жететін «Franz Kleine» комбаины көп көмектеседі. Ол жерден тамырды оңтайлы жиілікпен қазуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тасымалдау жұмыстарына арналған 3 КАМАЗ бар, – деді.

А.Азанбеков соя, күнбағыс, жоңышқа да өсіреді. Оның айтуынша, еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады. Сондықтан, ол кез келген іске білек сыбана кіріседі. Жер Анамен ортақ тіл тапқан ол 20 жыл ішінде топырақты дұрыс өңдеу және өсімдіктің кез келген түрін дұрыс күтудің қыр-сырын меңгерді.

Ауылдық округтегі отыздан астам шаруа қожалығы 735 гектарға тәтті түбір отырғызды. Ал, аудан бойынша биыл 2900 гектар алқаптан 545 центнер өнім алу көзделіп отыр.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото – Аслан ҚАЖЕКЕ

Ескелді ауданы