Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"СЕНДЕРДІҢ АРҚАЛАРЫҢ": СЕКСЕН ЖАСТАҒЫ ФЕРМЕР ӘЛІ АТЫНАН ТҮСКЕН ЖОҚ

Уақыты: 22.10.2019
Оқылды: 235

Ол таң сыз бере бастағаннан-ақ оянады. Бұл – қанына сіңіп кеткен әдет. Азамат болып ат жалын тартып мініп, ел кәдесіне жарай бастаған шақтан осылай. Оның бұл мінезіне зайыбы Ләтипа да үйреніп кеткен. Ерте тұрған ер күнделікті ісіне сергек араласады. Бар шаруасын пайымдайды. Сөз етіп отырған Әріп ағаның жадырай шығып келе жатқан күннің арайына бір қарап қойып, Жалаңаштың жазиралы, бетегелі белдеріне, жасыл шыршаларына көз тастап қоятын қашанғы әдеті. Тіпті, күн сайын айналасын бір түгендеп қоймаса, көңілі көншімейтін секілді.

Әріп аға дүниеге келген Арал өңірі, Жалаңаш жері екінші Швейцария іспеттес. Сол үшін де Әріп аға туған мекенін жүрегінде сақтайды. Сексен жылдық ғұмырында жан-жүрегіне сондайлық ыстық мекенінен сәл ғана алыстаса құшағына асығады. Ауылының көгіне қарай көлбеп жатқан көк түтінін көргенде, ел-жұртының ошағында оты жанып, қазаны қайнап тұрғанын сезінгенде жанын жайландырады.

– Ләтипа, шайың дайын ба? Кеше келген газет­терді бір шолып шықтым. Алпыс жылға тарта уақыттан бері сыралғы серігім бо­лып кеткен «Еге­мен Қазақстан» мен «Жетісуда» оқитын дүниелер жетерлік екен, – деді Әріп аға дастарқан басына қарай бет алып.

Өмірлік серігі, шаңырақ көтергендеріне 56 жыл болған аяулы жары Ләтипа апайымыз еңбек жолын кітапханашы болып бастаған. Жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы жары халық ықыласына бөленді. Ел алғысын арқалады. Өмір бойы ешкімге қабақ шытпай, артық сөз айтпай, қонақжай, ақжарқын қалпымен келеді. Әріп аға сексен жас ғұмырында неше ферма, шаруашылық басшысы болып, жауапты қызмет атқарды. Қай қызметте, қай жерде болмасын әр кез жанынан аяулы жары табылатын. Мынау жарық дүниеге 4 қыз, 3 ұлын әкеліп, ақ бесігін тербетіп, ақ сүтімен өсіріп, тәрбиеледі.

– Шайыңды бағана дайындап қойғанмын. Мынау түннен қалған тамақ еді. Оны да жылытып әкелдім. Жол жүресің. Қарның тоқ болсын, отағасы, – деп Ләтипадай ана жылы жымиып қойды.

– Саматты шақырып қойшы. Көлікті сыртқа шығарып, дайындай берсін. Шаруа жақты бір көріп қайтпасам көңілім көншімей тұр, – деді Әріп аға зайыбының қызыл күрең қою шайын асықпай ішіп.

Күн көтеріле жолға шыққан олар Тоғызбұлақ, Ағанас өңіріне қарай бет алды. Рас, биылғы жаз диқан қауымға жайлы болды. Көктемі ерте шығатын Жалаңаш өңірінде орақ науқаны да сәтімен аяқталды. Мал азығын дайындау науқаны да осындай жағдайда. Бүгінде сексенге келген ауыл қариясы  Жалаңаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, өңірдегі «Дархан-А» шаруа қожалығының жетекшісі, бір сөзбен айтқанда, сексендегі фермер Әріп Сыбанбаев ағамыз жалпы аудандағы ең іргелі, мақтаулы, алдыңғы қатарлы қожалықты басқарады.

Жалпы 1500 гектар жері бар. Соның 900 гектар алқабына жыл сайын жаздық бидай мен арпа өсіріледі. «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жүргізеді. Асыл тұқымды «Әулиекөл» ірі қарасының бұқасы бар. 60 ірі қара болса, соның тең жартысы аналық. Оның сыртында асыл тұқымды қаймағы бұзылмаған 1200 бас «Арқар-меринос» қойы өсірілуде. Қыстау  жайлары бар.

Өз шаруаларын жақсы білетін, істеріне тындырымды азаматтарға жалпы алғыстан басқа айтары жоқ. Үш малшы, үш күзетші, механизатор маманы бар, жалпы 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл іргелі қожалықтың жап-жақсы отбасының берекесін кіргізіп отырғанын көрсетеді.

– Қырманның жұмысы ретті. Бәрі дұрыс. Шамалы күнде барлық жұмысты бітіретін боламыз, – деді қырманның меңгерушісі Ернат Орынтаевтай азамат ағасының қолын қос қолдай ұстап.

– Бәрекелді! Шүкір, биылғы жылға өкпеміз жоқ шығар, жігіттер. Қамбамыз дәнге, шаңырағымыз әнге тола берсін! Тілеуі жақсы ел мен жұрттан айналайық! Дәйім қолдарың қуатты болсын! Бәрі сендердің арқаларың, – деп Әріп аға ризашылығын білдіре, қойманың ішіндегі астықтың жайын білді.

Рас, биылғы жыл Әріп ағамыз басқаратын «Дархан-А» шаруа қожалығы үшін жаман болған жоқ. Алтын орақ науқаны сәтті аяқталды. 450 гектар жаздық бидай мен 250 гектар жаздық арпаның әр гектарынан 18 центнерден жоғары өнім жиналды. Қойма дәнге тола түсті.

Бұл өз тұсындағы жұмысы дәйім қайнап жататын шаруашылықтарды көз алдыға келтіреді. Шын мәнінде, «Дархан-А» шаруа қожалығы – шаруасы мығым, еңбегі жанып, табысы артып, берекесі кіріп, тасы өрге қарай домалап келе жатқан өңірдегі шағын шаруашылық.

Тумысынан ұлтымыздың еңселі, сом денелі, кең жауырынды, білекті де жүректі, ел мен жерін қорғар ер- азаматтарын көз алдымызға келтіретін Әріп аға шын мәнінде тауларындай асқақ. Жасыл шыршаларындай көркем. Қырмызы гүлдеріндей ажарлы. Міне, осы қалпымен сексен жасына сергек келген жайы бар. Сексенге келді дегеніңіздің аты болмаса, сергек, тың, қажырлы қалпы. Әлі де атынан түскен жоқ. Шаруасының басы-қасында.

Әріп ағаның мәнді де мағыналы ғұмыры жайлы сыр шертер болсақ, өткен ғасырдың бас кезінде әкесі Сыбанбай Есбаев, Тұяқ баласы Өскенбай, Сыбанқұл бастаған 20-30 отбасы Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе деген жерден дәл осы Жалаңаш өңіріне, Арал деген жерге қоныстанған екен. Әріп Сыбанбаев 1939 жылы дәл осы Аралда дүниеге келген. Кішкентай кезінен малды ауылдың ісіне үйірсек, еті тірі, сергек те сезімтал Әріп Жалаңаш ауылындағы Жалаңаш қазақ орта мектебін бітіріп шыққан соң бірер жыл бұзау бағып, ат арбамен сүт тасыған. Мектептен алған білімімен-ақ Жайдақбұлақ фермасында есепші болып еңбек етті. Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын еңбектен қол үзбей жүріп аяқтаған соң ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып жауапты қызметтер атқарады. Көп ұзамай Кеген ауданындағы Қарқара ет-сүт совхозының бас зоотехнигі әрі шаруашылық директорының орынбасары болды. Он жылдай Алғабас жылқы зауытының директоры болып жемісті жұмыс істеді. «Тоғызбұлақ» колхозының басқарма төрағасы болып еңбек етті.

Жастайынан еңбекті серік еткен, адал тіршілігімен өз игілігін құраған, қал-қадірінше елінің көшін бастап, жүгін өрге сүйреген Әріп ағамыз туралы айтылар сыр көп. Артына із қалдырған аға. Құрметі мен Жіңішке шағын елді мекендеріне 8 жылдық мектеп салдыруға негіз болды. Шелек өзенінің бойындағы жолды салғызды. Жайдақбұлақ ауылынан 8 жылдық мектеп пен ауыл клубын салғызу үшін жұмыс істеді.

Әріп аға сексен жылдық ғұмырында іске араласа бастаған уақыттан бастап еткен ерен еңбектері үшін орден, бірнеше мерекелік медальмен марапатталған. Кеген ауданының Құрметті азаматы. Жәмила, Есенғали, Сәбира, Фарида, Дархан, Есжан, Жазира секілді күндері мен гүлдері ел қажетіне жараған. Олардан 17 немере мен 3 шөбере сүйіп, қызықтарына, балдан тәтті қылықтарына тоймай жүрген жайлары бар.

Кейіпкерімізді бүкіл Жалаңаш өңірі, аудан халқы жақсы таниды. Сыйласы мен сырласы көп. Досы жетіп, артылады. Солардың ортасында, жылы құшағында сексенге келу де  бір бақыт. Қазаныңыз оттан, өзіңіз аттан түспеңіз, аға. Біз соны тілейміз!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы